Даму – қызған шағында. Сәулетті ғимараттар. Костюм-шалбарлы адамдар. Мыңдаған адамдарды жинаған залдар.…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Даму – қызған шағында. Сәулетті ғимараттар. Костюм-шалбарлы адамдар. Мыңдаған адамдарды жинаған залдар. Шешендер – монитордан әлдебір сызбаларды көрсеткен, өзін сәнқой ұстаған, назданып, созылып, тыңдаушылардың назарынан мас болып, жетінші қабат аспанда ұшып жүрген шешендер. Шамдар. Музыка. Таралған шаштар, жарасқан киімдер, сымбатты бойлар, салтанатты көзқарастар. Ішіңде бірдеңе шым ете қалады. Кенет жүрегің дүрсілдеп кетеді. «Мен де солардың қатарында болсам ғой!» Бұл көрініс youtube-тағы бейнежазбада әбден тартымды көрінеді. Бәрінің аузынан байлық уәдесі естіледі: «Бай бол! Бай бол! Тағы бай бол!» Ара-тұра, мысалы, ислам, үмбет, мұсылмандық сияқты сөздерді қыстырып кетеді: «ислам қаржысы», «мұсылмандық дәстүрлер», «ислам қаржысы соншалықты кемел», «атеист болсам да, ислам қаржысын таңдар едім», «үмбет үшін қызмет»… Бірақ зер салса, олардың түр-тұлғасынан не ислам, не мұсылман көрінбейді. Бірақ қаржы болуы мүмкін. Жас әрі шынайы, аңғал әрі шикі, піспеген әрі дінмен жаңа танысқандары өмірінің ең ұлы ісін істеп жатқанына сеніп жүргендей де көрінеді. Бірақ жүректердегі қайғы не екенін әркім өзі тексеруі керек: бір таразыны өзің үшін жаса; оның бір басына қаржыны, байлықты, абыройды, дүние қамын қой; екінші басына өлімнен қаншалықты қорқасың, ақыретті қаншалықты ойлап жүрсің, Құдайдың зікірі мен Оған шүкір үшін неше сәтіңді бөліп жүрсің – осылардың жауабын қой – әділдікпен өлшеп көрші, қай жағы ауыр түсіп тұр? Жауабы маған да, Пәленше мен Түгеншеге де қызық емес, өзің біліп қой, жетеді. Жауабы шын мәнінде қай жақта тұрғаныңды, дәлірек айтқанда немен әуре екеніңді көрсетеді. Көлем мен мөлшер кейде мәнді бейнелемейді. Үлкен көлем мен көп мөлшер – мәнінің соншалықты биік әрі таза екені деген сөз емес. Дәл үйме-жүйме әрі түрлі терминдермен әшекейленген сөздің әрдайым ақиқатты бейнелемейтіні сияқты. Анау сахнадағылар, анау сән-салтанатқа оранған жандар осы бейнежазбалары арқылы базар ашып жатыр, болғаны сол. Олардың көрсетілімі базар растасынан айырмашылығы жоқ. Мұндай расталар тек оларға ғана тән емес, дүние иелерінің әрқайсысы дүние алаңының әр сүйемін осындай растамен, жаймамен толтырып тастаған. Оларға аңырып қарап жүргенде күн кеш болады. Уақыт өтеді. Олардың қатарына қосылайын деу – өз құныңды жерге ұру. Әркім Құдай оны қойған жерде ардақты. Тасбақаның ұшамын дегені өзі үшін қандай зиян болса, торғайдың жерде өмір сүру қалауы өзі үшін соншалықты қатер. Әркімнің қорғаны оның тұрған жері мен ұстанған мәртебесіне жасырылған. Бұдан кейін «прогресс» қыза береді, «даму» жалыны шарпымаған мекендер қалмайды, тек уақыт керек, болғаны сол. Жүрегі мен ақылын, тәні мен ұрпағын, дүниесі мен ақыретін сақтап қалу, яғни бұл өрттен жан сақтау, бәлкім, бұл отта өзіңе қажетті тамақты күйдірмей пісіріп алу енді негізгі іске айналады. Жер қалаған кезде жарылады, аспан қалаған кезде жаңбыр емес, тас жаудыра алады, жел сенен сұрамай әлемнің күлін көкке ұшырады – жер бетінде қанша ғимараттар мен үйлер салма, олардың биік екеніне қарап қанша мас болма, оларды бір сәтте жоқ ететін Күш бар. Қанша көпшілік ортада болма, қанша ләззат құшағына батпа, бәрібір жалғыздық ащысын татуға мәжбүрсің, бәрібір әлсіздік шынжырында жан тапсыруға мәжбүрсің. Жүрек иелері, ақыл иелері бағдарды осыған қарап алады, бағдардан адасып қалмайды. Аспанмен таласқан мұнаралар орманында өзіңді жоғалтып алмасаң, жетіп жатыр, әйтпесе, кейін табуың өте қиын.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.