Құдай мен пенде арасындағы сыр ешкімге керек емес. Бұл сөздің мағынасы мынау: пенде Құдай үшін істейтін…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Құдай мен пенде арасындағы сыр ешкімге керек емес. Бұл сөздің мағынасы мынау: пенде Құдай үшін істейтін істерін басқаларға айтпауы керек. Бұдан бөлек, Құдайдың оған жасап жатқан және жасаған рақымдарын да ашпаған ұтады. Демек, адам баласы Құдай үшін істеп жатқан ісін және Құдай оған беріп жатқан нығметтерді жасырса, құптарлық. Олай істемесе, не болады? Құдайды сүйген Құдай үшін еңбек етсе, мақсаты Құдайдың ризашылығы болса, оны айтса, қалғандары бұл үшін оған таң қалып, бәрекелді, құдайшыл екенсің десе, ол бұған қуанса, мақсат қайда қалады – ол Құдайдың ризашылығын ойлап па еді, әлде адамдардың қошеметін бе?! Құдай пендесіне медет береді, керемет береді. Бұл жақсы іс үшін марапат сияқты. Кішкентай балаға бәрекелді деп әтеш кәмпит бергендей. Бірақ пенде кішкентай баладай қылық танытпағаны әдемі – қандай керемет болса да, айтпасын. Өйткені – Құдай патша, адам баласы – құл. Құл патшаның сырын неге ашуы керек? Патшаның сырын ашқан сарайдан қуылмай ма? Пенденің өзіне берілген кереметтен сөз қозғауы нәтижесінде қарапайым жұрт оны Құдайға жақын жан деп айналасында парвана болады. Апырай, ей құдайшыл, сен өзіңді Құдай деп жарияламақ па едің? Шектен шыққан кішіпейілділік сондай жасандылық, оның түр-сиқы шектен шыққан тәкаппарлық сияқты сұрқай. Шынайылық пен қарапайымдылық, өлшем мен орталық – нағыз сұлулық пен құтылу. Құдайды таныған адамда шектен шығу болмайды екен, шектен шығылған әр жерде Құдайдан бейхабарлық болады екен. Ғапылдық сондай қалың перде екен, кімнің көзін жапса, адам мас болып, ештеңені аңғармай қалады екен – шүкірден, сабырдан алыстағанын, дүние уайымы оны жаулап, жүрегін бос нәрселер иемденіп алғанын адам баласы білмей жүреді екен. Сол себепті күн сайын тыныс алып, шу-дабырдан оңаша болып, көзді жұму – жақсы іс. Қателерді талдау және өкіну, байсалдылықпен дүние ісіне көз салу – нағыз даналық: осынша желіп-жүгіргенімен бұл әлемді тастап кетемін; мені әуре еткен нәрселерден не пайда табамын? Істерімнің бағасы қандай – жақсы ма, жаман ба?.. Жүрегімді не толтырды, өмірімді не басып кетті? Кімдерге зұлымдық жасадым, кімдерге әділетсіздік жасадым?.. Кейде ағысқа өзін тастаған батып кетуден құтылады екен. Шындығында, Құдаймен көбірек әрі ұзағырақ сырласқанның жүрегі жайбарақат, нәпсісі тыныш. Құдай мен адам баласы арасындағы сырды ешкім білмесін, мұны білмесе, пенделер ештеңе жоғалтпайды; білгенімен ештеңе таппайды. Қара жұрттың аузына ермек керек: не біреуді мақтау, не біреуді шайнау. Мақтағанын ұмытады, шайнағанын түкіреді. Қара жұрттың аузына түсуден сақтану керек.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.