Тіл

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ — фото

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Үшінші бөлім

Өсу сатылары

Екі жастан кейін баланың өсуі жылдамдайды – таусылмайтын сұрақтар, жалт-жұлт еткен көздер, ойынқұмарлық. Бала өз атымен – бал! Бал ғой?! Яғни бала сөзі «бал ғой» деген сөзге ұқсайды. Алайда оның тәрбиесіне мұқияттықпен, сергектікпен қарау керек, баланың бал екені адамды алдап қоймасын. Яғни балаға мейір көрсету мен аяушылық танытуда шектен шығу қалаусыз салдарларға алып келеді. Нақтылық үшін кейбір маңызды деп санаған кеңестерімізді нөмірлеп ұсынсақ: 1. Балаға былдыр тілмен емес, толыққанды үлкендер тілімен сөйлейді. 2. Баланы вундеркинд етіп тәрбиелеймін демейді, оған бір қарыс кезінен оқу-жазуды және басқа нәрселерді үйретемін деп, балалығын, ойыншылдығын ұрлап алмаңыз. 3. Ең маңызды әрі нәзік мәселе: үлкендер, әсіресе ата-аналар келісе алмай қалса, мәселені балалардың көзінен тыс, оңаша шешіңіз. Ешқашан кішкентайлардың көз алдында у-шу, әдепсіздік жасамаңыз.

