Тіл

Сегізінші тарау

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

Сегізінші тарау — фото

Сегізінші тарау

ҚАЙЫН ЖҰРТ

Бесінші бөлім

Күйеу бала және оның қайын жұрты

Құрметті оқырман байқаған болар, біз отбасындағы әрбір жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіруге және өзгермейтін ережелерді атап өтуге тырысып келеміз. Ерлі-зайыптылар деп аталған бөлімнен кейін келін мен күйеу деген бөлімдерді жеке қарастыруымыздан белгілі болсын, бұл бөлімдер ерлер мен әйелдердің күйеулік және келіндік міндеттерін дұрыс атқаруы және олардың осы мәртебедегі әдептері туралы. Күйеу жаңа үйленген кезде аптығып, төбесі көкке жетіп, жетінші қабат аспанда ұшады. Беті алаулап, ішінен тасып келе жатқан толқуды баса алмай қалады. Көзіне жас келіншегі өте тәтті көрініп, шабытқа толып, не десе соны айтады. Бұл да керек. Солай болуы тиіс. Бірақ ақыл мен ұят – өмірдің күре тамыры, дұрыс өмір сүрудің таразысы. Күйеу қаншалық ұшып-қонса да, өзін тежеуге және жайбарақат, байсалды болуға тырысуы керек. Аузынан достарының алдында да, ата-анасының алдында да артық сөз шығып кетпеуіне тырыссын. Арман-тілек деп сән-салтанат пен жасандылыққа берілмесін. Тойдың думанына алданып, әрдайым осылай болады екен демесін. Келіншек қаншалық тәтті болса да, ол ең алдымен көздің қуанышы, жүректің шаттығы, өмірдің қызық бір сыйы. Яғни келіншек пұт немесе бұт емес, оған табынып, сәжде қылудың және оның барлық қалауын орындаудың қажеті жоқ. Оған түрлі уәделер беріп, қойнын құр жаңғаққа толтырмаған жөн. Әрине, нағыз ер күйеу кезінде тәтті сөзін аямайды, мақтау мен сипаттауға жомарт болады. Күйеу төре өз оңашасында ашық жүзді, көңілді, ал ата-ананың алдында келіншегіне қатысты байсалды болғаны, аз сөйлегені, мүмкіндігінше сөйлемегені жақсы. Қазіргі тойларда би билеп, тәттіні кесіп жеп, беташарда барып маңдайынан сүюге бұл сөздердің қатысы жоқ, яғни сол жолды ұстанғандар біздің айтқандарымызды орындай алмайды, бұл – классикалық әрі ескі жолды ұстанамын дегендерге арналған кеңестер.

