СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ҚАЙЫН ЖҰРТ
Бірінші бөлім
Жалпы мәселелер
Кеңес дәуірінде ескі құндылықтарды күл-талқан ету үшін жүйелі әрі мақсатты жұмыстар жүргізілді. Ең бірінші нысана отбасы болды. Отбасы ойран етілсе, болды, шайтанның мақсатына жетері анық. Ол үшін мына істерге күш салынды: 1. Баланы ата-анадан ажыратып алу. Мүмкін болса, баланы ата-анаға қарсы, менсінбейтін рухта өсіру. Ол үшін әйелдерге азаттық, шығыс әйелдеріне бостандық береміз деген ұранмен оларды гүйә «кісеннен құтқарды» да, егістікке тастады, зауыттарда күңдей жұмыс істетті, трактор айдатты және әйелдерді обыр және басқа да жазылмайтын ауруларға шалдықтырып өлтірді. Мұның бәрін ерлік деп көрсетті. Босанған әйелдерді егістікте жұмыс істетіп өлтіре жүріп, сәбилерін ясли деп аталған жерлерде ұстады. Негізінде, әйел босанған бойда баласын бөлек алып, барлық аналардың сауылған сүтін араластырып беріп, нәрестелерді сүттес апа-іні, аға-қарындас қылған. Өз анасының сүтін ембеген сәби яслиде суық қарым-қатынас астында анасыз өсті; хандықтар кезеңінде болмаған жетімхана мен балалар түрмелері пайда болды; кейін бала мектепте ата-анадан бөлек «оқыды», яғни күз бен көктемде балалар құл ретінде егістікке мақтаға жіберілді; мектепте құдайсыздық және бұдан бөлек адамгершілікке жат бірқатар идеялар сіңірілді және т.б. Осылайша, бірте-бірте балалар ата-аналарына бағынбайтын болды. Олар заманның білгірі, ал ата-аналар артта қалған болып көрсетілді; әсіресе, бұл идеялар әдеби шығармаларда, спектакльдер мен кинода басты жоспарда ұсынылды. Бір-бірін сүйген жастар – озық топ, оларды түсінбейтін ата-аналар гүйә санасыз еді, әсіресе бұл жағдайдың элементтері «Маһаллада ду-ду әңгіме» фильмдерінде көзге түседі. 2. Жаңа отбасыларды қайын ата мен енесіз тұрғызу, келін мен ененің арасына араздық салып, мәңгілік жаулық көңіл-күйін қалыптастыру. «Келіндер көтерілісі» спектаклінде бұл жағдай бейнеленді; автор мәселеге аса сақтықпен келген, ұлы жазушы құндылықтарға жасалған шабуылды өкініш пен опынумен ащы күлкі, көз жасты күлкі арқылы көрсеткендей көрінеді маған. Әсіресе, газеттерде енелердің зұлым деп аталып, отбасылардың жеке ісіне араласуы, ұлдардың бәрі әйелдерінің сөзіне еріп, өздерін өсірген аналарына қарсы шығуы, Фармонбибідей дана ананың, отбасы, перзенттері бірлігі үшін жанын пида ететін ананың жүрегінде оянған ауырсыну күлкі кейпінде бейнеленген трагедия сияқты көрінеді маған. Әзербайжандардың «Қайын ене» фильмінде ененің зұлым әрі қорқақ етіп көрсетілуі, келін тарапынан ойыншыққа айналуы және т.б. негізінде ескі құндылықтардың тамырымен қопарылып жатқанының көрінісі еді. Бұл кинолардағы детальдар мен идеялар кейін тәуелсіздік кезеңінде жазылған «Суперене» сияқты сахналық шығармаларда да айналымға түсті. 3. Ата-аналар мен қайын ата-енелердің өз перзенттері мен келіндеріне бейжай әрі немқұрайлы болуына қол жеткізу. Көптеген әдеби шығармаларда, мысалы, «Ар-ождан дәрісі» сияқты пьесаларда заманауи ата-аналар балаларының еркін шешімдерін «құрметтейді», бірақ назар аударарлық жағы мынау: жазушыларымыз ата-ана тәрбиесі мен немқұрайлылығы салдарынан балалардың рухани тірексіз қалып жатқанын түрлі формада көрсетіп бере алды. Заманауилық бүркеніші астында үлкендерді кішілерден ажыратудың салдары жақсы болып жатқан жоқ – мақсатсыздық, идеясыздық, мағынасыздық нәтижесінде адамдарды терең күйзеліс, қайғы, уәсуәса баурап алуда; қалай өмір сүру керек деген сұрақтың жөнді жауабы ақылдардан ғайып болды; классикалық формалар, әсіресе келіннің енемен бірге тұруы гүйә ақылсыздық, зұлымдық деп түсінілуде. Ал шын мәнінде, келіннің ене қызметінде өмір сүруі – бұл теңдессіз өмірлік бір тұрмыс жүйесі.
