1-бөлім
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
1-бөлім
Ғашықтық туралы естіген адам от туралы естіп, оның жарығынан нәр алған, бірақ күймеген көбелек сияқты.
Отқа күйгенде, оның сау тәні қалмайды. Күйеді де, қап-қара болып қалады.
Ғашықтыққа душар болмаған жан оның не екенін білмейді.
Ғашықтыққа душар болу – бұл қорлық пен дәрменсіздік.
Ес-түстен айырылу және масқара болу.
Ғашықтық алдында ақыл да, парасат та аман қалмас!
Ғашықтықтың екпіні басылып, ақылдың билігі қайтқанда, ғашық өзінің істеген істерін түсіндіруге дәрменсіз.
Бірақ ғашықтықтың азабы, айрылу мен қоштасу әкелген ауыр, қорлық пен масқаралықтың салдарынан пайда болған сөгістер алдында жанын уыстап қалады.
«Тағы да ғашықтық па… Қандай мұсибат!» – деп күйзелген жүрек пен ғашықтық алдында өлімнен қашқан жандай тыпырлаған ақыл ғашықтықтың апаты мен зұлымдығынан хабардар.
Ғашықтыққа алғаш қызығумен кірген адам одан аман-есен шығып алса, қайта оған кезігуден үрейленеді. Ғашықтықтан қалай аман шықтым десеңші деп таңғалады. Ғашықтықтан қалған күйіктерге қарап, қорқынышты түс көргендей дірілдеп кетеді.
Ғашықтықтың зұлымдығы туралы өте көп хикаялар бар, бірақ олардың ішіндегі ең ғажабы – жасы ұлғайған бір әулие жанның христиан қызына деген ақыл сенбес махаббаты. Бұл ғашықтықты түсіндіруге әлі күнге дейін ақылдар дәрменсіз, даналық үнсіз. Бірақ ол шейхтың ғашықтыққа кісенделіп, ақыл-есін, иманы мен исламын жоғалтқаны – ақиқат.
Хикая былай: Шейх Санъан деген адамның төрт жүз мүриді бар еді. Өзі Меккеде тұратын, әр мүриді әулиелікте мақамдарға жеткен, өзі көрген әр түсі өңінде келетін. Күндердің бір күнінде шейх Санъан өзін Рұмда, бір христиан қызына махаббатын білдіріп тұрған күйде түсінде көрді. Бұл түс тоқтамады. Күн сайын көре берді. Ақыры шейх бұл түстің хикметін білуге құштар болып, мүридтерімен Рұмға жол тартты. Рұмның астанасы Құстантиния христиандардың қолында еді. Шейх Құстантинияға кірді. Шынында да, ол шіркеуге ғибадатқа бара жатқан 18 жастағы христиан қызын кездейсоқ көріп, ғашық болды. Мұның ешқандай түсіндірмесі жоқ еді. Шейх ғашықтықты қаншама жасырса да, амалсыз қалды да, ғашықтық оны күйдіре-күйдіре ақылын алды, тіпті ғашықтық ең алдымен оның ақылын күйдірді. Шейх есі ауысқан күйде Құстантиния көшелерінде қаңғып жүре бастады. Бірте-бірте мүридтер одан ұялып, алдымен насихат, сосын сөгіс айта бастады. Бірақ шейх ешбір сөзге құлақ аспады, қайта оның ғашықтық себепті жындылығы шектен аса берді. Христиандардың балалары есінен адасқан шалды таспен атқылауды әдетке айналдырды. Шейх сүйіктісі өтетін көшеде күні-түні өткізетін болды. Оның ешнәрсемен ісі жоқ еді. Мүридтер маңайда амалсыз жүретін және масқаралықтан өздерін қайда қоярын білмейтін. Ақыры шейх христиан қызына өз махаббатын білдірді. Қыз оны мазақ етіп күлді де, кетіп қалды. Шейх енді қыздың көшесін мекендеп, махаббатын білдіріп жатты. Ақыры, біраз уақыттан кейін қыз онымен сөйлесуді жөн көрді: «Мұсылман шейхтары осындай болады екен ғой. Мейлі, менімен қауышуды қаласаң, дініңнен шығасың, шарап ішесің, Құранды өртейсің; үш жыл күндіз шошқа бағып, түнде біздің шіркеуде от жағасың…» Шейх шарттарды бақыттылықпен қабыл алды, мүридтер одан бас тартудан басқа жол таппады да, аһ ұрып, пірлерінен бет бұрып, төрт тарапқа тарап кетті…
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.