Тіл

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

ОН БІРІНШІ ТАРАУ — фото

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

ОТБАСЫДАҒЫ ТАМАҚТАНУ, ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ

Денсаулық пен тазалық әрдайым қатар жүреді. Отбасында тазалық пен денсаулықты сақтау бір-бірімен тығыз байланысты. Әрине, денсаулықтың тағы бір негізі – тағам. Тазалық пен тағам талап етілгендей болса, бүкіл отбасы сау-саламат болады, Құдай қаласа. Тамақтануда адалдық пен тазалық ережесіне – қағидаттарына сүйену керек. Адалдық дегенде, көмейден өтіп, асқазанға баратын әрі қуатқа айналып, денеге сіңетін, кейін артық бөлігі сыртқа шығып кететін тағамның маңдай термен табылған ақшаға әзірленуі туралы айтып отырмыз. Тамақ үшін май, ұн, пияз, картоп, сәбіз және тағы басқа көкөніс пен өнімдерді ақшаға сатып аламыз, міне, сол ақша өзіміздің ана сүтіндей адал, еңбекпен тапқан ақшамыз болсын. Біреуді қан жылатып, қарғысына ұшырап, пара ретінде немесе ұрлап, алдап өндірілген ақшаға нан алмайық. Ондай ақша арам деп аталады. Адам мемлекеттік жұмыста істейді. Мемлекет оған жұмысы үшін жалақы береді, бірақ ол бұл жалақыға қанағат етпейді, керісінше, өзіне мұқтаж адамдардан қосымша ақша талап етеді, бұл ақшаның аты – пара, оны алу – арам. Бұған күмән жоқ. Ісі бітуі тиіс кез келген бейшара мен жәбірленуші тіпті садақа деп те сол ақшаны береді. Бірақ ақша бермегені үшін адамдарды емдемейтін дәрігер, ғылыми жұмысты бекітпейтін мансапқор, құжаттарға қол қоймай кінә іздейтін шенеунік, кінәсізді кінәлі деп үкім шығаратын, тіпті жала жабатын полиция мен қазылар, жалпы, осы істі істейтін барлық адамдар арам ас жеп жатыр және олардың үстінен адамдардың қарғысы жауып тұр. Адам мемлекеттің жұмысына кірді ме, ол жалақыға қанағат етемін деп кірді, қанағат етпесе, барсын да басқа жұмыс істесін, бірақ мемлекет атынан халықтың да, мемлекеттің де ақысын жемесін. Өзі жесе де, мейлі, бала-шағасына жегізетініне не дейсіз?

