ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР
Төртінші бөлім
Әйелдің әдебі
Қазір кейбір «дана»лар әйелдер көбіне күйеулерінің зұлымдығына ұшырайды, ей әйелдер, зұлымдыққа төзбеңіздер деп ауыздарынан көбік шашуда. Олардың ішінде көбі өзін мұсылман әйел деп санайтын және тіпті мұсылман әйелдердің көшбасшысы деп өзін елестететіндер де аз емес. Ал шын мәнінде, ер мен әйел арасында қателіктер себепті екі тараптың бірі қандай да бір мағынада үлкен не кіші зұлымдыққа жол беруі табиғи және олар ерлі-зайыпты болғандықтан бір-бірін зұлымдықпен айыптамаса, бір-бірін түсініп, кешірсе, міне, сол іс түзелу мен жақсылық болар еді. Әр әйел күйеуім зұлымдық жасады деп «тық» еткен болмашы нәрсе үшін айқай сала берсе, өмір бола ма? Сол себепті көшбасшы әйелдер бұл мәселеде алысты ойлап, бейтараптықпен сөйлесе, мақсатқа сай болар еді. Ерлі-зайыптылар — қос өгіз. Екі жарты — бір бүтін. Ат тепкісін ат көтереді. Ерлі-зайыптының ұрысы — жұқа орамал кепкенше. Зұлымдық және т.б. деп болмашы істер үшін жаға жырту шарт па? Әйелдің қандай қасиет пен әдепке ие болуы ол туған шаңыраққа байланысты. Жақсы тектің ұрпағы болған қыз дұрыс тәрбие алуға әрдайым дайын. Оның іштен шығатын шынайылық, ақылдылық және Құдайдан қорқу сияқты қасиеттері болады, кейде қателіктер жасаса да, сол қасиеттері себепті көркем тәрбие мен мінезді меңгеріп барады. Мұндай әйелді тәрбиелеу және әдеп беру мүмкіндігі бар. Ол қаншалық бүлік шығарса да, дұрыс тәрбиемен дұрыс жолға қайта алады. Ер ақылды әрі мойынсұнғыш әйелмен өмір сүре береді. Сондай-ақ, рухы күшті, ақылы кемел болса, ақымақ әрі тентек әйелмен де өмір сүре береді: ақылды әрі мойынсұнғыш әйелді жақсы көреді; ақымақ әрі тентекке шыдайды. Шыдауының екі себебі болады; перзенттер және оларды жетім қылмау – бұл ең маңызды себеп; басқаларды бұл әйелдің зиян-залалынан қорғау, өйткені бұл күйеуден шыққан әйел, әрине, барған жерін кезекті тозаққа айналдырады. Әйел шынымен бақытты өмір сүремін десе, өзіндегі кеселдерді жеңіп, орнына жақсы қасиеттерді қалыптастыра алса, жеткілікті. Әйелдер дүниеқұмар болады: киімдерге, тағамдарға, сән-салтанат пен әшекейге құмар болады, басқалардың әдемі әрі қымбат өмірі оларды әрдайым толқытады – неге ол осылай киінеді, мен емес? Неге олар шетелдерге саяхат жасайды, мен емес? Неге ол әйгілі, мен емес? – әйел заты осы дүниеқұмарлықтан жеңіп шықса, түрлі нәпсі қалауларын тежей алса, ол жақсы әрі ақылды әйел; тежей алмаса, ойы таяз. Әйелдер тентек, сөзге құлақ аспайтын болады: күйеудің бір сөзіне екі сөзбен жауап береді; қаншалық жұмсақтықпен айыбы айтылса да, ауыр қабылдайды; үндемеу және мойындау оларға жат; егер әйел заты күйеуіне құп болады дей алса, қатемді көрдім, түзетемін дей алса және соған ұмтылса, ол ақылды әрі жақсы әйел, әйтпесе, көңілді жалықтырушы. Әйелдер шындыққа төзімсіз, өтірікті сүйетін, өзі де өтірік айтатын, ісінің соңын ойлауға дәрменсіз болады: ешқашан шын сөздің алдында үндемей тұра алмайды; әрине, олай емес дейді; өтірік сөздерден тұратын жақсы сөздерді талап етеді; ойына келген істі дереу істейді. Егер ақиқатты мойындаса, өтірікті жоққа шығарса, бұл ісімнің соңы не болады деп ойлай алса, мұндай әйел – алтын. Егер олай болмаса, шыдап өмір сүретін әйел. Әйелдер сабырсыз әрі төзімсіз: сәл қиындық келсе, ойбай, өмірім түнек деп зар илейді; күйеудің қолы сәл қысқарса, біріміз екі болмай жатыр деп шағынады; қолындағы ризық пен нығметті көрмей, ертең не болады деп үрейленеді, тура аштан өліп, жалаңаш қалатындай жинап-теріп, қара күнге дайындалады – қай әйел Құдайдың ризығына сенсе, күйеуінің тапқанына қанағат етсе, барына шүкір, жоғына сабыр етсе, бұл әйел – асыл әйел.
