ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ ОТБАСЫДАҒЫ ТӘЛІМ ЖӘНЕ ІЛІМ
Ілім – ақиқаттарды бізге ұғындыратын құрал. Ілім болмаса, іліммен айналыспасақ, әрқайсымыз надандық батпағына батамыз. Елестетіп көріңізші: әр отбасы кітапқұмар, әр отбасы ілімнің құнын терең ұғынады; ілімін ықыласпен іске асырады. Ілім мақсаты мен міндетіне қарай әртүрлі. Ең алдымен ілім пайдалы және пайдасыз ілімге бөлінеді. Пайдалы ілім қиындығыңызды жеңілдетіп, жүрек пен ақылды қараңғылықтан жарыққа алып шығып, рухыңызға тыныштық сыйлайды. Пайдасыз ілім сізді одан әрі қиындыққа душар етіп, жүрегіңіз бен ақылыңызды жарықтан қараңғылыққа тастап, рухыңызды уайым мен уәсуәсаға душар етеді. Пайдалы ілім – амалдағы ілім. Амалдағы ілім екі бөлікке бөлінеді: өмірлік қарым-қатынас пен рухани тыныштыққа қажет ілім және кәсіп пен өнерге қатысты ілім. Өмірлік қарым-қатынас үшін адамға әдеп ілімі керек. Әдеп – әркімге және әр нәрсеге керек қарым-қатынас. Әдеп ілімі парасат пен ақылды дамытады. Әдеп ілімі адамның ішкі және сыртқы жағы үшін керек. Сыртқы әдеп – сөйлеу, сөз таңдау, айналадағы әр адамға лайықты түрде жүзіну. Сыртқы әдептің ең біріншісі – сөзді азайту, көп сөйлеу арқылы барлық бәле келеді. Сөйлегенде тек жақсы сөз айту – екінші ереже. Ғибадаттар туралы ілім пайдалы ілім саналады, бұл туралы «Отбасыдағы ғибадаттар» бөлімінде тоқталамыз. Ішкі әдеп – жүрек пен қиялды жаман ойлардан тазарту ілімі. Адамдар туралы жаман ойда болу, нәпсі мен хайуани ойларға берілу сияқтылардан құтылу үшін бұл ілім қажет саналады. Кәсіп пен өнерге қатысты ілімдер мынадан тұрады: адам қай кәсіппен немесе өнермен айналысса, сол саланың ілімін терең әрі жан-жақты білуі шарт, сондай-ақ бұл тұрғыда өз шеберлігі мен білімін кеңейтуден еш тоқтамауы керек. Өндіріс, қызмет көрсету және басқа қандай сала болмасын, адам оның ілімдерін жете меңгеріп, тәжірибеге енгізсін, бұл ол үшін міндетті. Кәсіп пен өнерге қатысты ілімдер адамның материалдық тіршілігі үшін қажет, сондықтан адамдардың көбі бұл мәселеде аса үлкен машақатқа ұшырамайды, бірақ жүрек пен ішкі дүниені таза әрі тыныш күйде сақтап тұру, ақылды үнемі пайдалы ойлаумен шұғылдандыру көпшілік адамдар үшін өте үлкен қиындық туғызады. Адамзат күн сайын тағам мен суға, сондай-ақ тәндік тазалыққа мұқтаж болғаны сияқты рухын да қоректендіруге мұқтаж. Рухтың мұқтаждығы ілім мен мағрифатпен қанағаттандырылады. Сондықтан адамзат үнемі адамгершілік пен ізгілікке шақыратын, жабайылық пен зұлымдықтан қайтаратын ілімдерге, кітаптарға, оқу мен сұхбаттарға жүзініп тұруы керек. Күн сайын кемінде үш рет тамаққа, екі рет жуынуға қажеттілік бар екен, ілім алу мен мағрифат сұхбаттарына да бұдан кем емес дәрежеде көңіл бөлуі керек. Тәннің қуаты мен рахаты үшін таза әрі халал тағам, тәтті әрі мөлдір су ұсынамыз, егер арам әрі лас тамақты денемізге енгізсек, әрине, ауруға шалдығамыз. Ең қызығы, адамның денесінен ол жеген нәрселердің иісі шығады. Шошқа жесе, шошқаның иісі, ит жесе, иттің иісі; арақ ішсе, арақтың иісі; гүлсу ішсе, гүлсудың иісі шығады. Қойдың шын иісі хош иісті, тек оның асты тазаланбаса, қи көбейіп, қидың үстінде жата берсе, тірі қойдың еті иістеніп қалады. Сол себепті қой етін жеген адамның терісінен де жақсы иіс таралады. Ілім мен мағрифат, кітап пен оқу, сұхбат пен дидар жүректің азығы екен, бұл азықтың да таза әрі халал болғаны маңызды. Тағам ауыздан көмейге, көмейден тамаққа, тамақтан ішке түсетіні сияқты ілім мен мағрифат көз бен құлақ арқылы жүрекке жол тартады. Ауызға бәрін тығуға болмайды, көз бен құлақтан да бәрін құя беру жақсы емес. Арам тағам асқазанға түсісімен адам денесін ауыр әрі әлсіз күйге түсіргені сияқты, арам сөз бен арам суреттер жүректі осындай азапқа салады.
