АЗАТ АДАМ ФИЛОСОФИЯСЫ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
АЗАТ АДАМ ФИЛОСОФИЯСЫ
Бірінші тарау
Көрініс
Қазіргі таңда байқалып отырған жағдай, менің ойымша, мынадай: жасы үлкендерде жауапкершілік сезімі азайған, олар жас ұрпақтың, әсіресе өз перзенттерінің болашағы мен мінез-құлқы алдындағы жауапкершілікті сезінбей отыр.
Бұл ақиқаттың көрінісін бізге мына жағдай айқын көрсетуде: мектепті бітіріп келе жатқан жігіттер мен қыздар да, мектепті бітіргендер де, университетті тәмамдағандар да өз болашағын қандай да бір түрде елестете алмайды – бұл бірінші нүкте; екінші жағы мынада: жастар жалпы алғанда да, жеке-жеке алғанда да, жаппай да, дара күйде де өз құнын, адам ретіндегі бағасын белгілейтін мінез бен әдеп қағидаларынан, заманауи тілмен айтсақ, адами мәдениетті көрсетіп беретін негізгі дағдылардан бейхабар күйде ер жетуде.
Өзін іздеп, өзін тануға құштар жастар есейе бастағанда, мен кіммін, қалай өмір сүруім керек деген сұраққа тап болады. Осы сұраққа жауап іздеп, жан-жағына алақтайды және бәріне көз тігеді. Тәнінде оянып келе жатқан нәпсі ләззатына, қоғамдағы бейберекеттікке, ешкімнің ешкіммен ісі жоқтығына, адамдардың бір-бірін алдап, бір-бірінің көңілін жаралап жатқанына куә болады да, иығын қиқаң еткізіп, біраз уақыт қатып қалады.
Түрлі дереккөздерге қызығады, табиғатына және отбасындағы ортасына, кездестірген алғашқы әсерлері мен сезімдеріне сүйеніп, бірте-бірте өмірлік қағидаттарын қалыптастыруға кіріседі. Қоғамдағы қызыл сызықтарды көреді – не болады, не болмайды. Ең қызығы, бүгінде қызыл сызықтар тек саясатта ғана қалған.
Басқа қызыл сызықтардың барлығы дерлік басып өтілген, тіпті өшірілуде. Шектен тыс әлсіреп қалған адамгершілікке, дәлірек айтсақ, салт-дәстүрге қатысты қызыл сызықтардың үстінде айғай-шу көтеруде.
Жастар көз ашып көріп отырған әлем мынадай: бәрі ойын-күлкінің соңынан жүгіруде, ешкім машақат пен қиындыққа көнгісі келмейді, адамзат барынша жайлылық пен сән-салтанат жасау құмарлығымен жанып-күйіп жатыр; тағам шектен тыс көп; сусындар алуан түрлі; бәрі есік алдына әкеліп берілуде. Адамдардың бақыты мен ырысы, қуанышы мен шаттығы үш нәрсемен өлшенуде: байлық, ләззат және атақ-даңқ. Бәрі бай болсам дейді.
Ақшам көп болса дейді. Көп ақшаға көлік алсам, биік үй салсам, жұмсақ төсектерім болса, әдемі жиһаздарым болса және тағысын тағы. Осы байлық арқылы пайда болған нәрселерден көзім, тәнім ләззат алса – дәмді тағамдар, тәтті сусындар, теңіз жағасында демалыс, тәннің сұлулығы үшін спорт, әдемі жар қолға түссе!
Содан кейін бәрі оны танып, қошемет көрсетсе, мұның қандай жолмен болатыны қызық емес, бастысы, адамдар тамсанып, саусағымен нұсқап, қандай танымал адам десе болғаны. Сондықтан блог жүргізеді, түрлі контент дайындайды, ән айтады, би билейді, көпшілік қызық деп санайтын мәселелерде бәрінің назарын аударатын пікірлер білдіріледі; керек-керексіз жерде әр мәселеге мұрын сұғыла береді.