Әйелдер бір істі тұрақты атқара алмайтын, ойлары әр нәрсеге шашыраған, зейінін жинақтауға дәрменсіз, бөтендердің ықпалына түсетін болады; егер қай әйел күйеуге мойынсұнып, бір істі тұрақты түрде атқарса, ойы қаншалық шашыраса да, ісіне қайта алса, бөтендер не түрлі арандатса да, отбасы мен күйеуін бірінші орынға қойса, ақылды, есті әйел – сол. Әйелдер жалқау, тамақ пісіре алмайтын, сезіміне еріп, істерді үстірт істейтін болады; қай әйел жігерлі, аспаз, ұқыпты, отбасындағы міндетін өз уақытында атқаратын болса, ол – гауһар әйел. Әйелдер өзінде бар-жоғына қарамай, жақсы қасиет пен мінезбен көпшілікті тамсандыруға, қошемет естуге құмар болады; қай әйел ешқашан көпшілік алдына ұмтылмаса, одан бойын аулақ салса, өзін шын мағынасында жасырса, ол – Құдайдың досы әрі асылзада. Әйелдер күйеуімен тез жауласатын, тез сатып кететін, бөтенге тез достық білдіретін қасиеттерге ие; қай әйел күйеуімен араздаспаса, күйеуіне адал болса, ол қадірге лайық. Төзімді, адал, мойынсұнғыш, көреген, отбасын сүйетін, күйеуінің көңілін табатын, күйеуіне толық сенетін; күйеуін кез келген уақытта қорламайтын; қиындықтарға сабырлы; нығметтерге шүкірлі; отбасы сырларын сақтайтын; еңбекқор; көзін мағынасыз суреттерден, құлағын жарамсыз сөз естуден, тілін өсек пен шағыстан тыятын; атақ-даңққа, танылуға ұмтылмайтын; анасы мен апа-сіңлілеріне күйеуінің, қайын ата мен ененің сырларын жеткізбейтін; тілі тәтті, жүзі жымиған; назы мен еркелігі өз орнында болған; ысырап етпейтін; перзенттеріне мейірімді, олардан жалықпайтын; Құдайға ғибадатта, күйеуіне мойынсұнуда кемел әйелдерге абырой-атақ, тағзым мен дұғалар болсын! Күйеудің жүйкесін жеп, пасықтықтан қайтпайтын, өтірікші, опасыз, сабырсыз, дүниеқұмар, даңққұмар және сол сияқты тәрбиесіздіктерге душар болған әйелдерге ешбір сөз жоқ, өйткені олардың осы қасиеттері олар үшін жеткілікті жаза; олар қорлық пен масқараны өздеріне өздері орнатады. Әйелдер үшін ең үлкен қатер – күншіл, іші қара әйелдер. Әйелдер, әдетте, өз жынысынан болғандардан тез әсерленеді. Ертегілерде де жас қыздарды жолдан тайдыру жалмауыздардың еншісіне тиюі бекер емес. Сол себепті құрметті әйелдер өздері сияқты қу әрі айлакерлердің күншілдігі мен айласына алданбауы керек – оларға қамқорлық сияқты айтылып жатқан көптеген сөздер шын мәнінде жолдан тайдыру, отбасын бұзу, күйеуден ажырату, бақытына, молшылықты өміріне, амандығы мен саулығына қызғаныш себепті шаң салу мақсатында айтылып жатқан болуы да ықтимал. Кейде апалар сіңлілеріне де өздері білмей қызғанышпен қарауы мүмкін – ауру астан, жау туыстан. Бұл жерде әйел заты өз өміріне көз салуы, оны уәсуәсаға салған сөздердің шын не жалған екенін оймен ажырата алуы қажет: үйім бар; ризығым мол; үстім бүтін; балаларым сау; күйеуім мейірімді – демек, бәрі орнында дей алуы шарт, әйтпесе, кез келген әйелдің бүлік пен қызғаныштың құрбаны болуы өте оңай. Ең бастысы, әйелдің өзі күншіл болып қалмауы керек. Кейбір ақымақ әйелдер бір еркекті сүйгендей болып, оны отбасынан, әйелінен саналы түрде ажыратып, оған тиіп алуды жоспарлайды. Мұндайлар тікелей әйелдің өзіне де рухани-ақыл, сезімдік шабуылдар ұйымдастырады. Бұлардан, жалпы, мұндай бүліктерден аман болудың жолы – әйел адамның анасы, енесі және сол сияқты сенімді туыс әйелдерден басқа бөтен әйелдермен араласудан өзін саналы түрде сақтай алуы. Мың еркектен жүз әулие шықса, жүз мың әйелден бір әулие шығады екен; бірақ сол бір әулие әйел жүз әулие еркектен артық тұрады екен. Пәк әйелдің аяқ басқан жеріндегі топырақ жүз мың арам еркектен жоғары тұрады екен. Пәк әрі төзімді әйелдердің алдында еркектер әрдайым бас иіп, тағзымда. Қай қатардан, қай сапта орын алатынын әйелдердің өзі шешеді, өздері мұны мойындамаса, еркектердің сөзі оларға өтпейді.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.