Жүрегіңе назар сал: ол дос қалап тұр ма? Біреу болса-ау, онымен қайғы-мұңымды бөліссем дей ме? Ол маған, мен…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Жүрегіңе назар сал: ол дос қалап тұр ма? Біреу болса-ау, онымен қайғы-мұңымды бөліссем дей ме? Ол маған, мен оған міндетсіз сүйеніш болсам дей ме? Сырларымды жасыратын, маған жақсылық тілейтін, мен үшін дұға етіп, адассам, тура жолға бастайтын дос маған керек деп тұрсың ба? Онда бұл сөздер сен үшін: өтінемін, асықпа! Алдымен, ондай дос тек бір адам ғана болатынын біліп ал. Екіншіден, ол дос қияметтік болуы керектігін ұмытпа. Қияметтік дегеніміз — саған тозаққа үкім етілсе, сенің күнәларыңды да иығына алып, жәннатқа кіруің үшін Құдайға жалбарынатын дос. Осы дүниенің өзінде кейбір кемшіліктеріңді біліп қойып, оны жұрттың бәріне сатып, аяқасты ететін опасыздың опасыз әйелден еш айырмасы жоқ. Үшіншіден, айналаңа назар сал: кім осындай болуға лайық? Кімнің жүрегінде досқа мұқтаждық бар? Дос бола алатындай дәрежеде биік мәртебелі, мәрт әрі терең ойлы адамды көріп тұрсың ба? Және ол адам саған мейірімді ме? Төртіншіден, осындай адамды тапсаң, бес жыл күтуің керек. Бірінші жылы оны зерттейсің. Оның әлсіз және күшті жақтарына қарайсың: өтірікші, уәдесінде тұрмайтын, екіжүзді және көп сөйлейтін, істерін шала-шарпы атқаратын болса, үндемей бет бұрып кет. Мұндай пасықтармен сұхбаттас та болма. Егер бақылауларыңнан оның пәк әрі адал екенін анықтасаң, енді оған материалдық жақсылықтар жаса, аз-аздан сұхбат құр, оның әлемімен таныс. Бірге серіктестік істер жаса. Бірақ өзің сыр берме. Бұл жағдай бір жыл жалғасады. Үшінші жылы одан сәл алыстап, сосын одан көмек сұра; ақша ал да, қайтару мерзімін кешіктіріп, қиналған күйде қайтар. Төртінші жылы оған қатаң сынақ бер: қатты сөйле, араздас; көңілін қалдыр. Егер ол осы жағдайларға қарамастан саған мейіріммен қараса, сені тастамай, сені түсінуге және жол көрсетуге тырысса, демек, сынақтан өтті. Бесінші жылы оны енді тағы да қатаң тексер; барлық жағдайларды талда. Жалпы, бес жылда өмірдің өзі де адамды жан-жақты көруіңе мүмкіндік береді. Жүрегі жұмсақ, ақылы сау, ойы терең, ісі адал, зейіні өткір, мейірімді, өз орнында қатал, дос үшін жан беруге дайын; әрдайым қорғауға әзір әрі оның да жүрегі досқа, сырласқа мұқтаж болса, серттесуге, сыр ашысуға және дос болуға болады. Әйтпесе, жалған достың тұзағына түсесің де, құрдымға кетесің. Шын дос тапсаң, опасыздық көрмейсің. Опасызға жолықсаң, ол сенің екі дүниеде бауырыңды күйдіреді. Сені сатып, саған жамандық жасайды; қызғаныштан сенің абыройыңа жала ұйымдастырады. Адалдарға сәлем, опасыздарға Алланың жазасы болсын!
Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.