Бұл қалауларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған: спорт залдары, концерттер, музыка мен ән байқаулары, фестивальдар, әлеуметтік желілер және ынталандырулар. Қаншалықты арзанқол болсаң да, сөгетін ешкім жоқ. Ойыңа келген кез келген қылықты жасасаң да, жазаланбайсың – әрекетің қылмыс деген атпен заңдар кітабына жазылмаса болғаны. Қылмыс жасасаң да, оның машақатты жағы қалмағандай, мысалы, адам өлтірсең, 20 жылға сотталасың.
Түрмеде бір жерден шықпайтыныңды есептемегенде, ішер ас, киер киім орнында. Жақындарыңмен үш ай сайын кездесу. Онсыз да бостандықта жүргенде олармен жиі көрісе бермейтін едің. Мемлекет сендей кісі өлтірушіні тегін асырайды. Оның үстіне, Батыс жақтағы үкіметтер біз сотталған қылмыскерлердің құқығын қорғаймыз, олар аппақ мамық жастықта ұйықтасын деп талап та қояды. Және тағысын тағы.
Міне, осы контексте енді ер жетіп келе жатқан жігітті не қызды ең алдымен мынадай мәселе ойландырады: «Қалай жұмыс істеп ақша тапсам екен?»
Адам болу, өмірлік қағидаттарды белгілеу артта қалады. Ең алдымен аман қалу мәселесі тұрады.
Әрине, мен кіммін және қалай өмір сүруім керек деген сұрақ осы үдерісте шешіліп кетеді: мен – әлеуметтік бір жаратылыспын; жұмыс істеуім керек, жұмыс істеуім үшін мамандығым болуы керек, мамандығымды жетік меңгеруім үшін оқуым керек, оқуым үшін ыждаһат пен сабыр керек, ата-анамның ақшасы керек, жақсы таныстар табуым керек, іскер әрі жігерлі болуым керек, бастықты ренжітпеуім керек, адамдармен тіл табысуым керек, әдемі киінуім тиіс, денем сымбатты болсын, семіріп кетпейін, ақылды көрінейін, сөзуар болайын, өз мәртебемді ашуым керек, дұшпан табуға болмайды!
Тағы қоссақ: жазылмас дертке шалдығып қалмайын, абыройым төгілмесін.
Не үшін өмір сүріп жүрсің деген сұрақ осы тығыздықтың ішінде жоғалып кетеді, өйткені үдеріс соншалық жылдам, бір сәт тоқтап ой жүгіртуге мүмкіндік жоқ: тезірек бол, жүгір, кешікпе, ақша тап, атап өт, мереке жаса, киім ал, мектепке бар, жүргізуші куәлігін ал, оқуға дайындал, оқы, жатта, емтихан тапсыр, курстық жұмыс жаз!.. және тағысын тағы.
Егер осы істердің біреуінде кешіксең, бітесің: сен қоғамның ең артта қалған өкіліне айналасың: сені ешкім еске алмайды, жиындарға шақырмайды, құрметтемейді, инстаграмда контентіңе ешкім қызықпайды.
Оның үстіне, кеше ғана жұмыртқадан шыққан бір сүйем әтешқораз уағызшылардың айғайы, даусы тынбайды: soft skill жина; өз үстіңнен жұмыс істе; шетел университетіне грант ұт; көп кітап оқы; мақсатыңды нақты белгіле; өз орныңды тапқанша әр жаққа секір! – бұл істердің бәрін мен жасағанмын, міне, менен үлгі ал! (шын мәнінде, иттен бетер жалқаумын, шошқадан бетер былықпын, айтып жүргенім – спектакльдегі менің бейнем)
Осылайша, бәрінің көзі виртуал әлемге тігілген, тамақ ішу, киіну, жұмыс істеу және дәретке бару үшін одан ажырауға болады, бірақ осы сәттерде де виртуал әлемнен ажырай алмай жатыр:
«Қоғам саяси тұрғыдан оянуы керек! Саяси белсенді болайық! Міне, Джон Локк... Міне, Монтескье... Міне, әлсіздердің күші... Бұл – қоғам ойының кристалданған түрі... Саяси таутология және непотизм... Демократиялық қағидаттар мен либералдық көзқарастар және шектен тыс консервативтік ұстаным арасын ажырату керек...»
