Мен де осы ақпарат дүрбелеңінде қалып қойғанымды жоққа шығармаймын. Дүрбелең сондай: адамдар мемлекет пен…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Мен де осы ақпарат дүрбелеңінде қалып қойғанымды жоққа шығармаймын. Дүрбелең сондай: адамдар мемлекет пен басшыларына күдікпен қарайды, үкімет жүйесіндегілердің де санасы күмәнге толады, халық пен билік арасында жар пайда болып, екі тарап бір-біріне қорқыныш пен күдікпен қарайды.
Бұл жағдай былай көрініс табады: мемлекетке қарсы шығушылар, басшыларды сынаушылар батыр ретінде көрінеді, оларға ақиқаттың туын ұстаушы деп қарайды, олар да солаймыз деп ойлайды; мемлекетті жақтаушылар сатқын деп бағаланады, жағымпаз деп сипатталады.
Бұл өте үлкен фитна. Тек ақылы сау адам ғана оның мәнін айқын түсінеді.
Мәселе мынада, мен де сондай «батырлар» қатарында едім. Менен «батыр» жасаған топтар бар еді. Мойныма осы «батырлық» мәртебесін сақтау сезімі де жүктелген еді, әрине. Бірақ бұл «батырлық» мәртебесінен Құдайдың Өзі құтқарды. Өте көп жақсы адамдар бірігіп мен үшін алаңдады. Олар шынайы жағдайды түсіндіруге көп тырысты, өз бетімше ойлауым үшін, түсінуім үшін дұға етті. Олар ең алдымен ата-анам, ұстаздарым, достарым және, әрине, құрметті президентіміз Шавкат Мирзиёев. Өйткені 2020 жылы, 27 тамызда түрмеден шығуым тікелей Ел басшысының жарлығымен болды. Енді сол кісі жайлы оң пікір айтуымды кейбіреулер әлдебір сатқындық, әлдебір өз ұстанымына қарсы шығу деп түсіндірді.
Жеке басыма үлкен шабуылдар ұйымдастырылды.
Рас, бұл шабуылдар қатты болды. Өйткені бұл бір соғыс еді. Ал соғыс оңай өтпейді.
Уақыт өте келе жақсылардың демеуі, ұстаздардың дұғасы мен ақыл-кеңестерімен көз алдымнан перделер көтерілді. Таңдаған жолымның қате емес, дұрыс жол екенін көрдім. Оқиғалардың мәнін түсіндім. Аллаға хамд айттым. Мемлекетті қолдау, Ел басшысының жағында тұру, оны игі істерге шабыттандыру, жақсы істері үшін алғыс айту, рухани демеу болу барлығы үшін пайдалы екені анық әрі айқын көрінді.
Бүгін 880 беттен тұратын салмақты кітапты басып шығару мәртебесін маған Раббым нәсіп етті. Бұл — хазіретім Әлішер Науаидың «Хайрат ул-абрар» кітабына жазған түсіндірмем. Оған қарап, осы іске мүмкіндік берген Раббыма шүкір қылдым және бұл іс үшін тікелей жағдай жасаған Ел басшыма рахмет айтуым керек екенін сездім. Ол кісі отбасымызға жақсылық жасады, маған жақсылық жасады. Оның Жаңа Өзбекстан, Үшінші Ренессанс идеяларына сенемін. Хазіретім Әлішер Науаидың мұрасы осы ауқымды реформалардың рухани іргетасы болып қызмет ететініне мүлде сенімдімін.
Құрметті Президент!
Сізге алғысымды білдіремін. Мен, пақырыңыз, ілім арқылы халқымызға қызмет етуді қалаймын. Адамдарымыздың рухын нұрландыру, оларды жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару ілім иелерінің басты міндеті деп білемін. Бәлкім, Раббым осы мәртебеге мендей жаралы құлын жеткізсе екен деп үміттенемін. «Хайрат ул-абрар» түсіндірмесін Сізге жеке қолтаңбаммен сыйға тартуды ниет етіп отырмын. Осымен маған білдірген сеніміңіздің бекер кетпегенін аз да болса көрсеткім келеді.
Пақырыңызға не лауазым, не мансап керек емес. Жай ғана ата-бабаларымыздың қасиетті қолжазбаларын оқып, халқымызға жеткізуді, жастарға оқытуды армандаймын. Меніңше, Сіздің басшылығыңызбен бұл арманыма жетемін, иншаАлла.
Құрметті Ел басшысы!
Сізге бұл кітапты сыйға тартқым келіп қана қоймай, Сізді оның тұсаукесеріне шақырғым келеді. Өйткені бұл — хазіретім Әлішер Науаи және бұл — «Хайрат ул-абрар». Салтанатты ой мұрасы. Сіздің келуіңіз ұлы ойшылға деген теңдесі жоқ құрметтің символы болып қалады.
Пенде қателіктен ада емес. Түсіндірмеде жіберілген барлық кемшіліктер әлсіздігімнен. Бұл қателіктерге кітап оқырмандары, ұстаздар, ғалымдар кешірім көзімен қарайды деп үміттенемін. Құдайым бұл кемшіліктерімді мағфиретімен кешіреді және оларды түзетіп отыруымды нәсіп етеді деп көз тігемін...
Шынайылықпен Акром Малик,
21 желтоқсан, 2024 жыл.
PS.
Құрметті оқырмандарға айта аламын, бұл хатты бүгін Ташкенттегі Республикалық Халық қабылдауына кітаппен бірге тапсырдым, ресми тіркеуге алып, қабылдап қалды.



Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.