БІРІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОТБАСЫНЫҢ ӘМІРШІСІ — ӘКЕ
Үшінші бөлім Әкенің отбасындағы саясаты
Әке отбасында көп жағдайда байыпты әрі күлімсіреген адам. Ол алаңсыз әрі бейбіт, салмақты әрі байсалды. Әке әрбір баласын өте терең біледі. Ол баласының тәрбиесін ең жоғары орынға қояды. Әке перзенттері әлі мектепте оқып жүргенде, олармен апта сайын жалпы сұхбат өткізеді. Сұхбаттың мәні — осы аптада кім не істеді, нені істей алмады? Балалардан достық түрде мектебі, ұстаздары, жолдастары туралы сұралады. Тыңдалады. Оларға белгілі бір ынталандыру мағынасында сезімдік қарым-қатынас білдіріледі: «Иә, солай ма екен? Ааа… Уаааай. Керемет! Қане, көрсетші?» Қате сөйлесе де, бірден ескерту бермейді, сұхбат соңында мына жері дұрыс болмады деп айтады. Маңызды тұс мынау: әлемде перзенттің дүниетанымына әсер ететін ең күшті қуат — әкенің сөзі мен ісі. Перзент әкеден естіген сөзін өмірбақи жіберіп қоймайды, құлағына інжудей тағып алады, жүрегінен шығармайды. Әкеден көргеніне өмірбақи еліктейді. Перзент бүгін болмаса, ертең; ертең болмаса, бүрсігүні әкенің насихатына, өсиеттеріне сүйеніп қалады. Бәлкім, алғашында насихаттардың құнын тез ұқпас, бірақ бара-бара түсінеді, сезінеді, яғни перзентте әке сөзін ұмыттырмайтын жаратылыстық қасиет бар, мұны әке терең біледі және баласына насихат айтудан, өз сөздерін өмірлік оқиғалар мен хикаяттармен әрлеуден әсте тоқтамайды. Әке — ілімге құштар адам. Ол әрдайым оқуда, ізденісте болып, бұл үдерістен еш тоқтамайды, оның ілімге құштарлығы, мағрифаты отбасына, балаларына әсер етпей қалмайды. Әке апталық отбасы жиналысына мүмкіндігінше өзі әзір тұрады, телефондар ұмытылады, бәрі қызу сұхбат құрады. Әке балаларын тыңдағанда, балалар да алдымен ата-ананы, сосын бір-бірін тыңдауды үйренеді. Әке әрдайым ана мәртебесін отбасында жоғары қояды, мұны іспен де, сөзбен де көрсетеді, анадан кеңес сұрайды, онымен кейбір мәселелерді талқылайды, балалар ананың беделді әрі құрметке лайық екенін көздерімен көріп өседі. Әке тазалыққа қатты көңіл бөледі: үй, аула, киімдер, ыдыс-аяққа дейін таза болуын бақылайды. Ешбір перзентінің кір күйде жүруіне жол бермейді. Әке бұйырған ісі орындалған-орындалмағанын тексереді. Жақсы орындалған болса, баласын бәрекелді деп мақтайды; егер кемшілігі болса, тағы мақтап түзетеді. Әке балаларына оларға ауыр әрі орындауы қиын, мүмкін емес істі бұйырмасын, бала орындай алмаса немесе әке әмірі үйде орындалмаса, мұның себебі мен салдары тексерілмесе, әкенің рухани қуатына шаңырақта нұқсан келеді. Әке отбасында өз абыройы мен құрметін сақтап тұру үшін күреседі, яғни ешқашан өзіне дақ болатын іс жасамайды, өйткені балалар алдында масқара болу ауыр. Әке — баланың шын мағынасындағы иесі, барлық жағынан баласына ие болады: балаға еркіндікті, дербестікті де сездіреді; әрі бақылауда екенін білдіреді; бұл бақылау балаға деген көңіл бөлуден екенін сездіреді. Әке ешқашан перзент алдында тілі қысқа емес. Перзенттен өзін төмен ұстамасын. Бала жасөспірімдікке жақындағанда саясат байыптала түседі, бала жауапкершілік не екенін сезе бастайды.
Акром МАЛИК
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.