Тіл

ОНЫНШЫ ТАРАУ

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

ОНЫНШЫ ТАРАУ — фото

ОНЫНШЫ ТАРАУ ОТБАСЫ ЭКОНОМИКАСЫ

Әр отбасы өз қаржысын өзі шешуі керек. Бұл дүниеде адал еңбек арқылы ризық табудай рахат жоқ. Ризыққа байланысты екі мәселені шешіп алу қажет: 1) ризық Құдайдан, ол ешқандай себепсіз де пенделердің ризығын жеткізуге құдіретті Зат. Бірақ әлем себептілік үстінде тұрғандықтан, адамның ризық себептерін ұстануы Хақ Тағаланың әлемге орнатқан заңдылықтарына мойынсұну мен құрмет көрсету саналады. Адам ризық өзі үшін белгіленіп қойылғанын терең сезіне отырып, себептерге жүзінеді. Егер ризығы кең болса, аз себеппен үлкен нәтижелер болады. Егер ризық тар болса, күні-түні жүгіріп-желгенімен адам ештеңе қолға түсірмейді. Ешқашан біреуден тегін нан дәметпеңіз. Бұл өте ұятты жағдай. Ешқашан өзгенің ақысын арам жолмен алмаңыз. Ризық туралы бұл сенім адамға мынаны үйретеді: ең алдымен, ризық қамымен бауырыңды қан етпе. Ризығың саған әр жерден жетіп келетініне сен және күмәнданба. Екіншіден, ризық табамын деп өзіңді отқа, шоққа, Әлидің қылышына ұрма. Мүмкіндігің шегінде әрекет ет. Ескілерден қалған нақылдарға сәйкес, күніңнің ең көбі сегіз сағатын ризық табу үшін еңбекке жұмса. Қалғанын отбасыңа, ілімге, ғибадатқа бөл. Күннің ең берекелі бөлігі – таң. Күн шығудан бір сағат бұрын ғибадатқа дайындал, сосын ғибадат ет, кейін тиләуат пен зікірмен айналыс, ең негізгі істерді осы сағаттарда бітір. Күш-қуат жеткілікті болады. Егер мүмкіндік болса, сағат 10:00-ден 11:00-ге дейін ұйықтап алу керек. Сосын қайтадан қажетті істермен айналысады. Күн сайын бір уақытта белгіленген сағаттарда ұйықтау және белгіленген сағаттарда жұмыс істеу мақсатқа сай. Қолымызда дажжалдың көзі деп сипатталған телефон бар. Міне, осыны тежеп алсақ, әлем гүлстан. Бұл жарамсызды күн сайын сағат 08.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін пайдаланып, кейін одан ажырасақ, шіркін! Көбіне торды (интернет) меңзеп отырмыз. Сегіз сағат. Бітті. Бір сағат та қоспау керек. Бір минут та. Бірақ сол сегіз сағатта шын ниетпен жұмыс істеу керек. Сонда бәрі орнында болады, насип етсе. Сонымен, жұмыс сағаттары мен ризық туралы біліп алдық. Енді отбасы қаржысын ақылмен шешудің екінші негізі кеңеске байланысты. Бұл отбасы мүшелерінің әмияны біреу болуы деген сөз. Отбасында бір қазан қайнайды екен, әмиян да біреу болсын. Әркім тапқан ақшасын әкеге тапсыруы керек.