Күйеу бала алғашқы қырық күнде келіннің қасына ертерек кіргені жақсы, кешке мүлдем көшеге шықпағаны абзал. Бірақ өзін ұстауында ұят пен ибалылық көрініп тұрса, міне, сол әдемі көрінеді. Келін туралы анасына айтпағаны ақылға да қонымды, сонда ертең бәрі қалыпты өтеді. Ана әйелдігіне басып, ұлын келіннен қызғанып қоюы мүмкін, сол себепті ананың көзінше келінге ілтипат көрсету әдепсіздікке айналып кетеді. Махаббат ойындары (махаббатқа толы сөздер мен көзқарастар) жасырын болса, әдемі. Егер ана ұлына келінді сынаса, ұл басын төмен салсын, келіншегін еш қорғамасын, есін кіргізіп қоямын деген сияқты сөз айтсын және әйеліне бұл мәселе туралы айтпасын. Қайта, үнсіз көрегендік көзімен жағдайды бақыласын, ана ертең сол айтқан сөзінен қайтып қалуы әбден мүмкін. Егер келіншектің тілі тайып, енесі туралы шағым айтса, сабыр ет, бұл күндер өтіп кетеді деп оған арқа сүйеу болмасын, қайта, анамның көңілін тап, қайта шағым естігім келмейді десін. Келіншегіне беретін сыйлықтарын жасырып берсін. Бұл қорыққанынан емес, бұл әдептен. Келіншегіне жақсы әрі жұмсақ сөйлесін. Егер келіншектің аяғы ауыр болса, мұны ұл айтпасын. Тұңғыш перзенті дүниеге келгенде де балам, қызым, ұлым деуден өзін тыйсын, бұл – ескі әдеп ережесі. Бүгінгі жігіттер бірден әйелім жүкті деп жар салса, келіндер де ішін бәріне көрсетіп жүрсе, ұялмай балам, қызым, қиналып жүрмін деп айтса, бұл дұрыс деген сөз емес. Заман адамдарынан әдеп ғайып болып, ұят пердесі көтерілсе де, бұл ескі әдеп пен ахлақ, ұят пен иба керексіз болып қалды немесе қате деген сөз емес, керісінше, сол ережелерді үйреніп, саналы түрде амал етуге барынша тырысу керек. Себебі мұндай ашықтық, пердесіздік салдарынан ата-ананың айбыны кетеді, айбын жоғалған соң, мойынсұну кетеді; мойынсұну тәрк болған соң, жастар ойларына келген істі істеп, қатенің үстіне қате жасап, өмірдің тұйық көшелеріне кіріп кетеді. Сол себепті кез келген жағдайда ата-анадан ұялу, әдеп заңдарын ұстану орынды. Күйеу бала келіншегінің ата-анасына – қайын атасы мен қайын енесіне терең құрмет сақтауы керек. Ұмытпасын, қайын ата мен қайын ене құрдас емес, сондай-ақ өз ата-анасынан жоғары да емес. Олармен арақашықтық сақтап сөйлескені, олардан көмек пен қолдау алудан тартынғаны, олардың алдында үндемегені, үйлеріне жиі бара бермегені абзал. Әр барғанда қайын ата мен қайын енеге қандай да бір түрде сыйлық берсе, жақсы. Бірақ сыйлықтары өз ата-анасына бергенінен қымбаттап кетпесін. Күйеуді пайғамбар сыйлаған. Келіншектің ата-анасы, яғни қайын ата мен қайын ене күйеуді құрметтеуі, атын құрметпен атауы шарт. Егер қыздары тілі тайып, күйеуінен шағым айтса, үндеме деген жақсырақ. Қызым, күйеуімді риза ет, бізге ол туралы шағым айтпа деп әр жолы ескерту керек. Аналар келін болып кеткен қыздарына өсек айтқызбасын, құдалары туралы жаман сөз айтқызбасын. Құдалар атты бөлімде бұл туралы толық тоқталамыз, бұйырса. Осылайша, күйеу қайын ата мен қайын ене, қайын ағалар, қайындар, бажалармен арақашықтық сақтап, ойланып барып қарым-қатынас жасайды. Өйткені тілден шыққан бір ғана орынсыз сөз көп ренішке және бүлікке әкелуі мүмкін. Күйеу ақылдылықпен тепе-теңдікті сақтаса, ешбір жаққа бұрылып кетпесе, бейтараптық пен әділдік, даналық пен мейірім нүктесінде берік тұрса, отбасының ахуалы жақсы, ауасы таза, жағымды әрі еркін болады. Егер жауапкершілігін ұмытып, есерлік жасап қойса, отбасы ғимаратына сызат түсуі мүмкін.

Акром МАЛИК

1 910рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    Құдай мен пенде арасындағы сыр ешкімге керек емес. Бұл сөздің мағынасы мынау: пенде Құдай үшін істейтін…

    Құдайды сүйген Құдай үшін еңбек етсе, мақсаты Құдайдың ризашылығы болса, оны айтса, қалғандары бұл үшін оған таң қалып, бәрекелді, құдайшыл екенсің десе, ол бұған қуанса, мақсат…

    2 мин

    Сегізінші тарау

    ҚАЙЫН ЖҰРТ Төртінші бөлім Келін Келін түсінуі керек ақиқат мынау: ол әулеттің, отбасының орталығы саналады. Барлық істер, әңгіме-сөздер келін төңірегінде болады: жігіт те үйлену…

    4 мин

    Тәуелділік – жаман бәле. Қандай да бір зиянды әрі тыйым салынған іске беріліп кетудің аты – тәуелділік. Құдай…

    Әдепті өзіне басты өлшем әрі ереже еткен халықтардың маңдайы жарық, өмірлері қайғыдан ада. Әдепті қажет деп санамағандардың күндіз-түні тәнінде ауыртпалық бар. Адам ең жаман…

    2 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.