Қалам – Құдай берген нығмет. Қалам дегенде, көркем, ғылыми шығармашылықты, шешендік сөз, уағыздарды еске…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Қалам – Құдай берген нығмет. Қалам дегенде, көркем, ғылыми шығармашылықты, шешендік сөз, уағыздарды еске аламыз. Романдар, повестер, әңгімелер; өлеңдер, қасидалар, дастандар және т.б. Қалам барлығының қолына берілген емес. Құдай кімді қаласа, соған қалам беріпті. Қолына қалам берілген адам оны алуда ерікті болмағаны сияқты, оны тастауда да ерікті емес. Жазу дертіне шалдыққан адамның бұл дерттен құтылуы мүмкін емес. Жаратылысына жазу сипат ретінде жазылған екен, адам баласы жазу қалауы алдында амалсыз қалады. Жылан ойнатушының өлімі – жыланнан, дарда ойнаушының өлімі – дардан дегендей, қаламгердің өлімі де қаламнан болуы ықтимал. Яғни қалам ұстаған адам қаламды қате жолға жұмсаса, әлбетте, оның азабына өзі душар болғай. Сол себептен қаламды дұрыс мақсаттарға дұрыс ниетпен қолдану керек. Қаламның мақсаты – ақиқаттардан адамдарды хабардар ету. Ақиқат мынау: адам өзін түзетпейінше, ешнәрсе дұрыс болмағай. Әлем сенің жүрегіңмен сөйлеседі. Жүрегіңде не бар болса, сол саған бет бұрады. Тағдырыңда болған әр іс жүрегіңнен шығып келген. Жүрегіңді түзу ұста. Жүректің түзу болуы шыншылдық, әділдік, шынайылық, батылдық, адамсүйгіштік, көркем мінез, сабыр, төзім, шүкір, жақсылық, махаббат, хикмет, салмақтылық, мейірім, кішіпейілдік, қарапайымдылық, жұмсақтық, ерлік, тәфәккур, қанағат, инсап, ұят сияқты қасиеттермен көрінеді. Өтірікші – бақытсыз; залым – пасық; екіжүзді – төмен; қорқақ – қор; адамдарды сүймейтіннің несібесі – махаббатсыздық; мінезі жаман адам – жалғыз; сабырсыз – жолсыз; төзімсіз – масқара; шүкірсіз – мақрұм; жақсылықсыз – жаман; жеңілтек – қадірсіз; түсінігі таяз – дәрменсіз; мейірімсіз – азапқа душар; тәкаппар – ақымақ; көзі қаттының жүрегі қатты; ерліксіз босаң – күйзелген; ойланбайтын – надан; ашкөз – аяқасты; инсапсыз – қуылған; ұятсыз – жиіркенішке ұшыраушы. Ел-жұрт көркем мінез бен хикметке мұқтаж. Көркем мінез бен хикметсіз ешбір мақсат орындалмас. Қаламмен адамдарға көркем мінез бен хикмет есіктерін ашуым керек. Қалам тек адамның жеке дерттерін білдіруші емес немесе ол кісілерді айыптау үшін міндеттелмеген, керісінше, ол халық үшін ақиқатқа апаратын жолды көрсететін машақ. Ақиқат – нұр, саған сәкина мен рахат, ләззат пен шабыт, тыныштық пен іңкәрлік сыйлайтын жаңалық. Менің ойымша, қаламның міндетін дұрыс түсіндім. Түсінгенім ұлылардың парақтарын оқудан пайда болды. Жүрегіңізге сырлас, жолыңызға жолдас, машақаттарда қолғабыс болатын сөздерді Құдайым көңіліме шабыт етіп беруінен және олардың сіздерге жетуінен үміттімін...
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.