Сегізінші тарау
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Сегізінші тарау
ҚАЙЫН ЖҰРТ
Төртінші бөлім
Келін
Келін түсінуі керек ақиқат мынау: ол әулеттің, отбасының орталығы саналады. Барлық істер, әңгіме-сөздер келін төңірегінде болады: жігіт те үйлену үшін әрекет етеді; келін түсіру үшін құда түсуге барады; келінді алып келу үшін той жасалады; келін сәлем салады; келін өсекке ілінеді; келінге сөгіс беріледі; келін мақталады; келін перзент дүниеге әкеледі; келін қызмет етеді; келін ұрпақтың жалғасын өсіреді және т.б. Бұл ақиқатты әрбір келін ұқса, өзінің құнын, қадірі мен абыройын ұғады. Нәтижесінде, келін өзін осы абыройына сай ұстауы, қадіріне лайық мінез қалыптастыруы қажет болады. Қыз тұрмысқа шыққанда, ең алдымен, ниетін түзеуі керек, іштей қайта-қайта: «Мен өмірдегі негізгі міндетімді атқару үшін тұрмысқа шығып жатырмын. Қожайыныма қызмет етемін, перзент дүниеге әкелемін, тәрбиелеймін, енем мен қайын атамның дұғасын аламын!» – деп қайталауы керек. Тұрмыс – жұдырық деп бекер айтылмаған. Тұрмыс оңай да, ойын да емес, бірақ қиын да, азап та емес. Тұрмыс – таңдау жолы: ниетің мен әрекетің қандай болса, ол да сондай түске енеді. Қыздың некесі анық болған соң, өзін келіндікке рухани дайындап, баратын отбасында лайықты орын табу үшін Құдайдан көмек пен тәуфиқ тілейді. Баратын отбасында бәрін өзі үшін ең жақын, ең дос деп біледі: «Жолдасым – тірегім, енем – анам; қайын атам – әкем; қайын апам – апам; қайын сіңлім – сіңлім; абысындарым – жақындарым». Әр адамнан қате кетуі мүмкін, келін көзіне қате көрінген істерді бірден әлемге жаймасын, керісінше, жаңа отбасында көзі соқыр, құлағы керең, тілі мылқау болғаны жақсы. Екіншіден, өзін жақсы көрсету үшін жалпақтамағаны, «Апатай» дей бермегені және т.б. сол сияқты тәкәллуф пен артық сыпайылық көрсете бермегені әдемі. Өйткені тәкәллуф – бұл күлпет деген сөз. Істің басында шектен тыс құрмет көрсеттің бе, соңына дейін сол жүкті көтеруге мәжбүрсің. Сондықтан шынайы әрі орташа болған жақсы. Әрине, суық әрі түнерген жүз де құптарлық емес. Үшіншіден, ешбір сөзді көңілге алмау, әр сөзді сөз деп айта бермеу керек. Ене де, қайын апа мен қайын сіңлілер де әйел, тілінен «лып» етіп қандай да бір орынсыз сөз домалап шығып кетсе, естімегенге және білмегенге салу, тіпті мүмкіндігінше есінен шығару – абзал. Төртіншіден, енелі үйде жымиыс пен жұмсақ дауыс өте маңызды. Ескерту естігенде де, істер ауыр келгенде де жымиып, жұмсақ дауыспен сөйленеді. Ең бастысы, бұл мәжбүрліктен емес, іштен шығуы керек. Бесіншіден, ененің көңілін табуға және көңілін қалдырмауға тырысады. Әрине, бұл іс шынайы болуы, жасанды әрі жалған болмауы керек. Енеден іштей ренжімеу – дұрыс іс, өйткені іштегі бір күні тілге шығады. Егер жүректе енеге қатысты аздаған кірбің пайда болса да, оны қуу шарт. Араға суықтық түспесін. Тілге өсек келмесін. Адамдар аузымен жүреді. Ешбір сөз жерде қалмайды. Ер мен әйел бірдей, бұл мәселеде арада түк айырма жоқ – сөз тасуда белсенді. Арамызда қалсын деген сөз тесіктен сызған судай сызып кетеді.
Келін сабырлы, тілі тәтті, жүзі ашық, ширақ, ұқыпты болса, әлем гүлстан. Ешбір ене ұлымның отбасын бұзамын демейді, ененің сөгісі — бал, тәрбиесі — нығмет. Келіндер жастық етіп, қателеспесін. Ененің өкпелегені, ащы сөзі – маған тәтті сөйле, шын жүректен қызмет ет, есіңді жи, мен сені жақсы көремін деген сүйінші хабары. Ененің келінге іштей бір махаббаты болады, бұған күмән жоқ, тек мұны білдірмейді. Сол себепті келіндер көңілін күндей жарқын етсе, жүзін айдай нұрлы етсе, бүкіл отбасы аман-есен. Көңіл табу жеткілікті. Шындығында, дүниедегі ең нәзік көңіл — ененің көңілі. Енелер келіндерін қыздарынан да, ұлынан да көбірек жақсы көреді. Бұл махаббат енелік деп аталған пердемен жасырылған, болғаны сол. Келін қайын атамен шынайы, сонымен бірге ресми әрі байсалды, арақашықтықпен қарым-қатынас жасайды — сәлем-әлік пен хал-жағдай сұраудан ары аспайды, қайын атаға қоңырау шалу, Telegram арқылы жазу, бір ортақ топта болу дәстүрлі өзбек отбасы ережелеріне қайшы, сондай-ақ келіннің қайын ағасы, қайынымен де көріспеуі, сәлемдеспеуі, бір жерде қалмауы, бір дастарқанда отырмауы ескі әдеп пен ескі салт арқылы келе жатыр. Олай болса, келіннің қайындарынан және сол сияқты барлық ерлерден — күйеуі, қайын атасы, әкесі, әкесінің бауырлары мен нағашыларынан басқа ерлерден өзін аулақ, перде артында ұстауы ұлттық салтымызда бар заңдардың бірі саналады, осы заңдарға амал етілсе, отбасы түрлі бүліктерден аман болады, өйткені ата-бабалардың салттары бір күнде емес, ғасырлар бойы қалыптасып, сыналған. Біз классикалық отбасы туралы айтып отырмыз, классикалық отбасыларда осындай ережелерге амал етілген. Ал бүгінгі келіннің түрлі туыс ерлермен сүйісіп амандасуы бізге жат істердің бірі.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.