Жүрек – өте нәзік жаратылыс. Оны бір тамшы шықпен салыстырсақ па екен? Таңертең гүлдің жапырағын мекен еткен…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Жүрек – өте нәзік жаратылыс. Оны бір тамшы шықпен салыстырсақ па екен? Таңертең гүлдің жапырағын мекен еткен шықтың дірілдеп тұруы көз алдыңызға келсін. Жүрек те сондай: дірілдеп тұрады, аздаған шаң оны кірлетеді; жойылуы оңай – күн оны буландырып жібереді; жел оны төгіп тастайды. Шықты осы таза әрі жарқыраған күйінде сақтау қаншалықты күрделі болса, жүректі де мөлдір әрі тұнық күйде сақтау соншалықты машақат. Жүрек шығын сақтау үшін оны күзетшілермен қорғау керек. Бірінші күзетші – ақыл. Ақыл жүрекке керексіз, көңіл-күйді түсіретін сөздерді кіргізбесін. Сіз туралы кейбір ғайбаттар бар, оларды білмесеңіз, пайдалырақ. Білсеңіз, тек қайғыға түсесіз. Және басқалардың да кейбір жаман істері туралы ғайбаттар бар, олардан бейхабар қалсаңыз, ештеңе жоғалтпайсыз. Оларды білмеген, көрмеген жақсы. Адамдар туралы жақсы ойда болу олар туралы жиіркенішті ақиқаттарды біліп, көңіл қалып, жек көргеннен жақсырақ. Біреулердің қателері мен күнәларын іздеу және бұл туралы сөз тарату ең бірінші кезекте сол ғайбатшының өзіне зиян келтіреді – жүрегі бұдан шексіз азап шегеді. Екіншіден, бұл – бұзақылықты таратудың бір жолы. Үшіншіден, күнәкар болса да, оны масқаралау мүлде жөн емес, өйткені тәубе есіктері ашық. Әрине, бұл жерде зұлымдық – басқа мәселе: біреудің зұлымдыққа ұшырап жатқанын көрген адам зұлымдыққа қарсы күресуі шарт. Зұлымдық – ешқашан мәмілеге келуге болмайтын іс. Адам қаласа да, қаламаса да, айналасындағы адамдармен байланысты. Адамдар бір-біріне көмектеседі және көмек көреді. Егер адамдардың өзара көмек жіптері үзілсе, бүкіл қоғам бақытсыздыққа душар болады. Жақсылық ісі ешқашан тоқтамауы шарт. Жақсылықтың ең асылы – саған жамандық жасағанға жақсылық жасауың. Бұл жақсылықты жасағанда, міндетсінуден және дөрекіліктен, менмендік пен риядан ада болу талап етіледі. Кез келген адамды жақсылықтан тосатын фактор – басқалар туралы жаман ойда және қиялда болу. «Пәленше сен туралы былай деді!» – деген сөз кез келген адамды оған жақсылық жасаудан дереу тоқтатады, бәлкім, жамандық жасауға ынталандырады. Бір ғана сөзбен жақсылық бұлақтарының көзін жабуға болады. Адам өз аузына ие болудан әлсіз ғой, басқалардың аузын жаба алар ма еді? Демек, ғайбат пен жала сөздеріне бөгет салу өте қиын. Сондықтан адамның ақыл деп аталатын күзетшісі әр сөзді тексере алуы керек. Ол үшін естілген әр сөйлемге тұтқын болмай, оның шын не өтірік екенін білу керек. Егер бұл мүмкін болмаса, бұл істі Құдайға тапсырып, илаһи хикметпен ақиқаттың бетке шығуын күткені абзал. Сондықтан ұлықтар бір жақтың сөзіне сүйеніп, қорытынды шығарма деген. Екінші жақты да тыңда, бәлкім, ақиқат осы екі сөздің арасында шығар?! Олай істей алмасаң, сабыр ет, күт. Өзенге батқан өлік міндетті түрде бетке қалқып шығады. Ең бастысы, жүрегіңді сақта.
Акром МАЛИК



Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.