Кітап оқып жатырмын деп едім. П. Мерименің «Таманго», «Қос қателік» және осы сияқты новеллаларын оқып…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Кітап оқып жатырмын деп едім. П. Мерименің «Таманго», «Қос қателік» және осы сияқты новеллаларын оқып бітірдім. Түрлі кейіпкерлер, шынайы сызбалар. Намыс пен пасықтық арасында өртенген жүректер және т.б. Адам табиғатындағы түрлі ерекшеліктер қатыгездік пен байсалдылықпен әшкереленген. Бірақ жазушының жағы анық көрініп тұр: ол дінге сыни қарайды, адамдарды еркін өмірге шақырады әрі оны тартымды көрсетеді. Адамдар белгілі бір ұғымдарды, мысалы, еркіндік, құқық, ар-ождан, адалдық сияқты категорияларды әзірлеп, соған сәйкес өмір сүруі керек деген бір ішкі мағына мәтіндер арасынан сызылып жүреді де, білдірмей ішіңізге де өтеді. П. Мериме мәтіндеріндегі адамдар, яғни жағымды кейіпкерлер – діннен алыс әрі сезімге батқан кісілер. Неге дін мәселесін қосып жатырмын? Өйткені әркім кітапты өз сенімінен шыға отырып оқиды және бағалайды.
***
«Янки мен король Артурды» да бітірдім. Марк Твен жазған. Сатиралық роман делінген бұл қиял жазбаларын революциялық рух пен жаңа дәуір насихаты үшін жазылған деп ойладым. Янки тілімен автор орта ғасырларды надандықта, адамдарды санасыз деп суреттеген, тегіне сүйену мен шіркеу билігін қатты сынаған, текті адамдарды тегінен басқа ештеңесі жоқ деп мазақ етеді, король билігі өкілдерін қатыгез әрі ақымақ етіп көрсетеді. Янки өзінше жаңа дәуірдегі демократияны, теңқұқықтылықты 7-ғасыр Англиясына сіңіруге тырысады. Көп жері ертегі сипатын алған. Марк Твен ойлау жүйесін осы шығарма мысалында өте кең әрі ауқымды көрмедім, өз дәуіріне және жаңа идеяларға, адамдарды консерватизм мен дәстүрлерден ажыратуға бағытталған, саясатты бірінші орынға қойған бір қаламгерге тап болдым.
***
Стендальдің «Парма ғибадатханасы» романын бастадым, Италия мен Франциямен байланысты оқиғалар айтылған. Басты кейіпкер – Фабрицио есімді жас жігіт, әлі шығарманың басындамын, аз-аздан оқып жатырмын. Алғашқы қорытынды – П. Мериме, М. Твен, Стендаль – бұлардың бәрі бір қазандағы адамдар. Орта ғасыр Еуропасын қатты сынайды және жаңа дүниеге қадам басқысы келеді, жаңа әрі еркін ойларды күшпен көркемдікке сіңіреді. Қане, оқи берейікші.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.