«ҺАЛҚА» КІТАБЫНЫҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖАЙЛЫ ҚЫСҚАША
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Алланың инаятымен, ұлылардың дұғасымен әрі жақсы адамдардың көмегімен «Һалқа» кітабы баспадан шықты, әлхамдулиллаһ. Бұл ғаріп кітаптың ауыр бір өмірбаяны бар. Бұл бейшара кітап түрмеде туды. Бостандықта ер жетті. Оның даусы жан-жаққа тарады, бірақ өзі жүре алмады. Ақыры, 2021 жылы, мамыр айында «Академнашр» алғаш рет басып шығарды. Бірақ мұның төңірегіндегі дау-дамайлар аса ауыр. Кейін тағы бір басылым болды, бұл жолғысы одан да азапты естеліктер мен қателермен есте қалды. Кейін тағы басып шығарды – бізге ұнамаған бір суретті мұқабаға қойды. Дәл осыны қоймаңдар дегенімізге қарамастан, соны таңдады. Кейін тағы екі рет шығарылды: басу жұмыстары көңілдегідей өтпеді. Кейін жақсы сапа үмітімен Түркиядан шығардық. Бірақ не деген сор, кітап бірден тұтқынға түсті: он мың дана әлі күнге кеден қоймасында шаң басып жатыр. Кейін ол жайлы түрлі қауесеттер тарады: «Һалқа» тыйым салыныпты!» «Бір оқу орталығында «Һалқа» кітабы болғаны үшін иесіне айыппұл салыныпты!» Тіпті әлдебір телеграм арнасы «Һалқа» кітабына тыйым салынды, бәрі қолындағы кітапты ішкі істер бөліміне әкеліп тапсырсын!» – деп бұйырды. Бұл бұйрықтың артынан барып сұрастырсақ, негізсіз сөз болып шықты. Әлдебір кеңес дәуірінен қалған жанкештінің жеке бастамасы ма екен деген болжам келді ойға. Бірақ біз үміт үзбедік. Жағдайды Елбасымызға баяндап хат жаздық. Ресми түрде үкімет порталына да жүгіндік. Тура бір жылда шешілмеген мәселе бір аптаға жетпей шешілді: ақыры, «Һалқа» кітабын басып шығаруға ресми түрде ұсыным берілді. Біз бұған қуандық, Аллаға хамд айттық. Енді көпшілік оқырман қауымнан: «Һалқа» өңделді ме? Өзгертілді ме?» – деген сияқты сұрақтар тоқтамай жатыр. Бұл сұрақтарға әр оқырман өзі жеке жауап тапқанын қалар едік. Қане, көріңізші, шығарма қысқартылыпты ма? Егер солай болса, қай жері алынып тасталыпты? Алынып тасталуы шығарманың басты идеясына қандай зиян келтірген? Марқабат, міне осындай сұрақтарға да жауап іздеп көріңіз. Біз болсақ, автор ретінде, келесі айда бес жасқа толатын «Һалқа» хикаятының басылымынан шексіз қуаныштымыз. Бес жылдан бері оқылып келе жатқаны үшін Аллаға хамд айтамыз. Кейбіреулер алғашқы даналарының төрт жүз мың сомға сатылып жатқанын айтады. Рұқсатсыз басылған, таратылған, сатылған даналары қанша екені жайлы бізде мүлде мәлімет жоқ. Құрметті оқырмандардан өтінішіміз мынау: кітап жайлы, оның басылымы мен сапасы, өңделуі мен түзетілуі жайлы орынды-орынсыз сөздер авторға мүлде жеңіл тимейді, әрқайсысы аз да болса, ауыртпалық ізін қалдырады. Қымбаттыларым, түрлі негізсіз әрі қажетсіз талқылаулардан тыйылып, одан да дұға етіңіздер! Мысалы, мына сияқты: «Аллаһым, «Һалқа» кітабын бізге пайдалы еттің, оның пайдасын ұрпақтарымызға да тұрақты ет! «Һалқа» кітабы жүректер мықтап ұстайтын берік халқа болуын нәсіп ет! Аллаһым, «Һалқа» кітабы емін-еркін баспадан шыға берсін! Автордың күнәларын кешір! Оны панаңда сақта! Оған одан да жақсы шығармалар жазу үшін шабыт пен қуат бер! Жаман көз бен сөздерден қорға! Оның басына дұшпандық жасаймын дегендерге инсап пен ізгі ниет бер! Бізге болса, оған дос болып, дұғалармен жәрдем мен тірек болуымызға көмек бер!» Міне осындай дұғалардан гөрі Сізден келетін бұдан үлкен жақсылық бар ма әлемде? «Һалқа» үшін де, кейінгі жаңа шығармалар үшін де осындай қолдауларыңызға қатты мұқтажбыз!
Зор құрметпен пақыр қызметшіңіз Акром Малик зұлхижжаның 8-күні, һижри 1446 жыл; милади 2025 жыл, 4 маусым; мұрат беруші сәрсенбі күні жазды.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.