Дүние ахлы — дүниені бәрінен артық қоятындар. «Қисас-и Рабғузи»де айтылуынша, әлі Адам ғалайһиссалам жерге…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Дүние ахлы — дүниені бәрінен артық қоятындар. «Қисас-и Рабғузи»де айтылуынша, әлі Адам ғалайһиссалам жерге түсірілмей тұрып, Алла адамдардың рухтарын жаратып, жер бетіне — дүние өміріне жіберіп, қайтып келуді әмір етіпті. Адамдар дүние өміріне қадам басыпты да, айтылған мерзімде бір бөлігі Құдайдың құзырына қайтыпты. Бір бөлігі дүниеде қалыпты. Сосын Құдай оларды жәннатқа жіберіп, бір тамашалап қайтуды әмір етіпті. Бір топ адам жәннатта қалыпты да, бір бөлігі тағы да ізгі даргаһқа келіпті. Автор айтады: жер бетінде қалғандар дүниені сүйген дүние ахлы — кәпірлер еді. Жәннатта қалғандар жәннат ахлы — мүміндер еді. Құдайдың құзырына қайтқандар Құдайдың достары, әулиелері, ерекше құлдары, яғни Құдайдың ғашықтары еді. Құдай олардан неге жәннатта қалмадыңдар деп сұрады. Олар: «Құдайым, Сен бізге дүниеден де, жәннаттан да артықсың. Сенің ризалығың мен жамалың бізге жеткілікті». Құдай сосын бәрінің рухын әмір әлеміне қайтарды, сосын кейінгі оқиғалар болды: Адам ғалайһиссалам анамыз Хауа анамен бірге жерге түсті. Сосын кезек-кезегімен рухтар өздеріне арналған тәндерге жол ала бастады... Әңгімені осы жерде аяқтаймыз. Қалғанын кітаптан оқуға болады. Біздің айтпағымыз — дүние ахлы туралы. Дүние ахлын танып алудың кемінде екі пайдасы бар: біз өзіміз дүние ахлынан болып қалмадық па? Екінші пайда — осы ілім арқылы танып, дүние ахлынан қашу мүмкіндігі туады. Дүние ахлы мынадай болады: — олар өздері сияқты ақшалы, дәулетті адамдарды жақсы көреді; — олар адамдардың қадірін олардың қаржысымен өлшейді, ақшасы көпті көбірек, ақшасы азды азырақ құрметтейді; — дүниелері көбейсе, қуанады; азайса, қайғыға батады; — ақшасы көп адамдарды қызғанып, оларға дұшпандық жасаудың жоспарларын құрады; — ешқашан ілім мен ирфан, мағрифат пен руханият сұхбатына төзімдері жетпейді; — ғалымдар мен ілім ахлын менсінбейді, жүректерінің түкпірінде ілім ахлына деген мүлдем махаббат болмайды, олар ілім ахлынан титтей де сескенбейді; — ілім ахлының қателерін көрсе, қорлайды; — ақшаны көбейту үшін пасықтық пен харамнан тайынбайды; — олар жоқ-жітік пен кедейлерді кінәлап, оларды менсінбейді; — байлық пен ақшаны барлық жетістіктің белгісі санап, табысты ақшаның көптігімен өлшейді және бұл «табысқа» өз күшімен, ақылымен, айла-тәсілімен және пысықтығымен жеткеніне сенеді; — дүние ахлында кішіпейілділік жалған болады, олар ешқашан кішіліктің шыңына шыға алмайды; — олардың байлығы тартып алынса, оны қайтару үшін қатты күреседі, қайтара алмаса, яғни қайтару мүмкіндігіне ақылдары жетпесе, тез өліп қалады; — олар азғантай садақаларын үлкен етіп көрсетеді; міндетсінеді; — ғибадаттарын адамдардың көзі үшін жасап, оқыған жалған намазымен шынайы ғибадат иелерін келемеждеуге тырысады; — мал-мүлкіне біреу зиян келтірсе, қатты ашуланады; — ең бастысы, олар мүмкіндігінше ләззаттың барлық түрінен бәһра алуға әрі осы байлықтарымен жұрттың бәрін таң қалдыруға бүкіл күштерін жұмсайды; — олар тек байлық пен тән күшіне ғана бас иеді, сондықтан оларды бағындыру, сатып алу, құл ретінде пайдалану өте оңай. Көп адамдар ұлт пен дін қамын жеп жүргендей болса да, шын мәнінде ақша, атақ-даңқ пен мансаптың қамында болады. Олар әсте ақиқатты қабылдамайды және өздері сияқтылармен топтасып, басқаларды есік сыртында қалдырады. Олардан жиіркенбеген жақсы, оларға көңіл бөлмеген жөн; тек соларға ұқсап қалмау үшін адамның өз мінезінің үстінде еңбек етуі, хал иелерімен, Алланың адамдарымен және ғашықтық иелерімен дос болуы мұстахаб. Әркім сүйгендерімен бірге қайта тіріледі.
Акром МАЛИК
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.