Тіл

Отан ішіндегі сапар – отаннан шықпайсың, бірақ сапарда боласың. Бір мағынасы мынау: адам рухының отаны – оның…

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

Отан ішіндегі сапар – отаннан шықпайсың, бірақ сапарда боласың. Бір мағынасы мынау: адам рухының отаны – оның… — фото

Отан ішіндегі сапар – отаннан шықпайсың, бірақ сапарда боласың. Бір мағынасы мынау: адам рухының отаны – оның тәні. Осы тәннен шықпай тұрып сапарда болу. Рух тәннің ішінде тұрғандай, бірақ ол жылдар бойы өте көп мекендерді көреді. Бұл мекендердің кейбірі қуаныш, кейбірі қайғы деп аталады. Кейбір адам өзін шеңбер ішінде жүргендей сезінеді: кеше көргендері бүгін тағы қайтып келеді. Кеше түскен мекенінен шыққан еді, бірақ тағы сол мекеннің алдынан шығады. Бірақ мұны ұғыну үшін де терең жүрек пен ақыл керек. Бұл – тоқырау, ал шынайы сапар – рухтың топырақтан аспанға жасаған сапары. Бұл сапар да тән ішінде болып жатып жүзеге асады. Кеше күнә жасаған бүгін де сол күнәға ұшырайды. Ол үшін күндер тек күнә мен бүліктен тұратын күйде өтеді. Күнә – өзеннің иірімі сияқты: ақпайсың, құтылмайсың, бір орында айналасың, бәлкім, өзен түбіне батасың – апатқа ұшырайсың. Бұл иірімнен истиғфар арқанын ұстап, тәубе кемесіне шығу арқылы құтыласың. Күнәдан ада күйде жақсылықтармен айналысқанда, адам енді биіктей бастайды. Оған басқалар көрмей жүрген ақиқаттар ашып беріледі, басқаларға насип етпеген мекендер ашылады. Міне, нағыз сапар осы. Қоғам түрлі топтардан тұрады. Қарапайым жұмысшы мен кітап оқып, ілім жасап жүрген адамның айырмашылығы бар. Жұмысшы үнемі еңбекпен айналысқандықтан ілімнің хикметтерінен бейхабар қалса, ілім иесі хикмет пен көшбасшылыққа ие болады. Бүгін жоғары білім алып, жазушы, ақын, журналист, мұғалім, ғалым ретінде қызмет атқарып жүргендерді зиялы, көзі ашық деп атау салт. Қоғамды күйзеліс иірімінен биікке алып шығу осы топтың мойнында. Адам рухының сапары тән ішінде жүзеге асатыны сияқты, қоғам рухының да көкке сапары бар. Айтуларынша, тозақ жеті қабат жердің астында, жұмақ жеті қабат аспанның үстінде. Тән – топырақтан, рух – аспаннан. Тәннің қалауларына еру – топыраққа түсу, ақыр соңында тозаққа құлау; рухтың қалауларына жету – көкке көтерілу, нәтижесінде жұмақты мекен ету. Зиялымын деген тұлғалар осы терең мақсатқа қарай өмір сүрулері және қоғамды осы жаққа жетелеулері керек. Үлкен өмірге қадам басып келе жатқан жас жігіттер мынаны білсе жақсы болар еді: ол болашақта қоғам ішіндегі бір топқа міндетті түрде жатады. Бүгін істеп жүрген істері оны осы істермен айналысқандардың ішіне енгізеді. Егер жақсы іс істесе, жақсылардың қатарына қосылады; жаман іс істесе, жамандарға араласып кетеді. Айтпағымыз мынау: қай жерде болса да, адам басқаларға пайда жеткізу жолында болуы керек. Жақсылық жасау – амалдардың ең көркемі. Ғибадат пен тағатты өзің үшін жасайсың, бірақ адамдарға пайда жеткізу – нағыз ерлік. Жақсылық деген – өз атыңды өшіріп, басқалардың абыройы үшін күресу. Өзің аш қалып, басқаны тойдыру. Басқаның рахаты үшін ақы талап етпей, өз рахатыңнан бас тарту. Сенімді болу керек: шынайы жақсылық міндетті түрде жамандықпен жазаланады. Махаббат жеккөрушілікпен, мейірім зұлымдықпен, адалдық опасыздықпен, тазалық арамдықпен міндетті түрде сыналады. Бұл сынақтың екі мақсаты бар – шыңдау, күшті ету және лайық екеніңді тексеру. Адамдарға нан беріп, аштықтан; су беріп, шөлден құтқаруға болады, бірақ өтірікке тұтқын болғандарды ақиқат нұрымен қараңғылықтан жарыққа бастау – ең қиыны. Көздері нұр көрмеген соқырлардың жарықтан қорқып, сені өлтіріп қоюы түк емес. Ең үлкен жақсылық – адамзатқа ақиқатты бейнелеген ілім мен хикмет айнасын ұстату. Бірақ дайын бол: айнаны сындырып, сынығымен өзіңді бауыздаулары әбден мүмкін. Бұдан қорықпа, бұл өлім сені мәңгілікке жеткізеді. Ілім жолын ұстанатын жастар абай болулары керек: бүгін ғалыммын дегендердің арасында қызғаншақтары өте көп; ілім иесімін дегендердің ішінде өлімді мойнына алғандары көп. Қызғаншақ дегеніміз – өзінен ілімі көбейгенді көре алмайды, өйткені ол ілімді абырой үшін үйренген еді, енді басқаның ілімі көбейсе, өзінің абыройы тартып алынғандай сезінеді.

