Алысты көре білу үшін жүйелі әрі анық ойлау талап етіледі. Жай ғана бір сұрақ қою керек: «Бұл ісімнің соңы…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Алысты көре білу үшін жүйелі әрі анық ойлау талап етіледі. Жай ғана бір сұрақ қою керек: «Бұл ісімнің соңы қандай болады?» Бұл сұрақтың жауабын білу үшін жеті рет өлшеу қажет. Ең бастысы, адам мақсатын нақтылап алуы керек. Мақсат екіге бөлінеді: мақсаттардың мақсаты және оған жеткізетін мақсаттар. Мақсаттардың мақсаты – идеялардың идеясы деген сөз. Мұны нақтырақ түсіну үшін мынадай мысал келтіруге болады: үй салғым келеді. Үй салу үшін маған жер керек (1); үйдің суреті (жобасы) қажет (2); үйдің сызбасы негізінде жерді қазуым керек (3); қазылған жердің табан топырағын шөктіріп, тығыздауға мәжбүрмін (4); цемент, қиыршық тас, құм сатып аламын (5); бұларды араластырып, қазылған жерлерге ретімен құйып, іргетасты көтеремін (6); үйімнің биіктігі қанша болса, соған сәйкес маған бірнеше мың дана кірпіш керек (7); асарға туыстар мен көршілерді шақырамын (8); бәріміз бірлесіп кірпіш қалаймыз (9)– осылайша бір күннің ішінде үйдің қабырғасын көтеріп аламыз; үйдің төбесін жабу үшін бөрене, қамыс, шифер және т.б. алып келемін (10)... Бұл жерде үй – мақсаттардың мақсатына мысал; оны салу үшін істелетін істер – біз олардың онын санап шықтық – оған жеткізетін кіші мақсаттар. Кіші мақсаттардың мақсаты – үй саналады. Яғни үй идеялардың идеясын білдіріп тұр. Үйді толық салып бітіруім үшін істейтін істерім де мақсат саналады және оларды істемейінше басты мақсатыма жете алмаймын. Отыз күннің ішінде үй саламын деп елестетіп отырмын. Әр күні істейтін істерімнің жоспарын жазып шықтым. Ал таңертең көңіл-күйім жоқ күйде ояндым. Орнымнан тұрғым келмеді. Сөйтіп бесін уақыты болды. Бірінші күннің жұмысын орындамадым, ертең істеймін дедім. Тағы таңертең көңіл-күйім жақсы ояндым да, шабытым келмеді; сол себепті шабыттың келуін күтіп уақыт өткіздім. Одан кейінгі күні шабытым да, көңіл-күйім де орнында еді, бірақ қалып кеткен екі күн себепті құлшынысым су сепкендей басылды. Келесі күні қандай да бір көтеріңкілікпен бәрін тындырамын дедім де, аздап істеп тастап қойдым, сылтау шықты – достарым шақырып кетті... Арада отыз күн өтті, жоспарым жүзеге аспады, үй салынбады. Бірақ көршім де дәл мен сияқты жоспар құрған еді, ал оның үйі бітіпті. Үлкен мақсат үшін кіші мақсаттарды жүзеге асыру керек екен. Өз уақытында істелмеген іс ертең ауыр жүкке айналады – қалған іске қар жауады. Дана әрі ақылды адам кім? Әрдайым ұзақ мерзімді мақсаттарға ұмтылатын, бұл жолда жоспарланған істерін күн сайын асықпай орындайтын адам. Оның еңбегі бүгін жеміс бермес, бірақ ертең ол бәрінен де үлкенірек нәтижеге қол жеткізеді, жалғыз жетістігі – мақсатты белгіледі; оған жету үшін кіші мақсаттарды анықтады; күн сайын жоспардағы істерін орындады, тоқтамады. Бұл жағдайда оны не күйзеліс, не жалқаулық тоқтата алмады.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.