Тоғызыншы тарау
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Тоғызыншы тарау
ЖҮКТІ БОЛУ, БАЛА КҮТІМІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ
Екінші бөлім
Нәресте
Нәрестенің дүниеге келуі – үлкен бақыт. Бұл жерде жас ананы бәрі қолдауы керек: көбіне бұл жерде жауапкершілікті ене мойнына алады. Келіннің босануға дайындығы, перзентханадан шығуы, акушер және дәрігер әйелдермен сөйлесу, келіннің қорғаушысы ретінде босану үдерісіндегі жауапкершілікті қамтамасыз ету істеріне ененің бас-көз болғаны жақсы. Егер ене бұл жерде келінді тастап кетсе, өзіңді өзің алып жүр десе, келін тәжірибесіздіктен қиналады: перзентханада қазір көптеген акушерлер мен дәрігерлер жұрттың қолына қарап қалған; ақша бермегендерге қисық көзбен қарайды, назар аудармайды, дөрекі қарым-қатынас жасайды, мейірімді, шынайы, дәмелі емес дәрігерлер өте аз, көбі ақша бермесең, адам ретінде көрмейді. Ене сол дәмелілерге сыйлық береді, оларды риза етеді, әрі дәрігерлердің жұмысқа байыпты қарауына өзінің салмағымен себеп болады. Ана мен нәрестені емханадан исрафсыз, бірақ салтанатпен, қуанышпен және мерекелік күйде шығарып алу жақсы салттардан саналады. Жаңа қонақты жақсы ниетпен, дұға және ехсандармен қарсы алады. Егер бала өте кішкентай туылған болса, сәл үлкейгені күтіледі; егер жақсы, балуандай болса, бесікке бөлеген жөн. Кейбіреулер бүгін бесікке тас атып жатыр. Бұл қате. Бесіктің ешқандай кемшілігі жоқ. Әр нәрестені бесікке бөлеу керек. Бұл оны памперс деп аталатын нәрсенің азабынан құтқарады, зәрі мен нәжісінің денесіне жабысып жатуынан арылтады, сондай-ақ мына жақсы жақтарын санауға болады:
1. Бала бесік ішінде жақсы ұйықтайды, өйткені бесік жабуы мұны қамтамасыз етеді – қараңғыда тыныш мекенде сәби алаңсыз демалады. 2. Нәресте, әдетте, көп шошиды. Аяқ-қолы мықты әрі қалыпты байланғандықтан, шошып, селт етіп, жиі мазасызданбайды. 3. Жаңа туған бала үш себеппен жылайды – қарны ашқанда; қарны кепкенде; құлағына суық жел кіргенде. Бала жыласа, қарны тойдырылған болса, қарнын сипап көру керек, егер керулі болса, демек, кепкен; құлағын сұқ саусақпен абайлап басады, бала шырылдап қалса, демек, құлаққа жел тиген. Бесік жабуы мен жөргек баланы осындай суық желден қорғайды. 4. Бала әлі нәресте кезінде сәл дауысы шыққан бойда жұбату шарт, егер қарны ашқан болса, емізу; қарны кепкен болса, үтікпен аздап жылытылған сүлгіні қарнына қойып сипау; құлағы ауырған болса, дәрігермен ақылдаса отырып шарасын көру керек; бала ұзақ уақыт жылап қалмасын және жылауық болмасын. Бала нәресте кезінде алғашқы үш ай бойы бір күнде 14 – 18 сағат ұйықтауы керек. Бұл ұйқы оның жақсы дамуы, сүйектерінің өсуі және сезімдік жағынан тұрақты болуы үшін шарт. Егер бесікке бөленбесе, бала мұндай ұйқыны таба алмайды. Бесікте сәл дауысы шыққан бойда абайлап тербетіледі, баланың үзіліссіз сапалы ұйқысы қамтамасыз етіледі. Ешкім нәрестенің миы шайқалатын дәрежеде бесікті тербетпейді, әрине, мұны бәрінің ақылы жетеді. Бесікке бөленбесе, баланың жеткілікті ұйықтай алмау ықтималдығы жоғары. Кейбір жас ата-аналар балам ұйықтасын деп жасанды сұйықтықтар ішкізуі мүмкін. Бұлар дұрыс емес. Демек, бесік керек, бесікке балаларды бөлеу шарт. Бесікке тіл тигізіп жүргендер біліп-білмей бізді сыналған жолдан шығарғысы келетіндердің диірменіне су құйып жатыр, өкінішті. Баланы алғаш шомылдыру ісі бала бір апталық болғанда болады. Мұнда да жас ананы жалғыз қалдыруға болмайды, келіннің өз анасы немесе ене бұл іске бас-көз болуы, өздері баланы жуындыруы, шомылдыруы керек. Сондай-ақ бұл аналардың өздері немерелерін бесікке бөлеуі, бесікке бөлеу ілімін жас анаға үйретуі талап етіледі. Ене келіннің қырқы (шілдесі) шыққанша сақтауы, нәрестелі үйге бөтендерді кіргізбеуі, адыраспан түтетуі, үнемі дұға оқуы керек. Келін 5 – 10 күн жақсылап жатып, қуатын қалпына келтіруі керек, сосын жағдайына қарай тұрмысқа, басқа