Келін, егер жағдай көтерсе, өзі немере көргенге дейін ене қасында болса, мақсатқа жеткен болар еді. Бұл форманың мынадай тамаша жақтары бар: 1. Ене өмір бойы жинаған тәжірибесін келінге қалдырады. 2. Келін нақты күн тәртібіне ие болып, нақты әрі қалыптасқан ережелерді меңгереді, бұл – ерте ояну; отбасы үшін таңғы, түскі, кешкі ас әзірлеу; отбасының бір уақытта жиналып тамақтануы; аспаздық, ұқыптылық, тігін-пішу сырларын енеден үйрену; күйеуінің басын қатыруға уақыты қалмай, есейіп, өмірдің бетіне тіке қарап, ақыл жинау – мұның бәрі ене қызметінде қол жеткізіледі. 3. Балалар ата мен әженің тәрбиесін алады. Олар дене еңбегінен біршама қолдары босағандықтан балалардың білімімен, ағартушылығымен, дүниетанымымен айналысады. 4. Барлығында нәпсі бар, әсіресе әйелдің нәпсісі бүлікті көбірек жақсы көреді; енеге бас ию келіннің нәпсісін тәрбиелейді; ененің көңіліне жол табу ол үшін өмір сабағы болады. Келін нәпсісіне қарсы жүруді үйренеді; оған ененің билігі ұнамаса да, ертең мұның жемісін көреді. Енелі келін – қарқаралы келін; енесіз келін – масқара келін. 5. Енелі үй – берекелі үй. Ұл тапқанын әкесіне берсе, әке мен шеше келісіп бөліп береді, бұл ең жақсы бөлініс болып, тек қажетті нәрселерге шығын жасалады, нәтижесінде, отбасының қоры берік тұрады. Өйткені жасы ұлғайған қайын ата мен ене қаржы жағынан үлкен тәжірибеге ие, олар әр нәрсеге құмар емес; тек қажетті нәрселерді сатып алады, демек, артық ақша жиналады, қажетті орындарға жоспармен бағытталады – үйлер салынады, көліктер алынады және т.б. Жалпы алғанда, бір аулада бірнеше ұл мен келіндердің – абысындардың бірге тұруы бірқатар пайда әкеледі. Әдетте, келіндер күйеуіне айтып, бөлек шығайық деп құлақ-миын жеуі мүмкін. Ұл да әйелдің айласына алданып, бірте-бірте міңгірлеп бөлек шығу үшін ата-анадан рұқсат алуы да ықтимал. Бірақ бұл соншалықты ақталатын іс емес. Уақыты жетсе, ата-ана енді шығыңдар дейді. Ал шын мәнінде, ата-ана бауырында тұру – ең құптарлық шешім. Әрине, жастардың бөлек тұрайық, тәуелсіз болайық деуінде де өзіне лайық негіздер бар. Кейде қайын ата мен ене тарапынан шектен шығу болуын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ барлық сабыр мен шүкір бәрінен жақсы. Бөлініп шығып табылатын нәрсенің бәрі – жоғалту. Енемен бірге тұрып, гүйә жоғалтылатын нәрсенің бәрі – табыс. Бүгін ұрпақтарымызды сақтап қалғымыз келсе, осы қорғанға қайтуымыз шарт. Бұл қорғанда әркім өз міндетін атқарсын. Әйтпесе, бүкіл жер бетін жұтып жатқан ұятсыздық пен зұлымдық, тексіздік пен күйзеліс айдаһарына жем болып кетеміз. Қорыта келгенде, біздің айтпақ болған сөзіміз мынау – кемел отбасы – қайын ата мен ене, ұлдар мен келіндер жиналып тұрған отбасы. Бұл отбасы шынымен кемел болуы үшін кейбір әдеп ережелеріне амал ету керек, бұл туралы келесі бөлімдерде тоқталамыз.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.