үлкен және кіші шығын деп аталатын нәрселер бар. Кіші шығындарды ана да басқарады, бірақ үлкен шығындарды әке шешуі шарт. Егер отбасы жас болса, ері мен әйелі отырып, бізге өмірде ең керегі не деген сұрақты ортаға қоюлары керек. Азық-түлік, киімдер, темір-терсектер жеткілікті екені белгілі болғаннан кейін, артық нәрсе алмауға келісіп алулары керек. Қала дүкендеріндегі қуыршақтардың әдемі киіндірілгеніне сілекейі шұбырып қарап, жаңа шүберектер сатып алудан, түрлі көше тағамдары мен асханаларынан адамның өзін тежегені жөн. Осылайша ақша жинау ісін бастап, жалпы қордан сақтықпен, жоспармен әрекет ету керек. Үлкен қаптағы астықты кішкентай тесік төгіп тастай алатыны сияқты, ұсақ шығындарға өте мұқият қарау керек, керексіз ұсақ шығындарға жол бермеу шарт. Қажетсіз жанып қалған шам, ағып қалған су, немқұрайлылықпен сындырылған құрал, жыртылған мата, қалың аршылған картоп, қазанға керегінен көп салынған май, төгілген құрғақ шай, артылып, ашып кететін тамақтар, қатып қалатын әрі тасталатын нан, соңына дейін пайдаланылмайтын тіс пасталары – мұның бәрі исраф деп аталады және бұл істер кедейліктің іргетасы. Кім бұларға немқұрайды қараса, оның аты – ақымақ. Надан. Отбасында әйелдің арман-қалауы көп. Көшеде жүрген басқа бір әйелдің алтыны мен қымбат киімі оған батады. Сол себепті ақылды әйел еріне мойынсұна отырып, шайтан мен нәпсінің мұндай азғыруларына алданбайды. Ақшаны үнемдеп, аялайды. Егер әйел ақшаны үнемдемесе, тұрмыста береке болмайды. Бір нәрсеге ақша жұмсамас бұрын, ол керек пе деген сұраққа нақты жауап табу шарт. Береке негізі – тазалық. Үйді таза ұстау береке мен молшылыққа есік ашады. Сонымен, ақша жинау мен үнемдеу туралы сөйлесіп алдық, үнемделген әрі жиналған ақшаны ақша сандығында (сейф) сақтаңыз. Отбасы басшысы ер бар ақша мөлшері туралы ешкімге сыр бермегені жөн. Әйел де байлығымен мақтанатын ақымақтардың қатарына кірмеуге жан-тәнімен тырыссын. Ақшасы көбейгені үшін өзін басым сезінетін адамға, қай жынысқа жатса да, ақымақтан басқа сипат жараспайды. Ақшаны неге жұмсау керек? 1. Ілім алу үшін ақшаға мұқтажбыз. Өйткені ілім кітаптан алынады – кітап сатып аласыз; ұстаздан үйренесіз, әрине, ұстаз сұрамаса да, оған ақы беруді ары таза адам өзіне парыз санайды. Тым кедей әрі инсапсыздар ілімді тегін аламын деп ойлайды. 2. Үйіңіз болмаса, үй, дәлірек айтқанда ауласы бар үй алуға бағыттау – дұрыс іс. Негізінде, адамның тұруы үшін ауласы бар үйдей жақсы мекен табылмайды. 3. Арба, яғни көлік. Алысты жақын етеді, қажет болса, «асырайды». 4. Перзенттердің болашағы үшін инвестиция. Баланы оқыту, оның шығындары үшін ақша керек. 5. Ата-анаға қызмет ету, оларды түрлі сыйлықтармен қуанту үшін де ақша қажет. 6. Мұқтаж бен бейшараларға көмектесуде ақша – өте жақсы көмекші. Ақшаны көбейту тек оны жинау арқылы емес, сонымен қатар садақа мен ехсан арқылы да болады. Ақша мөлшері нисапқа жетсе, зекетті қуана-қуана беру шарт. Ақшаны демалысқа жұмсау мәселесі де бар. Қазір шетелге барып демалу салтқа айналған. Соған үгіттейтіндер де бар. Әркімнің таңдауы өзінде. Бірақ кез келген сапардың нақты мақсаты болмаса, оған жай ғана ақша жұмсау да ақылға сыймайтын іс. Сейіл-саяхаттың мынадай себептері болуы мүмкін: 1. Ілім, яғни ілім іздеп алыс жұрттарға сапарға барылады. 