4. Баланың құлауы, тентектік жасауы табиғи, бірақ ата-ана өзін былай ұстауы керек, бала еркелік шегі бар екенін өзі түсінсін. Бірақ бұл шек айқайлау немесе дөқ көрсету, баланың жүрегін шайлықтыру арқылы болмайды. 5. Баланы темір-терсектен – телефон мен теледидардан аулақ ұстау шарт. Бала үш жастан кейін ертегі мен әңгімелерді жақсы көріп қалады. Оған түрлі ойыншықтар, түрлі түсті суретті кітаптар алып беріледі. Кейін кітаптардан балаларға қызықты әуенмен түрлі әңгіме мен ертегілер оқып беру керек. Бұл нәрселер балаға қайталанбас әлем сыйлайды – бала бұл ертегі мен аңыздар әлемін қиялында қайта жасайды, ертегі тыңдауды сүйеді, сондықтан ең таза бейнелер, таза сөздер мен көріністер пайдаланылады, ертегілердің соңы тек жақсылықпен аяқталуы, қорықпау мен батылдық онда мадақталуы шарт. 6. Баланың ойын сағаттары, ойын алаңдары мен жолдастары болуы керек және мұны ата-ана бақылайды. Ұл не қызды кіндікке байлап алудың қажеті жоқ, одан үлкенірек есті ағалары болса, өте жақсы, болмаса, баланың еркін ойнауы үшін жағдай жасау керек. 7. Балаға аз-аздан жұмыс бұйыру және ең кішкентай ісін де мақтау керек. Ешқашан баланың көңілін қалдырмаңыз, ол мейір бұлағының суына әрдайым қансын. Балаңызды мейірге шөлдетіп қоймаңыз. 8. Бала өз тілектерін айтқанда, оларды орындаңыз, бірақ дереу емес, кешіктіріп, мерзім қойып, кішкентай балаңыз да бәрі уақыты жеткенде болатынын, сабыр керектігін осылайша сезініп отырсын. 9. Бес-алты жастан бастап күн сайын жарты сағат, бір сағат әріп таныту, сандарды жаттату үшін уақыт бөлген жөн. Бала алты жасында оқу мен санауды, тіпті жеңіл есептерді, түстерді ажыратуды, ойыншықтарды жайып, жинауды білсе, жақсы. 10. Бала жеті жасқа толғанда қарым-қатынас байыпты сипат алады – еркелетуді тоқтату және балаға жауапты тұлға ретінде қарау кезеңі басталады. Енді оның ойын сағаттары азаяды, сабақ сағаттары, отбасына көмек сағаттары көбейеді. Оған байыпты көзқараспен қаралады. Қате жасаса, аздап қабақ шытылады, олай істемесейші деп айтылады. Жеті жастан он жеті жасқа дейін баланы құлдай ұстау туралы нақыл тегін емес. Бала жеті жасқа дейін тақта отырсын, кейін тақтан түсіріледі. Алғашқы жеті жыл оның әрі тәндік, әрі рухани өсу жылдары еді, кейін де оған зиян келтірілмейді, тек тәртіп пен нақтылыққа, жауапкершілік пен ұқыптылыққа үйрету әрекеті басталады. 11. Балаға тапсырмалар, орындау жөнінде түсіндірмелер және белгілі уақыт беріледі. Берілген тапсырманың орындалуы міндетті түрде тексеріледі. Бұған ауланы шауып қой, үйді тазала, пәлен нәрсені апарып бер сияқты тапсырмалар кіреді. Баланың істі шала орындауына жол берілмейді. 12. Бала ақшамен қарым-қатынас жасауды білуі керек. Оған жеті жастан бастап нақты есеп негізінде ақша беріледі және жұмсау-шығыны түсіндіріледі, тіпті осы жастан бастап баланың белгілі бір тәндік (!) еңбегі үшін ақша беруге болады, егер шығармашылығы болса, шығармашылық ісі үшін де. Сабақ пен басқа да осы сияқты істер үшін емес, біліктілік пен ақыл, дене күші мен уақыт талап ететін нақты істер үшін ақы беру керек. Тапқан ақшасын бірге санап, әмиянға немесе оның ақша сандығына салып, белгілі бір бөлігін ехсанға бөлуді үйрету керек. Ехсан дегенде, ең алдымен, атасы мен әжесіне ақша сыйлауды үйренсін. Сосын жағдайы төмен әкесінің, анасының апа-сіңлілеріне. Сосын туған-туыс пен көршілер ішінен мұқтаждарға. Сондай қаржылық жүйе жасау керек, баланың өзі жинаған ақшасына өзіне мектеп киімі мен оқу құралдарын бірге сатып алу керек. Сонда сегіз жасар баланың киімдерін ұқыпты ұстайтынын, дәптерлерін аялайтынын, өзін үлкендердей байыпты ұстайтынын көресіз. Оның көз алдында тәндік еңбек пен уақыт ақшаға – құнға айналады. Бұл оны өсіріп жібереді – баланың миында бос жүруге орын қалмайды. Балаға ұйқы, сабақ уақыттарын нақты белгілеу керек. 13. Баланы он жасында шеберге тапсыру керек. Шебер ұстаның таза, адал әрі отбасылы, мейірімді, мінезі таза екенін қатаң тексеріңіз. Бала күн сайын үш сағат өнер үйренсін. Мұнда жылдарды бөлуге болады: етікшілік, ағаш ұстасы, электрик, сантехника, кірпіш қалау, сылақ, тіпті тігіншілік. Әр жылы бір ұстаға шәкірт болады. Он жеті жасқа дейін бала он өнерді игере алса, нұр үстіне нұр. Осы жасында слесарь-дәнекерлеуді (сварка), арба ұсталығын (көлік жөндеу, велосипед жөндеу) үйренсе, енді сөз болуы мүмкін емес! 14. Мектеп бәрін бермейді, бүгінгі деңгейдегі мектеп ең алдымен оқу, жазу, есептеу, география, тарих сияқты пәндерді оқытса, қосымша физика, химия сияқты ғылымдардың негізгі мәліметтерін бере алса да үлкен іс. Бүгінгі деңгейдегі мектеп бала тәрбиесі мен табиғатына соққы бермесе, оны бұзбаса, ұлы іс саналар еді. Осы мағынада баланы жеке мектеп деп аталатын жасанды жұмақ жылыжайында емес, әкенің басшылығымен отбасы аясында көбірек тәрбиелеу және өмірге дайындау бүгін өзекті. Осы мағынада баланы сағат 12.00-ге дейін ұстап отырып, кейін үйіне жіберетін ресми мектепке беру мақсатқа сай келіп отыр. Өйткені әрі тегін, әрі баланың күнінің тең жартысы өз еркінде, ата-ананың еркінде қалып отыр. Баланың жарты күнін еркін өткізуге рұқсат берген мектепке алғыс айтып, балаға уақыт бөлу ата-ана өміріне де мән береді, әрі ата-ана ретіндегі міндетін дұрыс орындауға мүмкіндік ұсынады. Ата-ана баланы тек өнерге не саудаға тастап қоймайды, сонымен бірге оның кітап оқу мен өз бетімен ілім алу дағдысына да көмектеседі. Ата-аналарға кеңес мынау: классикалық және заманауи ақындардың шығармашылығынан түрлі хикметтерді балаңызға аптасына 30 жолдан жаттатып отырсаңыз, жақсы болар еді. Жылдар бойы бұл жаттаған хикметтер бала ойлауын қалыптастырып, дүниеге деген көзқарасының дұрыс қалыптасуына үлес қосар еді. 15. Балаға киім таңдауды – қымбат болса, сапалы әрі түсі жарасатын, өлшемі сай киім таңдауды, сондай-ақ халал әрі таза тағамдарды таңдап жеуді үйрету керек. Баланың санасына тек өзі еңбекпен тапқан ақшаға пісірілген тамақты еркін жеуге болатынын құйып қою шарт. Қорытып айтар болсақ, баланы адам етіп тәрбиелейік. Ол бірнеше тілде былдырламасын, заманауи жігіт не қыз болмасын, бірақ ерікті, төзімді, адал, еңбекқор, іскер, инсапты, өнерлі, батыл, отбасыжанды және тағы басқа адами қасиеттерге ие болып өссін.