Сонымен, тамақ үшін адал ақша жұмсау керектігін еске алдық, енді картоп, пияз бен сәбізді аршып, тамаққа салудан бұрын олардың әрқайсысын үш рет үстінен су ағызып, ысқылап жуу керек. Иә, солай: көкөніске су құясыз, ысқылап жуасыз, суды төгесіз, тағы да осылай оны жуасыз. Жұмыртқаға мұқият қарау керек. Жұмыртқа тауықтың қи шығатын жерінен шығады және оның қатты беті тауықтың шырышты әрі мөлдір қиымен жабылады, оны кемінде күлмен немесе арнайы гельмен жумасаңыз, кетпейді, оны жарып табаға салғанда, сол шырыш еріп, бірге тамаққа, тамақ арқылы сіздің қымбатты денеңізге кіріп барады, сондықтан жұмыртқаны күлмен немесе гельмен үш реттен жуу керек әрі міндетті. Ыдыстарды да қоқыс пен лас нәрселерден тазарту жеткіліксіз, оларды тағы үш рет бөлек су ағызып жуып алу талап етіледі. Қол жууға да өте мұқият болыңыз: дәретханадан шыққанда, міндетті түрде сабындап жуыңыз. Жуғанда да бүкіл алақаныңызды, қолыңыздың буындарына дейін, саусақтардың арасын да үш реттен бөлек жуыңыз. Тамаққа кір су тамбауына көңіл бөліңіз. Мұндай істерге немқұрайлылық нәтижесінде тағамыңызға лас пен кір араласады. Бұл нәрселер тағамның дәмін бұзбаса да, денеңізге кіріп, қаныңызға қуат ретінде араласып, көңіліңіздің күңгірттенуіне, бетсіз, арсыз, жүрегі қатты, ақылы кеміс адам болуыңызға жетелейді. Қол жумай, лас ыдыстарда сол қолмен тамақ жейтін адамдар, әрине, жүрегі кір, әрине, олардың ақылы қысқа. Демек, тағамды ең таза өнімдерді тазарғанша жуғаннан кейін пайдалануға келістік. Таза өнім дегенде, біз үшін халал саналатын ет пен заттарды меңзеп отырмыз. Бисмилләсіз сойылған ет, шошқаның еті, иттің еті және жалпы арам нәрселерді мүлде жемейміз, өйткені оларды жусаңыз да, тазартуға болмайды. Тағамдардың маусым мен ауа райына қарай сұйық әрі қою және қуатты болуы маңызды. Ашытқылы қамырдан пісірілген нанды жеу керек. Мүмкіндігінше шоколад, печенье, жалпы, сыртта пісірілген кез келген түрдегі тоқаштардан аулақ жүрген жақсы, себебі, біріншіден, тазалық қағидаттарының қаншалықты сақталғаны бізге беймәлім, екіншіден, олардың құрамына бұзылмау үшін қосылатын химиялық жасанды заттарды бұл пақыр баяу әсер ететін у деп біледі. Сондықтан әр отбасының жейтін барлық нәрсесін өзі қолмен әзірлегені – ең орынды іс. Тіпті жұмыс орнындағы түскі асты да үйден алып кету – жақсы әдет. Оның үстіне, үйде әзірленген тамақ сыртта пісірілген күмәнді тамақтан бірнеше есе арзанға түседі. Дастарқанда түрлі түсті кез келген сусын, түрлі түсті кез келген тәттілер тұрмауы керек. Керісінше, кептірілген өрік, кебе, мейіз, жаңғақ, ашық пісте, нават, бал, сары май және үйде әзірленген нәрселермен дастарқанымыздың толуы көркем әрі ақылға қонымды болар еді. Отбасында төрт мезгіл тамақтану ұсынылады. Таңертең – таңғы ас, түскі ас, екіндіден бұрынғы шағын тамақтану (мұны кейбір өңірлерде бесін деп атайды), содан кейін кешкі ас. Ең маңызды ереже мынау: ас кезінде үйде болған барлық адам міндетті-ерікті түрде дастарқанға келсін. Ешкім ренжулімін, уақытым жоқ, бос емеспін деп шетте қалмасын. Әрине, бәрі бір уақытта дастарқанға келсін, бір уақытта тамақтана бастасын, әрине, отбасының үлкендері асты бастап береді; бәрі бір уақытта ас үстінен тұрсын, ешкім бар игіліктен шетте қалмасын, бәрі Алла берген ризықтан үлес алсын, береке деген – осы. Тағы маңыздысы, бір уақытта тамақтанғанда бәрінің қарны тойсын, сонда уақытсыз тамақ іздеуге қажеттілік қалмайды, ретті тамақтану арқылы семіру немесе асқазан ауруы да болмайды. Бұл пақыр өз отбасымыздың тәжірибесінен шыға отырып айтсам, ағалары мен апаларым – әкемнің бауырлары арасында асқазан ауруы жоқ, өйткені ол шаңырақта әрдайым бәрі бір уақытта белгіленген сағатта жақсы әрі әдемі тамақтанады. Қарын жақсы тойса, адамның ойы алаңдамайды, жақсы жұмыс істейді, жақсы ілім алады, жақсы ғибадат етеді. Шымшып тамақтанып, кейін әр жарты сағат сайын тоя алмай сенделу мінез тұрғысынан да, денсаулық талабы тұрғысынан да дұрыс емес. Тамақтану туралы жалпы әрі