Өлімді мойнына алған ғалым – оқудан тоқтаған, ілім таратуды доғарған, тек күнкөріс үшін өмір сүріп жүрген, мансап пен орындық үшін ілім жолынан шығып кеткен адам. Ол үшін жастардың ізденісі, ашқан жаңалықтары, жетістіктері ләззат бермейді; бедірейген заман мәселелеріне жаңа идеялармен шешім іздемейді; құштарлығы өлген, бір-бірін қолдамайды; ақиқаттарды баян етпейді; тепсе тебінгі сезбейтін халге келіп, ит жатыс, мырза тұрысқа көнген. Ол ғалымды тірі деуге бола ма? Ол өлген, өз еркімен өлімді таңдаған, ал ғалым деген – күн сайын тынымсыз азап шегетін, түнді таңға, таңды түнге жалғап еңбек ететін, ілімін таратушы жан. Ұлттың рухы – ілім. Ілім мәжілістері көбейсе, ілім мәжілістері көпшілікке толы болса, халық қарын қамынан сәл биіктеп, жүрек пен рух қамын ойлай бастаса, ол – халық, ол – ел, ол – ұлыс. Әйтпесе, санасыз жаратылыстар үйірінен қандай айырмашылығы бар?! Отанда тұрып сапар жасай алмағандар сапарды тек отаннан шыққанда ғана жасауға болады деп біледі. Олар адамдардың күнә батпақтарынан тәубе тауларына қарай сапар жасауы мүмкін екенін білмейді. Олар нәпсі қазығына байланған, жер менің айналамда айналады деп ойлайтын бейшаралар. Айтпақшы, ілім – бұл жоққа шығару емес, сезімдер ботқасы емес, әдемі сөздер тізбегі емес, ұзақ уақыт азаппен қол жеткізілетін, тәнге сіңіп, амалға айналатын жарық бір ақиқат. Сондай жарық, зұлымдықтың қараңғылығында да, бақыттың дәулетінде де жолды жоғалтуға жол бермейді.

Акром МАЛИК

2 120рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    Даму – қызған шағында. Сәулетті ғимараттар. Костюм-шалбарлы адамдар. Мыңдаған адамдарды жинаған залдар.…

    Ішіңде бірдеңе шым ете қалады. Кенет жүрегің дүрсілдеп кетеді. «Мен де солардың қатарында болсам ғой!» Бұл көрініс youtube-тағы бейнежазбада әбден тартымды көрінеді. Бәрінің…

    3 мин

    Жүрек – өте нәзік жаратылыс. Оны бір тамшы шықпен салыстырсақ па екен? Таңертең гүлдің жапырағын мекен еткен…

    Жүрек шығын сақтау үшін оны күзетшілермен қорғау керек. Бірінші күзетші – ақыл. Ақыл жүрекке керексіз, көңіл-күйді түсіретін сөздерді кіргізбесін. Сіз туралы кейбір ғайбаттар бар,…

    2 мин

    Оқуға, жазуға, ойлауға және ақиқатты табуға ұмтылатын әр жастың белгілі бір дәрежеде дарыны бар. Мысалы,…

    Көктемде ағаштар жайқала гүлдейді, сол гүлдердің әрқайсысы жеміске айналады – жастардың дарыны гүл сияқты, олар жеміс беруі керек; ағаштардың гүлдері жеміс бермеуінің себептерінің…

    2 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.