АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ОТБАСЫН ҚҰРУ
Бірінші бөлім
Қажеттілік
Рисаламыздың негізгі бөлігіне келіп жеттік. Отбасын құру — өмір саудасы. Әрбір жігіт пен қыз отбасын құру өміріндегі ең маңызды мәселелердің бірі екенін ойлауы тиіс. Той — бұл көңіл көтеру емес. Той — бұл әншілердің жұртқа көрсетіп жатқан ойын-сауығынан гөрі тереңірек мәні бар оқиға. Той — бұл рәміз, яғни екі рухтың, Құдай құзырында тәңірлік тағдырмен жаратылған екі адамның — жігіт пен қыздың ең байыпты келісімінің, серттесуінің рәмізі, халық алдында жария етілген ант қолтаңбасы. Жігіт қандай әйелмен бір өмір сүргісі келетінін ой елегінен өткізеді. Әйел де қандай жігітпен өмір өткізгісі келетінін терең пайымдайды. Отбасы болып өмір сүру, адал ерлі-зайыптылық қарым-қатынасы адамзат өмірінің ажырамас бөлігі екенін түсінеді. Ерлі-зайыптылар өмірбақи біртұтас тән сияқты отбасы қамалын қорғайды. Отбасында ер мен әйелдің тәкаппарлығы мен нәпсісі үстем болуы мүмкін емес; отбасының берекесі, тыныштығы үшін екі тарап та өзін құрбан етеді. Ерлі-зайыптылар — жүректері бір-біріне оралған, бір-бірін аялап, қорғайтын, мәңгілік одақ үшін серттескен адамдар. Отбасын құрмаса, адамда адамдық келбет пен руханият қалмау ықтималдығы жоғары. Отбасын құрмау адамның бақытсыз өмір сүруіне, өмірден мән таппай, хайуан сияқты өтіп кетуіне алып келеді. Кез келген жігіт пен қыз, кез келген ер мен әйел, міндетті түрде, көркем бір отбасын құруға ниет етуі шарт. Бұл сәнқойлық емес, бұл мазақ емес, бұл тиянақсыз шешім емес; бұл Құдайдың құзырында да, адамдардың көз алдында да байыпты бір келбет пен айбын иеленудің негізі саналады. Отбасын құрмаған ер де, әйел де — жарымжан адам. Отбасысыздық — бұл рухани жалғыздық пен тірексіздік. Әрбір ер адам, міндетті түрде, адал бір әйелге мұқтаж, ер адам әйелсіз азып-тозады. Әрбір әйел, күмәнсіз, бір мәрт ер адамның некесінде болуға мұқтаж, ерсіз әйел — қорғансыз балапан; аяқ астында қалған раушан; үзіп алынған қызғалдақ. Әйел жоқ үй — зират. Ер адам жоқ аула — құлап бара жатқан қираған жұрт. Ер мен әйелдің бірге өткізген өмірі — шынайы өмір. Күндердің дәмі, сәттердің түсі әрбір адам үшін адал жарында. Тұрмысқа шықпаған қыздар немесе тұрмысы бұзылған әйелдер іштей мұңлы. Олар қанша ақша тапса да, мансап пен лауазым жағынан шыңдарға шықса да, ілім мен ирфанның жетінші қабатына көтерілсе де, кемшілік пен толымсыздық сезімімен өмір сүреді. Олар кеңселерде басшы болса да, камералар алдында ойнақы әрі паң қарқылдап күлсе де, қолдарында сылдыр-сылдыр ақша айналса да, ең қымбат киімдерді кисе де, тіпті бөгде ер адамдар оларды ұлықтап мақтаса да, гүлдер мен сыйлықтарға көміп тастаса да, басында бір күйеуі жоқ екен, сол күйеудің қол астында, ыстық құшағында, толық мойынсұнуында емес екен, міне, сол әйел тек у жұтады. Еркіндік, азаттық және тағы қандай да бір сөздермен өздерін жұбатсын, ақтасын, жанжал шығарсын — ақиқат өзгермейді. Отбасын құрған әрбір ер мен әйел отбасын аялап сақтауы уәжіп. Отбасында ер мен әйелдің мінез-құлқы қандай болуы — бөлек тараудың тақырыбы, біз мұнда тұрмыс құру, үйлену адамзат үшін қаншалықты қажеттілік екенін негіздеп отырмыз. Отбасын құрмаймын деп жүрген әйел-қыздарға қарата ескерту қоңырауын соғып отырмыз. Немесе отбасымды бұзамын деп жүргендерге есіңді жи деп айқайлап отырмыз. Сонымен, отбасын құру өмір мен өлім мәселесі екені туралы шама-шарқымызша айтылды. Ал енді отбасын құру жасы туралы айту керек.
