Пайдалы істер адамды шаршатпайды. Адамды пайдасыз әрі зиянды істер титықтатады. Адам баласы өміріне көз…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Пайдалы істер адамды шаршатпайды. Адамды пайдасыз әрі зиянды істер титықтатады. Адам баласы өміріне көз салып, өзін көңілдегідей өмір сүрмей жүргенін байқаса, ғұмырын ысырап етіп жатқанын түсінуі керек. Ғұмырдың ысырабы – пайдасыз нәрселермен әуре болу. Мейлі ойын-күлкі болсын, мейлі басқа іс – адамда азғана инсап болса, оның не дүние, не ақырет үшін пайдалы іс істемегенін сезсе, қысылады, қайғыға батады. Қайғырмаса, демек, ол тірі күйінде өлік. Пайдалы іс істеген адам үшін істің пайдасын ашу және оған сену маңызды. Бүгін істеп жатқан ісі ертең жеміс бермесе, ренжудің қажеті жоқ, көбінесе ұлы әрі пісіп-жетілген нәтижелер ұзақ жылдар бойы тоқтаусыз еңбек етудің арқасында пайда болады. Қазір қолым бос емес, ең қажетті іспен айналысып жүрмін деп нақты сенген адам тоқтамаса, жылдар өте келе, міндетті түрде нәтижесін көреді. Ол адал нәтиже толығымен соныкі. Ол оған таза ар-ождан және қуанышпен ие болады. Ал еңбек етпеген, сабыр мен төзім танытпаған адам ұтылады. Жылдар өткен соң ол құр алақан қалады. Пайдалы іспен уақытын өткізген адам жайбарақат, иә, ол еңбегінің жемісін әзірге татпады, бірақ жайбарақат, өйткені ол бұл уақытты бекер, жай ғана шашып жібермеді; күнә мен бүлікпен өмір сүрмеді – жұбаныш пен тыныштық үшін осы жеткілікті. Керісінше, бекер өмір сүрген адам жұртты қаншама «ұлы» істермен айналысып жүргені туралы алдаса да, бүкіл адамзат оны иә, ол шынымен бос емес деп ойласа да, бұл өтірік екі түрде дәлелденеді: біріншісі, адам жүрегімен өтірік айтып жүргенін сезіп тұрады; екіншісі, ертең оның қолында ешқандай нәтиже болмайды. Нәтиже болу үшін бүгін еңбек ету керек. Бүгін әрекет керек. Бүгін күресу керек. Тоқтамау қажет. Бұл келесі істерге күш береді; ал өтірік адамның қуатын сорып алады. Осылайша, пайдалы іс істеген шаршамайды, іс оны келесі іске ынталандырады; ал бекер жүрген титықтайды, оның келесі қадамға қуаты болмайды, ар азабы мен өкініш оны жеп қояды. Дереу пайдалы іске ұмтылу керек.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.