істерге қарай береді. Ене бұл күндерде келінге одан әрі жұмсарып, мейірімді болуы, немеренің жағдайын өз бақылауында ұстауы керек. Жас ана көмекке ең мұқтаж болатын кезең – осы кезең. Ене жылаған баланы жұбатуға, қарын кебуін кетіруге көмектесуі, келіннің дұрыс тамақтануын ерінбей өзі басқаруы керек. Шамамен алты ай бойы баланың асқазаны тамақ қорыту ісін үйренеді. Анасы жеген тамақ сүтке айналады, тамақ құрамындағы заттарды нәрестенің асқазаны сүт түрінде қабылдап, оны қорытуға бейімделгенше машақат шегеді. Сол себепті қарны кебеді, бұл машақатты азайту үшін ананың таңдап-таңдап тамақтанғаны жақсы. Мұнда ене көмектеспесе, жас ананың немқұрайды болуы, бәрібір, тамақтарды араластырып жеп қоюы табиғи. Бала түнде жылайды. Жөргектерін тазалау, ауыстыру керек. Ең бастысы, әр ана балама міндетті түрде емшек емізем деп бекінсін. Мұны ең жоғары құндылық деп білу керек. Ана сүтімен бала денесіне мейір, қуат кіреді. Бала екі жасқа дейін толық ана сүтін емсе, әрі тәндік, әрі рухани сау өседі. Жас аналар да, әкелер де бала жыласа, ашуланбасын. Сабыр етсін. Өйткені өздерін бұл жылауға шыдай алмайтындай сезінуі мүмкін. Нәрестенің жылауына шынында шыдау қиын, бірақ ол жылау Алланың рақымы екенін ұмытпау керек. Ешқашан сәбиге ашуланбаңыз. Ол Алланың рақымын әкеледі, қаһарын тояды, береке есіктерінің ашылуына себеп болады. Біздің күнәларымыз өте көп, ал бала бізге қалқан.
Егер сәбилер, қариялар, бейшаралар, мүгедектер мен науқастар арамызда болмаса, бізге илаһи мейірім жаумай қалады, тоқтайды, бәлкім, аспаннан тас жауады. Және жалпы сәбиге ашулану хайуанның да ісі емес. Нәресте үлкейіп, қолға ілінетін, көзге түсетін болған сайын уайымдар аздап азаяды, бәрінің қуанышы көбейе береді. Нәресте сәл науқас сияқты көрінсе, денесін инемен тесу, денесіне түрлі дәрілер енгізіп, оны уламау керек. Мүмкіндігінше үлкендермен, тәжірибелі дәрігерлермен ақылдасса, олар зиянсыз әрі жеңіл жолдарын айтады. Жеке емханалар көбейіп, дәрігерлерден де инсап қашып, баланы ауру деп апарсаңыз, қаптап дәрі жазып беруден тайынбайтын бетсіздер мен арсыздар, инсапсыздар мен өтірікшілер өте көп. Алла тәуфиқ берсін. Нәресте бірте-бірте күлуді, дыбыс шығаруды, өз сезімдерін білдіруді бастайды. Кейін түрлі әріптерді де айтады. Ақырын еңбектейді. Отыруды үйренеді. Орнынан тұруға тырысады. Мұның бәрі өз уақытында болады. Қыздар ертерек сөйлейді, ертерек тамақ жейді, ертерек еңбектейді, ертерек жүреді және отырады. Ұл балаларда бұл сәл кешірек болады. Асықпау, уайымдамау, бұл жөнінде ененің сөздеріне құлақ асу керек. Бала жылы су ішеді, үш айлығынан бастап өте аз мөлшерде сүттен басқа, мысалы, үй тауығының пісірілген жұмыртқасының ағынан маштай мөлшерін бір күнде жеуі мүмкін. Айдан айға бұл көбейтіле берсе, тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, кальцийді қамтамасыз етеді. Баланы тым орай бермеу, ауа райын сезінуіне жол беру керек. Қыста салқынды, жазда ыстықты денесі қалыпты сезсін, әсіресе, бала терісі күннің таңғы нұрына қануы керек. Қалада тұратындар күн сайын баланы таза ауада серуендету сағатын белгілеуі керек. Бұл ретте баланың суық тиіп қалмауының шарасын көру керек. Баланы маусымға қарай белгілі бір аралықта шомылдырады. Мүлде синтетика киюге болмайды, тек жүз пайыз мақтадан жасалған жұмсақ киімдер киюі шарт. Бір жасқа толған бала үйде қазанда пісірілген тамақтарды еркін жей алады. Қалыпты түрде ұсақтап, жұмсартып береді. Балаға қуат болатын нәрселерді қалыпты мөлшерде жегізу керек. Әрі ана сүті, әрі тамақ оның қуатты болып өсуіне себеп болады. Бала күннен күнге тәтті болады, ойыншыққа қызығады, еркелік не екенін біледі; баладан мейір мен мейірімді аямау керек. Әрине, өз уақытында ұйықтату шарт. Сонымен, бала екі жасқа кіреді. Оның нәрестелік кезеңі аяқталады, енді сұрақ қою мен ойлау кезеңіне кезек келеді.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.