Тіл

Бөгделер

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

Екі ұрының тәубесі өте қызық өтті: балалығынан қалта қағып, ел малын сыпырып ер жеткен бұл екеуі Молла Ғани пірдің аяғына жығылды: дат, тәубе еттік, десті. Молла Ғани адамдардың тәубе-тәзәррұларына үйренген. Құлшылық пен зікір дариясында жүрген бұл адам өзіндегі файызды білетін. Ол күнәһарлардың өкінішін салмақпен қабыл алып, оларды сулукке иршад ететін еді. Тек ұры ғана емес, тіпті азғындар мен хунсалар да пірдің алдында тәубе тостағанын көтереді. Олардың ақысына дұға жасау және Хақтың зікіріне шому — пірдің ісі. Екі ұрының бірі Қабыл, бірі Һарун еді. Екеуі жең түріп қызметке кірісті: пірдің еш жағынан қажетін қалдырмады. Әсіресе, Қабыл озды: ол пірдің көретін көзі, еститін құлағы болды. Ал Һарун басқа істермен шұғылданатын. Қабылда ұрлықтан із де қалмады: ол толықтай зәһид әрі ариф кейпіне енді. Уағыз-насихаттарына ынтықпағандар жоқ еді. Һарун далада жұмыс істейтін, бірақ ішінен тасып келетін бір сезімнен таң қалатын: неге екені белгісіз, басқалардың мүлкін алғысы келетін, бірақ тәубе етіп жылайтын. Кейде біреудің мүлкін сұрамай алып, бір айналып келіп, орнына қоятын, осылайша жұбаныш табатын; және бір күні міндетті түрде бұл бәледен де құтыларына сенімді еді. Һарунның қылығын көргендер таң қалды: ұры десе, ұры емес; бірақ ісі табиғаттан тыс. Әңгіме шатасып, пірге жетті. Пірге жеткізген де Қабыл болды. «Расымен-ақ, өз ісіне өкінбей ме? Расымен-ақ, тәубе уәдесін бұзғаны ма?» — деп сұрады пір Қабылдан. Қабыл айтты: «Мен білетін Һарун, әрине, сол ескі өнерін жасаған. Ол өзін бұдан тыя алмайтын!» Пір ойға батты: «Неге екені, Һарунды әр көргенімде жүрегім орнына келмейді. Бірақ оны ұры деу қиын. Дәлел нақты емес». Қабыл сол түні Һарунның лашығына барды. Қатты жаңбыр жауып тұрған еді. «Атың ұрыға шығыпты. Бір жылдан бері пірім мұны біледі екен. Сені көрсе, қырық күнге дейін жүрегі орнына келмейді екен», — деді. Һарун есінен танып қалды. Есін жиған соң, көзі жасқа толып: «Мен себепті жүрегі азап шексе, суық жүзімді әсте көрмесін!» — деп өкіріп жылап, ауылдан шығып кетті. Қабыл Һарунды ұры деп мыршапқа айтты. Сол түні Һарунды ұстады, бірден бірнеше кісі оны ұры деді. Һарунның қолын кесті. Ол ауруға шыдай алмай аһ деді де, есінен танды. Шашыраған қан мұны бақылап тұрғандардың ішінен Қабылдың бетіне тиді. Ол сәлдесінің ұшымен қанды сүртті. Сотталғанның қалған шолақ қолын қайнап тұрған майға тықты. Осылайша қолдың кесілгенін бүкіл тәні білді. Қан да тоқтады. Адамдар бұл көріністі қызыға тамашалады. Бәрі Һарунды ұры деді. Жарты сағаттай өткенде Һарун есін жиды. Кесік қолын сау қолына алып, адамдардың арасынан үнсіз шығып кетті. Молла Ғани бәрінен хабардар еді. Ол мүридін ұры не ұры емес дей алмайтын дәрежеде екіұдай күйде қалды. Һарун қаладан шығып кетті. Басы ауған жаққа кетті. Бір кезде бір қирандыға барып қалды. Қараса, бұл жердегі барлық адамның бір қолы жоқ екен. Қолсыз адамдардың бәрі Һарунға бір сәт үнсіз демін ішіне тартып қарап қалды, содан соң кенет дат деп Һарунға ұмтылды. Һарун да шыдай алмай зар илеп жылады: ішіне шоқ болып толған өксік пен азап тамағынан атылып шықты. Оның еш жерден ем таппаған жарасы жанашырлардың алдында жарылып кеткен еді. Оның дерті мен ауруына бөгде жандар оның үстінен күлген еді, ал мүгедек ғаріптер оның азабын өте жақсы білетін еді. Бұл жерде тілдер емес, көз жастар сөйледі.

Акром МАЛИК

4 000рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    Сенім

    (Тарихқа жазылған ақиқат) Қаған сізді шақырып жатыр дегенде, Батыр Басшы бәрін түсінді: әмірші патшалығын кеңейтуге шешім қабылдапты. Өйткені алты ай бұрын Ыстықкөл жағасындағы…

    3 мин

    Бір нәрсе бізге жетпей жатқандай.

    Бір нәрсе бізден қашып барады және оны ұстап алу үшін асығып жатырмыз. Шын мәнінде, бәрі орнында, бәрі тепе-теңдікте — ниетімізге лайық әрекеттеміз. Әрекетке лайық береке келіп…

    1 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.