Адамдардың айыбын ашуға құмарлық — адамның пасық сипаты.
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Адамдардың айыбын ашуға құмарлық — адамның пасық сипаты. Айып іздеуші — адамдардың айыбын көретін кісі. Айып таратушы — адамдардың айыбын айтуды кәсіп еткен кісі. Ғапылдық жарасымды сипат емес, бірақ адамдардың кемшіліктерін көрмегенге салу қажет. Халықтың айыптары алдында біршама ғапыл кейіпте болу керек. Адамдардағы кемшіліктер екі түрлі: түзелетін және түзелмейтін. Түзелетін кемшіліктер де екі бөлікке бөлінеді: дереу түзелетін және ұзақ уақыт бойы түзелетін. Кейбір қатені ақылды адам ескерту естіген сәтте-ақ түсінеді. Кейбір кемшіліктерді жою үшін нұсқау, кеңес, көмек қажет. Біреуден айып көрінсе, көрген адам бұл кемшіліктің түзелуі қанша уақыт алатыны туралы ойлануы керек. Егер дәл қазір түзелмесе, оны түзетемін деп те сол айып туралы иесіне айтпау керек. Өйткені ұзақ уақытта түзелетін айыптар да үш түрлі болады: біріншісі насихат пен түсіндірулер нәтижесінде түзеледі; екіншісі өмірлік тәжірибе мен уақыттың өтуімен түзеледі; үшіншісі тек бақылау мен қатаң тәрбиемен түзеледі. Ең қызығы, адам баласының көп кемшілігі түзелуі үшін ұзақ мерзім, насихат, уақыт және тәрбие қажет. Сирек адамдар бірінші ескертуде-ақ кемшілігін мойындап, түзетеді. Керісінше, адамдар өз қатесін айтқан кісіні тез ұнатпай қалады. Мейлі сыртынан айтылсын, мейлі бетіне. Бұдан шығатыны, кісілердің кемшілігін әшкерелеу күтілген нәтижені бермейді. Егер кісілер бір-бірінің айыптарын тынымсыз әшкерелей берсе, ол кемшіліктер түзелмейді; өршиді; мейір-қайырым жойылады. Артық адам — кісілердің айыбын сөз етпейтін адам. Ең артығы — адамдардың айыбын көрмейтін кісі. Одан да артығы — тек өзін және өз жақындарын түзетумен айналысатын адам.
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.