Тіл

2-бөлім

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

2-бөлім

… Шейх Санъан шіркеуде христиан монахтарының арасында діннен шықты, ислам елдерінде кәпірліктің белгісі саналған зуннар белбеуін беліне байлады; шарап ішті және Мұсхафты отқа тастады (нағузу билләһ). Содан соң шошқа бағып, жайлауға шығып кетті. Ақшамнан кейін келіп, шіркеудің отын жағумен айналысты. Бұл жағдай үш жылға созылды. Үш жыл бойы шейхтың тарса қызына деген ғашықтығы түйірдей де кемімеді, қайта арта түсті; тіпті ол қызбен болатын қауышуды іңкәрлікпен күтті. Ақыры, белгіленген күн келгенде, шейх қыздың көшесіне барды, бірақ қыз оған көз қиығын да салмады, шал оның соңынан еріп, уәдеңе опа қыл, әй, қыз, деді. Қыз оған бір қарады да, кәрі шалды жас қыздың сүйгенін ешқашан көріп пе едің, бәріне жеткен ақылың осыған жетпеді ме, мен саған ешнәрсе уәде еткен жоқпын, деп бет бұрып кетті. Шейх сілейіп қалды. Үмітсіздікке түсті де, қаладан шығып, шошқаларын баға берді. Кездейсоқ оның мүридтерінің арасында біреуі бар еді – шейх Рұмға кетпес бұрын оны бір тапсырмамен алысқа жіберген еді; бұл мүрид істі бітіріп келсе, Меккеде шейх Санъан жоқ, шәкірттер тоз-тоз… Бұл шәкірт қалғандардың бәрін жинап, оларға былай деді:

«Әй, намыс жағынан доңыздан да бетер болғандар! Шейх сендерге пір, сендер оған мүрид едіңдер. Оның иршадынан үміт күтуші едіңдер. Бұл пақырлық жолының шарты мынау еді: мүршид не істесе, мүридтері соның соңынан еруі, бірақ Құдайға бет бұруы, Құдай үшін істеуі керек. Адамдарға араласса, адамдармен; жалғыз қалса, жалғыздықпен қалулары шарт. Сендей опасыздарға сопылық кейіп обал: тақуа жандардың шапаны, сәлдесі обал! Шейх аман-есен кезде махаббат білдіруші едіңдер! Басына іс түскенде, өздеріңді одан аулақ ұстап қашасыңдар! Ұстазға опасыздық жасап, оны шіркеуде тастап кеттіңдер. Құдайдан қорықпайсыңдар ма? Елден ұялмайсыңдар ма? Пірлерің осындай іске душар болса, өз жолбасшыларыңнан бас тартасыңдар, оның қызметінен, тіпті оның бар екенінен, болмысынан жалыққансыңдар! Өздеріңді салиқалы, дәруіш дейсіңдер. Зухдтарыңа, тәспиқтарыңа, сәлде мен асатаяқтарыңа ұят. Шейх сендерді тәрбиелемей, ит баққанда, пәлектен оған осындай зұлымдық жеткен шақта иттері оған опа қылмас па еді? Кейбір иттері кетіп қалса да, әлбетте, кейбіреулері қасында қалар еді; оның дұшпандарын қауып, арсылдап қуар еді; шейхтың мүшкіл халі үшін ұлып, аза тұтар еді; адам опасыз болса, опа жөнінде ит одан жақсырақ! Егер сендер ер болсаңдар, ұстаздарыңа осындай мұсибат түсіп, біреудің ғашықтығына душар болғанда, өзіне жапа шеккенде, сол жапаны сендер де өздеріңе лайық көруге, яғни қасында дерттес болып тұруға міндетті едіңдер! Бірақ бәрің дертсіздіктің не екенін көрсеттіңдер де, ұстазды намарттарша тастап кеттіңдер!»

Жалғасы бар.

2 240рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    1-бөлім

    Ғашықтық туралы естіген адам от туралы естіп, оның жарығынан нәр алған, бірақ күймеген көбелек сияқты. Отқа күйгенде, оның сау тәні қалмайды. Күйеді де, қап-қара болып қалады.…

    2 мин

    Иман иесіне шабыт Құдайдан келеді. Өмір туралы, адамдар туралы, сұлулық және жалпы барлық нәрсе туралы…

    Мұндай жарық ойлар мен тұжырымдардың парасат пен санада пайда болуы рахмани ілтипат екенін білу үшін мына белгілерге қарау керек: 1. Пайда болатын ойлар шариғатқа қайшы, күнә…

    2 мин

    Құлағаныңда тұр дейтін адамың бар ма?

    Қайғы сені билеп алғанда бәрі жақсы болады дейтін ше? Сені қараңғылықтан шығару үшін шын жүректен күресетін біреу бар ма өміріңнің шөлінде? Мерекелерде палау жейтін; бірге кофе…

    1 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.