2. Сауда, яғни өз жұртына қажетті мал-тауарларды әкеліп сату үшін саяхатқа шығылады. 3. Денсаулық, яғни науқас адам айығу мақсатында ем іздеп сапарға аттанады. 4. Ғибадат, яғни қажылық немесе умра үшін сапарға барылады. 5. Зиярат, яғни ұлықтардың дұғасын алу үшін және өткендерді еске алу үшін кесене, турба және қамдажоларға барылады. 6. Қуғын, яғни адам жанына зұлымдық пен әділетсіздік, қатер мен қауіп төнсе, сапарға шығылады. 7. Қызмет, яғни жұмыс орнының немесе ұлықтардың белгілі тапсырмаларын орындау үшін сапар жасалады. Бұл тізімге біз жұмысты енгізбедік, алайда қазір көп адамдар жұмыс іздеп шетелге кетеді. Ризық табудың мүлде мүмкіндігі болмаса, бәлкім, сапар жасауға болар, бірақ сабырмен ризыққа қанағат етіп, отанда тұруды абзал деп ойлаймыз. Ұзақ мерзімге жұмыс істеймін деп әйелді, балаларды жалғыз тастап кету адамзат өміріне сай келмейтін шығар. Өйткені бұл мәселе әрі рухани, әрі тәндік ащы салдарларға алып келеді. Ер мен әйел бір отбасы бола тұра, сандалып өмір сүруі, балалардың тәрбиеден шетте қалуы әдемі емес. Егер бай болу, ақшалы болу, тоқ өмір сүру маңдайға жазылса, осы жерде де ризық адамды тауып келеді. Олай болмаса, жат жұрттарға барып, ең алдымен, иман, тақуалық, тәрбие, денсаулық пен тыныштық қатерге қойылады. Өйткені халал мен арамды ажырату ұғымы жоқ елдерде шошқа еті ме, ит еті ме, тамақ етіп бере береді, мұндай нәрселерден көмейді сақтау өте үлкен мәселе. Кейін де келімсектік таңбасы адамға абырой табу есігін жабады. Бәрібір, жат жұртта мойныңды бұғып өмір сүруге мәжбүрсің. Халыққа өзіңді қаншалықты бай-бақуатты, мол-толық етіп көрсетпе, жат елде басыңның иілген, мойныңның бұғылған, үніңнің ішіңде екенін өзің білесің. Бөгде мемлекеттің нанын жеп, суын ішкен соң, бәріне шыдайсың. Сондықтан өз жұртыңнан және өз махаллаңнан айырмасын. Қарыз мәселесі де бар – мүмкіндігінше қарыздан сақтану жөн. Қарыз адамды құл етеді. Қарыз бергеннің алдында иілуге мәжбүрміз. Құдай барлық қарыздарларға құтылу берсін! Ең үлкен ескерту – бір тамшы да арамды үйге кіргізбеңіз! Бір тиын да арам ақшаны жұмсамаңыз! Арам екі дүниемізді күйретеді. Сөзіміздің соңында ең бірінші сөзге қайтамыз – ризық уайымына құл болмаған, исраф етпеген, дәметуден, қарыздан сақтанған, жоспармен жұмсаған, керек болса, шығын дәптерін жүргізген, ехсан мен садақаны, қанағат пен шүкірді берік ұстанған отбасы бай болады, ешкімге тәуелді болмайды.

Акром МАЛИК

1 930рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

    Үшінші бөлім Өсу сатылары Екі жастан кейін баланың өсуі жылдамдайды – таусылмайтын сұрақтар, жалт-жұлт еткен көздер, ойынқұмарлық. Бала өз атымен – бал! Бал ғой?! Яғни бала сөзі…

    6 мин

    Тоғызыншы тарау

    ЖҮКТІ БОЛУ, БАЛА КҮТІМІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ Екінші бөлім Нәресте Нәрестенің дүниеге келуі – үлкен бақыт. Бұл жерде жас ананы бәрі қолдауы керек: көбіне бұл жерде жауапкершілікті ене…

    6 мин

    Тоғызыншы тарау

    ЖҮКТІ БОЛУ, БАЛА КҮТІМІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ Бірінші бөлім Екіқабат Өзбектер – балажан халық. Балажан болмауға бола ма? Болады екен. Балалы болуды қаламау, баланың орнына күшік бағуды…

    4 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.