ҮШІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ҮШІНШІ ТАРАУ
Алтыншы бөлім Жігіттерге хат
Жігіттік — адамның ең көркем кезеңі. Жігіттіктегі жігер, қайрат, ойлау мен қиял кейін қайтып келмейді. Ауыру, сырқат пен шаршаудың не екенін тән білмейді. Жігіттік түгелдей ынта мен шаттықтан тұрады. Жігіттікте сәнқойлық пен сауық, ойын-күлкі мен би, төбелес пен жанжал, қару-жарақ — бәрі жарасады. Хазірет Науаидың шығармаларында атап өтілгендей, жігіттің су ішіп тапқан ләззаты қартайғанда табылмайды. Жігіттікте су да тәтті әрі дәмді. Жігіттік — адам өмірінің іргетасы. Жігіт сол іргетасты дұрыс әрі берік етіп қалау туралы ойлануы тиіс. Бүгін өлшемдер бұзылып, адам тамырлардан үзілген бір сәтте жігіттерге айтарымыз мынау: 1. Қиялыңызды түрлі арам ойлардан таза ұстауға тырысыңыз. Оны түрлі кинофильмдердің, клиптер мен әндердің дыбысы мен бейнелерімен толтырмаңыз. Қиялдың керексіз ойларға толып қалуы ойды шатастырып, дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіреді. 2. Өзіңе азырақ әуес бол. Дәл жігіттің өз сұлулығы мен тұлғасына шектен тыс әуестенуі оны ғапылдыққа тастайды. 3. Кәсібіңді және қол жеткізетін нәрселеріңді — мақсатыңды анықтап ал. Сол мақсатқа жету үшін жоспарлы әрекет ет. 4. Мал-дүниені бірінші орынға қойма. Егер жүрегіңде сән-салтанат пен ақшаға, мал мен дүниеге махаббат күшейіп бара жатқанын сезсең, тез өзіңе кел. Адамгершілік пен мәрттік бәрінен қымбат. 5. Көптеген жігіттер нәпсілеріне еріп, әдепсіз әрі азғын істермен айналысады. Олар ақ сөзді қабылдамайды. Оларда екіұдайлық, күмән мен әлсіздік бар. Әлсіздік — бұл төзімділік пен табандылықтың керісінше. Көптеген жігіттер күндерін ретке келтіре алмайды. Түнде ұйықтамай, күндіз ұйықтайды. Істерінде тиянақ, уақыттарында береке жоқ. Сен ондай болма, әй жігіт, құптан намазынан кейін бірден ұйықта. Сонда таң намазынан бұрын оянасың. Ешбір кездесу мен ісіңді құптаннан кейінге қалдырма. Осы тәртіпті өміріңе енгізсең, бүкіл өміріңе, күшіңе және нәпсіңе ие боласың. Мұны жүзеге асыра алмасаң, мысық баласы сияқты ойыншық боласың. 6. Нәпсіқұмарлық алдында дәрменсіз қалма, құмарлығыңды жең. Онымен саналы түрде күрес. Көзіңді, құлағыңды және қиялдарыңды азғындықтан сақтасаң, бүкіл болмысың пәк болады. Жасықтық жасама. Шайтанға жеңілме. 7. Аз сөйле және көп істе. Еңбектен қорықпа, ақымақ болма, есеп-қисапқа қатаң қара, сынамай сенбе; жалғыз бөрі болудан қорықпа; керексіз нәрселерді алма; хақ болсаң, тайсалма; өтірік айтпа; мәселелерді зиян келтірмейтін түрде шешуді үйрен және үлкендермен ақылдасудан қашпа! Өзіңді әрдайым сырттан ой мен талдау, ақыл мен парасатпен бақылап отыр. Сонда еркін жүресің, құламайсың. Бұл хат жігіттік жылдарын желге ұшырған және жастығын көптеген қателермен ысырап еткен бір бейшараның қаламынан туған, мен қателестім — сен қателеспе. Сен адам перзентісің, сен мұсылман перзентісің, өз перзентімдей қымбат әрі құрметтісің, насихаттарымды жаттап ал да, амал ет, Алла қаласа, өмірің ең дұрыс арнаға түседі де, тура жолдан шығып кетпейсің.
Акром МАЛИК
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.