Тағамдарды араластырып жеуге болмайтыны сияқты, бір-біріне мағынасы қарама-қайшы нәрселерді оқу, есту және көру де жүрек пен қиялды алаңдатып жіберуі заңды. Денеміз тән болғандықтан, ондағы у тез білінеді, бірақ жүрегіміз нәзік әрі көзге көрінбейтін болғандықтан, улы ілім мен пайдасыз мәлімет бізге бірден сезілмейді, алайда бұл нәрселердің шабуылы өзін көп күттірмейтіні күмәнсіз: күйзеліс, себепсіз мұң, қызғаныш, уәсуәса, уайым, жалқаулық, зейіннің төмендігі, ойды жинақтай алмау, алаңғасарлық және бірқатар рухани кеселдер дәл осы улардың нәтижесі. Тіпті бұл улар денеге де әсер етеді, өйткені рух дененің әр жерінде орналасқан, рухқа түскен у бүкіл денені езіп жібереді. Рух бұл удан құтыла алмай, тордағы құс өзін торға соққандай жан-жаққа ұрынады, сол кезде адам күйзеліс пен көңілсіздікке душар болады. Бұдан шығатыны, біздің жүрегіміз бен ақылымыз үшін улы болған кез келген сөз бен суреттерден сақтануымыз шарт. Бұл сөздеріміздің бәрі ілімнің маңызы мен мәні, адам өміріндегі орны туралы болды, енді отбасында ілімді қалай жолға қою туралы сөйлесеміз. Ілім иелері қоғамның жалпы санына қарағанда өте аз. Өкінішке қарай, адамдар ілім иелерін ешқашан лайықты бағаламаған, керісінше, оларға азап пен жапа шектіреді. Сондықтан отбасының бірінші ісі – ілім иелерін бағалау және құрметтеу. Екінші іс, мысалы, айына бір рет сенімді әрі амалы көркем ілім иесін үйге шақырып, перзенттермен бірге одан ілім алу. Ұстаздан біздің тәрбиемізге, ақыл-парасатымызға қажет, әдеп пен адамгершілікті үйрететін ілімдерден үлестіріңіз деп сұралады, ұстаз үйге шақырылады, қонақ етіліп, құрметтеледі, содан кейін әке мен перзенттер жиналып отырады, ұстаз оларға бір сағаттай кітап оқып береді және сұрақ-жауап жүргізеді. Бұл қызметі үшін ұстазға жақсы ғана сыйлық беріп, жақсы сөздермен көңілін қуанту керек болады. Үшінші іс – әрине, үйде кітапхана болуы керек. Жақсы әрі жаңа кітаптардан сатып алу, оқу және ұстаздың алдында оны талқылап, мағынасын ашу керек. Әрине, перзенттердің оқуына, мектеп сабақтарына да қарап отырылады, қиындықтары болса, жеңілдетіледі. Баланы репетиторға немесе оқу орталығына берумен іс бітпейді, сондықтан біз беріп отырған кеңес, иншаАлла, тәжірибелік нәтиже беретін нақты кеңес. Бұдан бөлек, қалада өтетін жақсы ғылыми шаралар мен сұхбаттарға бару керек. Қай жерде ілімнен сөз болса, міндетті түрде одан үлес алу керек. Сөзсіз, мұнда пайдалы ілімдер туралы айтып отырмыз. Егер осылай іс істелсе, әр отбасы бұған әдеттенсе, әрине, ілім адамдарды ардақты етеді, мінезін көркемдейді және инабатты әрі иманды, сабырлы әрі төзімді болуларына қызмет етеді.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.