«Сіз ата-бабаларыңыз жасаған күнәлардың кесапатына қалғансыз... Сіздерді мен емдеймін... Балалық шақ жарақаттарынан арылыңыз... Бәрін кешіріңіз... Бір қағазға барлық күнәларыңызды жазыңыз...»
«Әйелдерге күйеулері зұлымдық жасайды... Өзіңізге уақыт бөліңіз... Сіз әйелсіз, мұны ұмытпаңыз...»
«Негізгі мәселе – интимдік өмір... Бізде одан ұялады... Ұялмау керек, өйткені бұл – өмір...»
«Қоғам еркін ойлауы керек... Ойлауға кедергі келтіретіндерді асфальт төсейтін тракторлармен таптап тастау керек... Қырық миллиондық биомасса шығармашылықты түсінбейді... Өнер өнер үшін... Сурет көріледі, музыка тыңдалады, өлең оқылады...»
Әрине, мұндай дәйексөздер де виртуал әлемді толтырған у-шудың бәрін қамти алмайды, өйткені мағынасыз вайндар, иесіндей талғамсыз әндер және сөзбен жазып жеткізу қиын болатын былжырақтар бар, оларды тіпті жіктеуден мағына көрінбейді, бірақ бұлардың бәрі бүгінде барлық дерлік адамдардың миында үңгірдегі жаңғырықтай айналып жүр.
Қап-қараңғы қалың тоғай. Түн. Ағаштардың діңдері, бір-біріне шырмалған бұталар, батпақтар, шиқылдаған, қырылдаған дыбыстар естіледі. Аспандағы айдың сәулесі қалың бұтақтар арасынан әрең өтіп, орман бетіне түседі.
Осы сәтте кенеттен тарс еткен дыбыс естіледі: жерге қайдан екені белгісіз, жай ғана жоқтан бір ми мен бір жүрек бір-біріне жалғанған күйде біртұтас дене болып түседі. Кенет айнала гуілдеп кетеді: ағаштар мен бұталардың арасынан санап болмас көп шибөрілер, қасқырлар, түлкілер және басқа жыртқыштар атылып шығады. Олардың бәрі ми мен жүректі өзіне олжа еткісі келеді.
Ми орнынан тұрады, үсті-басын қағады. Жүрек бір қалыпта соғып тұр. Бұл екеуі әлі бұл жыртқыштарды танымайды, сондықтан қорықпайды. Бәріне таңдана қарайды, бәрі қызық көрінеді. Арасында түрлі жыландар да бар: көзілдірікті жылан, су жыланы, сары жылан, қара жылан, оқжылан...
Ғажап, ешқайсысы ми мен жүрекке шабуыл жасай алмайды, себебі ми мен жүрек бұл жануарлардың қайсысына бейім болса, соған олжа болады екен, сондықтан барлық жабайылар өз өнерін көрсетеді: бәрі ми мен жүректі өзіне еліктіріп әкетсе екен деп...
Бұл көріністің мағынасын құрметті оқырман түсінген болар: ми мен жүрек – бүгінгі күннің баласы; қап-қара орман – виртуал әлем; жыртқыштар – виртуал әлемнің сиқыршылары. Жас жүрек қай жыртқышқа тұтқын болса да, онда бір ақиқатты түбегейлі ашуға мүмкіндік болмауы мүмкін.
Неге өмір сүріп жүрмін? Қалай өмір сүруім керек? Тыныштық деген не? Адам кім? Адамгершілік деген не? Әділет қайда? Ақиқат деген не?..
Мұндай сұрақтар ашық қалады. Ертең ер жетіп, миы қатып қалған жігіт не қыз кейін тек тәннің қамымен ғана жүреді.
Ол әлі жас кезінде, оның рухы әлі қараймай тұрғанда, жүрегі әлі ауырмай тұрғанда, нәпсісі әлі оны шынжырлап алмай тұрғанда, бәрін түсінуі керек. Азат адам болып қалуы керек. Азат адам болу үшін әлем, өмір және адам туралы барлық сөзді жүйелі түрде зерттеп шығуға мәжбүр.
Қызық, адамзат осы айтылған жағдайға қазір ғана тап болды ма? Тарихта қалай еді? Даму қалай өтті?..
Акром МАЛИК



Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.