Адамдардың көбі өздері қалаған нәрсеге сенеді. Өздері ақиқат деп білген нәрсе үшін дәлел іздейді. Жүрегіндегі…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Адамдардың көбі өздері қалаған нәрсеге сенеді. Өздері ақиқат деп білген нәрсе үшін дәлел іздейді. Жүрегіндегі күмәнді ақиқат деп растайтын дәлелді іздейді. Сол себепті, көрген нәрселер мен құбылыстарды жүректеріндегі күдіктің растауы деп қабылдап, соған ереді. Шын мәнінде, адам өз ойын, пікірі мен тілектерін бір шетке жиып қойып, ақиқаттың өзін табуға және оны ұғынуға жігер салуы тиіс. Ақиқаттың адамның нәпсісіндегі, ақылындағы және жүрегіндегі нәрселерге кереғар болу ықтималдығы зор. Көрінген нәрсе көрінгендей болмауы, естілген нәрсе естілгендей болмауы мүмкін. Жасыл жапыраққа оранған және салқындық сыйлап тұрған ағаштың қойнында от бар десе, ақыл қабылдай ма? Ал шын мәнінде әрбір ағаштың діңінде от өмір сүреді. Мұның екі дәлелі бар: ағаш су ішпесе, қурайды, оны қуратқан нәрсе – ішіндегі от. Екінші дәлел мынау: құрғақ ағаш бұтақтары үйкелсе, одан от шығады. Сырттай ағаш оттан алыс көрінгенімен, ішкі жағынан ол – оттың мекені. Мұндай мысалдарды тағы келтіруге болады: әлемдегі барлық жаратылыстың ішінен от та, ауа да, су да табуға болады және т.б. Айтпағымыз: әр нәрсенің сырты ол туралы ақиқатты білдірмеуі табиғи. Мақсатқа оралсақ. Мақсат – адамдардың көбі ақиқатты іздемейтіні және нәпсілеріне ұнаған нәрсені ақиқат деп бекітіп, оған айналадан дәлел іздеп табатыны туралы баяндау еді. Адам кейде тілімен көңіліне қайшы сөзді айтады. Себебі – қоғам нені жақсы деп білсе, соны жақсы; жаман деп білсе, соны жаман деп айту, яғни еліктеу табиғаты. Адам көбіне көпшілікке ереді; мұны өзі түсінбейді, ал шын мәнінде ол көпшілікке жаудырылып жатқан өтірік пен айла жаңбырынан қанып ішіп, сол ішкендерін құсып жатқан болады, болғаны. Мысалы, мінбарға шығып алғандар біз құлап жатырмыз деп айқайласа, төмендегілер де қосылып солай айқайлайды. Біз құтылып жатырмыз делінсе де, тағы қайталайды. Ақылдары мұны растағандай көрінеді. Ал шын мәнінде ол ақыл мінбардағы адамның ұсынған дәлелдері мен талдауларына ғана сүйеніп тұр. Өзі ештеңе тапқан да, ұққан да жоқ. Сөз ұзарып барады, мақсат шетте қалып жатыр. Мақсат – адамдардың нәпсілері қалаған нәрсені ақиқат деп білетіні туралы айту еді. Ең қызығы, адамдар нәпсілері қалаған нәрсені қаншалықты жасырса да, олар бұл нәрсені екі нүктеде сыртқа шығарады, бұл олардың еркімен болмайды. Бірінші көрініс – олардың істері. Адам тек көңілінде жасырып, өзін қанша пәк ұстаса да, амалдары оның нәпсісіндегі тілек пен ақиқатты көрсетеді. Екінші көрініс – оларға деген қарым-қатынас. Көп жағдайда адамдарға олар қалаған нәрсе тағдыр арқылы келеді. Егер оның күдігі жақсылыққа болса, жақсы нәрселер; жамандыққа болса, жаман нәрселер; күнә болса, күнәлар; сауап болса, сауаптар келеді. Осылайша, адам неге мен осыншалық азап шегіп жатырмын демесін, жай ғана оның ішіндегілер алдынан шығып келе жатыр, болғаны. Яғни наразы болып, біреулерді айыптаудан бұрын адамзат өз жүрек дәптерінің парақтарына таза әрі пәк сөздерді жазуы керек, өйткені ол бұл сөздерді тағдыр жолдарында оқып жүруге мәжбүр. Сөздер шатасқандай. Көзделген мағына әлдеқайда қашып кеткендей көрінеді. Аралас тағамдар мен арам тамақтар адамды науқас етіп, құртатыны сияқты, түрлі сөздер мен тексерілмеген, расталмаған мәліметтер; ұятсыз бейнелер мен дыбыстар, жалпы осы сияқты нәрселердің бәрі көз бен құлақ құбырларынан жүрек құдығына ағып түседі де, жүректі, ақыр соңында бүкіл болмысты бұзады. Жүрек бұзылса, ол арам нәрселерге бейім болады; нәпсі құтырса, адам оны бағындыра алмай қалады; ақыл адасса, адам дұрыс шешімдерден алыстайды және т.б. Енді не айтпақ едік, жақсысы, нөмірлеп айтайық, есімізде жақсырақ сақталуы үшін: 1. Нәпсімізге емес, ақиқатқа ерсек, жөн. 2. Наразы болмай, ренжімей, жүрегімізді түзетуге, ішімізді тазалауға тырысқанымыз жақсы. 3. Көз бен құлағымызды тыю арқылы ішімізді пәк ұстауға қол жеткіземіз.
Акром МАЛИК



Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.