Біздің жеке (негізінде, тарихтан келген тәжірибе) кеңесіміз мынау: балаңызға ата-бабаларымыз үйренген ескі түркі әліпбиін үйретіңіз, кейін аз-аздан екі-үш жыл ішінде «Сәбатул ғажизин» кітабын жаттатып қойыңыз, сосын он үш жасынан бастап Сайф Сараи хазірет жазған (түпнұсқасы шейх Сағди хазіретке тиесілі) «Түркі гүлстан» кітабын оқытыңыз. Осы барыста Әлихан төре Сағуни хазіреттің қаламынан шыққан «Тарихи Мұхаммади», «Түркістан қайғысы» сияқты кітаптарды да оқып отырғаны жақсы. Нәтижесінде, көзіне дүние жарқырап көрінеді. Балаңызды дұрыс ойлауға, табандылыққа үйретсеңіз, жетіп жатыр, ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ: ешкім оны жолдан тайдыра алмайды, өзіндігін жоғалтып, енді шетелде тұрып, елдегілерге ақыл үйретіп, бақылдап жүрген надандармен де араласпайды.

Акром МАЛИК

2 270рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    Тоғызыншы тарау

    ЖҮКТІ БОЛУ, БАЛА КҮТІМІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ Екінші бөлім Нәресте Нәрестенің дүниеге келуі – үлкен бақыт. Бұл жерде жас ананы бәрі қолдауы керек: көбіне бұл жерде жауапкершілікті ене…

    6 мин

    Тоғызыншы тарау

    ЖҮКТІ БОЛУ, БАЛА КҮТІМІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ Бірінші бөлім Екіқабат Өзбектер – балажан халық. Балажан болмауға бола ма? Болады екен. Балалы болуды қаламау, баланың орнына күшік бағуды…

    4 мин

    Біз де есейіп келе жатырмыз, сірә. Бірте-бірте тән де, рух та кейде тыныштық құшағында демалғысы келеді.…

    Осындай сәттерде табиғат аясындағы сапар пайда береді екен. Бұл ақылмен емес, өз-өзінен туатын қажеттілік екен. Бұрын да тауға шыққанбыз, бірақ жолбасшымен сапар машақаты оңай…

    1 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.