Сенім
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
(Тарихқа жазылған ақиқат)
Қаған сізді шақырып жатыр дегенде, Батыр Басшы бәрін түсінді: әмірші патшалығын кеңейтуге шешім қабылдапты. Өйткені алты ай бұрын Ыстықкөл жағасындағы аңда Қаған: «Шекараларды кеңейткім келеді, не дейсің?» — деп сұраған еді. «Ең алдымен әскерді қатты жаттықтырыңыз, кейін бірте-бірте оларды көбейтіңіз, әскердің азық-түлігі мен қару-жарағын, ат-көлігін қамтамасыз етіңіз. Бәрінің арасы бір-бірімен нақты тәртіппен байланыссын: әскер үшін темірші ұсталар күн сайын қылыш, садақ, жебе ұшы, найза, қалқан соқсын; малшылар мен диқандар ет, арпа және бидай өсірсін, бұл әсте үзілмесін. Осыдан кейін бір жерді патшалыққа қосып алу туралы бас қатыруға болады», — деген еді Батыр Басшы. Батыр Басшы үш қағанға қызмет еткен: есін білгеннен бері әскер ішінде. Соғыс жүргізуге, қол жасақтауға, жоспар мен айла ойлап табуға шебер. Алдыңғы қаған неге екені белгісіз, оны сарайдан алыстатты; ешбір міндет бермеді; Батыр Басшы Алтай тауларында өзімен-өзі қылыш ойнатып, садақ атып жүре берді; ешнәрсеге араласпады; ал жаңа Қаған оны іздетіп, алғашқы сұхбаттың өзінде мақсатын баяндады. Қазір Қағаннан хабаршы келгенде, Батыр Басшы енді оның қызметі керек екенін сезді. ... Қаған кең шатырда ары-бері жүріп тұрды. Батыр Басшы кіріп, тағзым етті. — Батыр Басшы, — деді Қаған көздері жайнап. — Шештім, соғысқа шығамыз. Сен әскербасы боласың. Қай елге жорық жасауды да өзің айтасың. Батыр Басшы үнсіз қалды. Оның үнсіздігі Қағанға ұнамады. — Мақсатымның ұлылығына күмәнің бар ма? — деді ашуланып. — Әсте, Қағаным, — деді құрметпен Батыр Басшы. — Соңғы тамшы қаным қалғанша қызметіңіздемін. — Онда не қалайсың? Неге үнсізсің? — деді Қаған сәл басылып. — Дана Көкаман туралы естігенбіз... — деді Батыр Басшы. — Оны кім естімеген! — деді Қаған әскербасының ниетін ұқпай. — Оның ең сенген шәкірті бар еді. Аты Тоғалп. Тоғалп Көкаманның оң қолы, тіпті сенген бағы, сүйенген тауы еді. Тоғалптың ауылында тағы біреу бар еді. Оның да аты Тоғалп. Міне, сол аттас адам кісі өлтіріп қойыпты. Қазы оны қамапты. Бір адам біздің Тоғалптың анасына келіп: «Ұлың кісі өлтіріпті!» — депті. Кемпір ұршық иіріп отыр екен. «Жоғал, өтірікші!» — деп қуып жіберіпті хабаршыны. Тағы бір адам жарты сағат өтпей келіп, кемпірге ұлың кісі өлтіріпті депті, кемпір біраз ойға батып қалған екен. «Бар әрі», — дей алыпты, болғаны сол. Тағы біраз өткенде үшінші кісі келіп осы сөзді айтқан екен, кемпір менің мұндай ұлым жоқ деп ұршықты лақтырып, үйден қашып кетіпті. Батыр Басшы үнсіз қалды. — Не демексің? — деді Қаған тағы. — Қағаным, мен дана Көкаманның дана әрі пәк шәкірті Тоғалп емеспін. Сіз де мені Тоғалпты анасы жақсы білгендей білмейсіз. Ертең біреулер, мен қолбасы болғанда, келіп жамандаса, түрлі болмашы сөздер айтса, оларға сеніп, менің басымды алмайтыныңызға кім кепіл болады? Қаған Батыр Басшыны енді түсінді. — Яғни сіз маған толық сенбесеңіз, әскерді басқара алмаймын. Әскерді соғысқа бастай алмаймын. Маған толық сенесіз, ешқандай арандатуға сенбейсіз. Тек мен берген хабарды қабыл аласыз, менен күмәнданбайсыз, сонда қолбасы боламын және сізге сіз қалаған барлық жерді бағындырып беремін! Енді бәрі айқын еді. Қаған терең ойға батты да, кәрі жауынгерге кете бер деді. Екі күннен кейін Батыр Басшыны шақырып, сен айтқандай болады деді. ... Бір жыл өткенде Батыр Басшы Қағанға ол қалаған жерлерді толық жаулап алып, тапсырды.
Акром МАЛИК
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.