Отбасын құру мүмкіндігін заң рұқсат еткен жастан бастап бірден пайдаланған жөн. Қыздар жағынан айтарымыз — тезірек тұрмысқа шыққандары жақсы. Үй шаруасына шебер болып, аспаздық пен тігіншілікті меңгеріп, бала бағу ілімін игеріп, берекелі бір шаңырақты гүлдендіру — ең көркем таңдау. Болатын істің болғаны жақсы. Неғұрлым кешіксе, жағдай соғұрлым жағымсыз бола түседі. Қыздарға арналған негізгі насихаттың мәні мынадай: тұрмысқа шыққанша өздерін бөгде жігіттер мен ер адамдардың нәпсіқұмар, хайуандық көзқарасынан қорғаулары шарт; иттер тартқылап шайнайтын сүйек емес екені әрбір қызға өзіне мәлім. Маған жігіттер назар салсын деп өз тәнін базарға салу қыз бала үшін масқарадан басқа нәрсе емес. Бұдан шығатыны, қыз баланың бөгде жігіттер мен ер адамдармен сөйлесуі, хат жазысуы ибалылық ережелеріне қайшы. Бұл істер қыз баланың құнын жерге ұрады, ешбір сылтау мен себеп мұндай істерді ақтап бермейді. Кез келген жігіттің қыз балаға некесіз көзқарасында харам әрі лас нәпсі жатқаны ақиқатқа жақын; жігіт қаласа да, қаламаса да, ашық киінген қызға нәпсі мен құмарлық көзімен қарайтынын жоққа шығару мүмкін емес; нәпсі оятудың немесе нәпсі қанағаттандырудың құралы болу қыз балаға жараспайды. Жоғары оқу орындарында, техникум не колледждерде, тіпті мектептерде; жалпы, кез келген жерде қыз баланың өзінің «махаббат» тарихын «жазуы» — оның өміріндегі ең ауыр қате саналады. Романдарда, повестерде, әңгімелерде, кино мен сериалдарда суреттелген және романтизацияланған махаббат оқиғаларының бәрі бос сөз бен өтіріктен тұрады. Міне, осындай контентті ішіп-жеп, онымен жүрек пен ақылды улап, ибасы мен намысына қайшы түрде қандай да бір жігіттермен «пәк ғашықтық» хикаяларын «шығару» — нәпсінің, дәлірек айтқанда, тәннің биологиялық қалауларына еріп, бұл нәрсені романтика, махаббат деп ақтау ғана. Бұл істер отбасын қасиетті құндылықтар үстіне құрамын деген намысты, көзқарасы биік, тәні пәк, ақылы жарқын қыздардың өздеріне лайық көретін істері емес. Бір сөзбен айтқанда, қыздардың мұндай «романтикасы» тек абыройсыздық әкеледі және әдепсіз ер адамдардың ұятсыз хикаяларына кейіпкер болуға жетелейді, болғаны. Бұл мәселедегі қорытынды мынадай — қыздар өздерін пәк ұстай отырып, қиялдарын харам ойлармен былғамай, лайықты әрі мәрт адал жары нәсіп болатынын білулері керек; бұл туралы шектен тыс ойға батпасын; өйткені бұл да жақсы емес; болатын іс болады. Бұл тарауда жігіттер білуі тиіс ескертудің мазмұны мынадай: бір кәсіптің не өнердің басын ұстап, әйелді қадірлеуді, онымен қарым-қатынас жасау ілімін үйреніп, отбасы жүгін иыққа алып үйлену керек, вассалам. Жігіттер мен қыздардың үйленуін ата-аналары ұйымдастырады. Ақ пен қараны ажырата алмайтын жастар өздеріне қай жұптың лайық екенін білмейді, сондықтан жасы үлкендер бұл міндет үшін жауапты; әрбір ата-ана қызы болса, жақсы жерге ұзатуы; ұлы болса, жақсы жерден оған әйел әперуі — мойнынан түспейтін парыз; егер ата-ана болмаса, бұл іс басқалардың мойнына түседі, бұл туралы бөлек тарауда сөз болады; яғни жастардың тиянақсыз жүруіне ата-ана рұқсат бермесін, өзі үйлі-жайлы етсін деген тұжырымды қатаң түрде атап өткіміз келеді.
Акром МАЛИК
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.