Тіл

БІРІНШІ ТАРАУ

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

БІРІНШІ ТАРАУ ОТБАСЫНЫҢ ӘМІРШІСІ — ӘКЕ

Екінші бөлім Әкенің мінез-құлқы

Әке — отбасының бүкіл жүгін иығымен көтеретін тірек. Ол мұны терең түсінеді. Ол көркем мінезді өзінің басты қорегіне айналдырады. Әке — ең алдымен төзімділік иесі. Ол отбасының алаңдаулары мен машақаттарынан сырт айналып қашпайды. Ол мәселелер мен қиындықтарды ер-азаматша иығына алады. Ол үшін отбасы және оның істері — өмір мен өлім мәселесі. Әке — батылдық иесі. Ол отбасын қорғауда ештеңеден қорықпайды да, тайсалмайды да. Отбасын тәндік те, рухани да тұрғыдан қорғайды, перзенті көмекке мұқтаж болса, қанатсыз ұшып жетеді; үйдің әр жағдайына жауапты: кешке есіктерді жабады; шамдар мен газды тексереді; қандай да бір ықтимал қауіптерді алдын ала сезіп, қорғану шарасын көреді. Әке ішпейді. Шекпейді. Азғындықтан және басқа да жаман істерден аулақ жүреді. Әке зұлымдық жасамайды. Әке асықпайды. Әке сабырлы әрі жұмсақ мінезді болады. Әке отбасындағы әркімді, әсіресе перзенттерін зейін қойып бақылайды. Олардағы тәндік және рухани өзгерістер мен өсулерді назардан тыс қалдырмайды. Балаларының көзі, жүзі, өңі — бәрі туралы біледі. Баланың қашан мұңды, қашан қуанышты болатынынан хабардар. Баланың ынталы ма, әлде жалқау ма; шыншыл ма, әлде алдампаз болып бара жатыр ма — бұдан бейхабар қалмайды. Баласының табиғаты нені сүйіп, нені жек көретінін біледі. Баланың білімге ме, әлде кәсіпке ме, қай өнер мен салаға қызығып жүргенін сезеді. Баланы үлкендердің алдында, көшеде жұрт көзінше еркелетпейді, сүйіп, құшақтап әлек болмайды. Керісінше, мұны іс-әрекетімен, қамқорлығымен сездіріп тұрады. Баланы қорламайды. Қатесін жұмсақтықпен айтады. Түзетеді. Түзетуіне көмектеседі. Баланың сөзін тыңдайды. Бірақ әр сөзін шын деп қабылдамайды, керісінше тексереді, содан соң не растайды, не жоққа шығарады. Баланы бір сәт те бақылаусыз қалдырмайды, бірақ мұны оған титтей де сездірмейді. Баланың кінәсін көрсе, алдымен екі рет ескертеді, содан соң жаза шарасын көреді. Ашуын қандай да бір түрде аса шамадан тыс етпей білдіріп қояды, бала әкенің де ашуы бар екенін білсін деп. Әке мен бала арасында перде болуы — табиғи нәрсе. Әке баламен сырлас әрі дос екенін жария етуге тырыспасын, керісінше баланың бүкіл жан дүниесін біліп тұрсын. Әкенің махаббаты әрдайым жасырын әрі қажетті. Яғни тілге шықпайды, ашық білдірілмейді. Белгілі бір түрлерде, белгілі бір жағдайларда білдіріледі, бұл табиғи. Мұндай қажеттіліктің сәтін әкенің зейіні түсінеді. Әке еңбектен қорықпайды. Еңбектен жалтармайды. Әке ғайбат айтпайды, ешкімді жамандамайды. Әке — сырлы тұлға, оның алаңдаулары мен қайғылары, қуаныштары мен шаттығы бала үшін құпия болып қала беруі керек. Әке ерте оянып, бүкіл отбасын оятуы тиіс. Әке құлшылықтарын өз уақытында орындап, дұға жасап, адал әрі таза тәнмен, таза киіммен жүруі керек. Әке ешқашан әурет саналатын мүшелерін байқаусызда болса да баланың көріп қоюына жол бермеуге тырысады. Балаға кішкентайынан оның маңызды тұлға екенін әкенің оған көрсеткен көңілі мен ықыласы аңғартады.

Акром МАЛИК

3 200рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    БІРІНШІ ТАРАУ

    ОТБАСЫНЫҢ ӘМІРШІСІ — ӘКЕ Бірінші бөлім Әкенің мәртебесі Әкенің мәртебесі ешқашан талас тудырмайды. Әке — отбасының басшысы. Оның сөзі — сөз. Оның пікіріне қарсы шығуға болмайды.…

    2 мин

    Кіріспе

    XIX ғасырдың соңына қарай дүниенің барлық түкпірінде ескі құндылықтарға соққы беру басталды. Бұл тіпті соғыстар түрінде орын алды. Біз соғыстарды саяси себептермен…

    3 мин

    Жалақы берудің хикметі туралы кейбір ақиқаттарды айтсақ, пайдалы болуы ғажап емес, иншаАлла.

    Басшы, ол қандай жерде болмасын, қызметкерлердің көңіл-күйі мен мінезін біліп тұруы керек. Яғни қарым-қатынас пен бұйрықтар соған сай болуы тиіс. Жаңа, яғни тәжірибесі аз немесе…

    3 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.