маңызды сөздерді айттық. Тамақтанғанда асықпау, сылпылдатпау, кекірмеу, өз алдынан алу, асықпай шайнау және осы сияқты әдептер әркімге белгілі болса керек, әрине. Тағы маңызды ереже мынау: тамақты жеткілікті әзірлеу керек – артылып қалмасын, жетпей қалмасын, артылған тамақты мұздатып, жылытып жеуден қашу, керісінше, әрдайым жаңа тамақ әзірлеуге ұмтылу керек. Бұл мәселеде жалқаулық жасамау керек, әр жолы жаңа тамақ әзірлеу кем дегенде тамақтан улануның алдын алады. Бұл отбасы денсаулығы үшін қажет тамақтану әдебі туралы сөздер еді, енді аула, үй, киімдердің тазалығы туралы аздап тоқталамыз. Отбасында күніне екі мезгіл тазалау жұмыстары болуы ұсынылады. Яғни үй бикештері, қыздар ерінбей, жұмысты нақты бөліп алып, аула мен бөлмелерді таңертең және кешке таман тазалап шығуы шарт, бұл – сыпыру, еден мен шаңды сүрту деген сөз. Бұл іс жылдың он екі айында, аптаның жеті күнінде әдетке айналуы керек. Тазалық көңілді сап әрі таза ұстайды, адамның сау әрі көтеріңкі көңіл-күйде болуын қамтамасыз етеді, мұндай отбасының балалары да таза жандар болып өседі. Тазалыққа үйренген адам аздаған кірге шыдай алмайды. Таза ғой деп тазалаудан қашу ақыр соңында былықтыққа үйреніп, ластықты әдеттегідей қабылдауға жетелейді. Тазалар мәртебелі болсын! Үйде кір киім үйіліп жатпасын, кір болған киімдерді тез жуу, әсіресе, іш киімдердің тазалығы бірінші кезекте бақылауда болуы шарт. Ыстық күндері іш киімдер күн сайын тазартылса, мақсатқа сай. Дененің тазалығына әр адам өте қатты қарауы, ата-аналар балалардың таза жүруіне өте мұқият болуы керек. Әйелдер мен ерлердің іш киімдері бөтендер түгілі, тіпті отбасы мүшелерінің көзіне түспеуі керек. Аула мен бөлмелер хош иісті тұруы үшін райхан мен раушандар және басқа да түрлі гүлдер егілуі керек. Бөлмелерге күн сайын жаңа үзілген гүлдерді су құйылған гүлсауыттарға салып қою ұсынылады. Отбасы бұл істерден ерінбеуі керек. Күн сайын бұл істерді істеуі керек. Тазалық жұмыстарынан кейін әдемі гүлді дастарқан үстінде ыстық шай мен кофе ішу қандай керемет, солай емес пе? Мысалы, пашмакпен, холвамен, шабдалыдан немесе өріктен, не алмұрттан әзірленген тосапен, немесе құрмамен? Керемет қой, ә? Мұндай рахатты тек тазалықты сүйгендер ғана біледі және олар бұған лайық! Айтпақшы, тазалау тек әйелдердің ісі деген сөз емес, ерлер де есік алдын, үй ішін сыпырып-сиқуда, сүртіп-тазалауда мүмкіндіктеріне қарай көмектессе, ізгілік болады. Егер көшені тазалау керек болса, бұл іс тек ер адамның мойнында. Ер адам өзінің махрам әйелдерін көше тазалауға шығармайды. Сонымен, сөзімді қорытындыласам: өз уақытында осылай адал, таза тамақтанатын, таза өмір сүретін, ішпейтін, шекпейтін, ашуланбайтын, ешқашан айқайламайтын, зұлымдық жасамайтын шаңырақта біреу ауыруы мүмкін бе? Ақыр соңында, ақыл мен парасатпен аурулардың есігін жабуға болады екен ғой! Күтпеген қасіреттер мен бәлелер ше дейсіз бе? Біреудің мұрнын қанатпасаңыз, адал өмір сүрсеңіз, бәлелер сізден алыс тұрады, оның үстіне, күн сайын Алла Елшісі ﷺ-дан келген дұғаларды оқып жүрсеңіз, сізге ешқандай күтпеген қасірет зиян тигізбейді, Құдайдың рұқсатымен.

Акром МАЛИК

1 840рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    ОНЫНШЫ ТАРАУ

    ОТБАСЫ ЭКОНОМИКАСЫ Әр отбасы өз қаржысын өзі шешуі керек. Бұл дүниеде адал еңбек арқылы ризық табудай рахат жоқ. Ризыққа байланысты екі мәселені шешіп алу қажет: 1) ризық…

    6 мин

    ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

    Үшінші бөлім Өсу сатылары Екі жастан кейін баланың өсуі жылдамдайды – таусылмайтын сұрақтар, жалт-жұлт еткен көздер, ойынқұмарлық. Бала өз атымен – бал! Бал ғой?! Яғни бала сөзі…

    6 мин

    Тоғызыншы тарау

    ЖҮКТІ БОЛУ, БАЛА КҮТІМІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ Екінші бөлім Нәресте Нәрестенің дүниеге келуі – үлкен бақыт. Бұл жерде жас ананы бәрі қолдауы керек: көбіне бұл жерде жауапкершілікті ене…

    6 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.