Өміріміздегі істер екі бөліктен тұрады: біздің еркіміздегі істер, біздің еркімізден тыс істер. Ақида ілімінде…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Өміріміздегі істер екі бөліктен тұрады: біздің еркіміздегі істер, біздің еркімізден тыс істер. Ақида ілімінде адамның еркі жалпы еріктің бөлшегі делінеді. Жалпы ерік (күллі ихтияр) – таңдаудың бәрі Құдайда; бұл еріктің кішкене бөлігі адамға да берілген, оның аты жузъи ихтияр (жеке ерік) деп аталады. Немесе бұл мағынаны «иститаат» сөзі де білдіреді. Адамның сағат нешеде ұйықтауы, оянуы; жақсы сөздерді айтуы немесе жаман сөздерді таңдауы; адал еңбек етуі немесе арам-харамды жеп-ішуі; ғибадат етуі немесе одан бет бұруы – бұлардың барлығы жеке еріктегі немесе иститааттағы істер. Өйткені ақыл бұл істерде адамның екі істің бірін таңдайтынын растайды: кешкі сағат онда-ақ ұйықтауға да болады; сөзтасығышты ақтарып, әр нәрсені көріп, түннің жартысынан өткізіп, ұйықтай алмауы да мүмкін; кітап оқу немесе youtube-та сандалу – бұлардың қайсысын орындау әркімнің өз қолында. Бірақ ер немесе әйел болып тууы; кімнің перзенті болуы; қай елде, қай заманда дүниеге келуі; ризықтың кең немесе тар болуы, ажалдың мерзімі және осы сияқтылар адамның еркінен тыс. Адамзаттың еркінен тыс істер үшін қайғырмағаны абзал. Өйткені оны өзгертудің еш мүмкіндігі жоқ. Бірақ өзі істей алатын және мүмкіндігі шегіндегі амалдар туралы қайғырсын. Өз нәпсісіне бағынып жасаған күнәларын мойнына алып, тәубе етсін; жалқаулықпен түрлі сөгістерге душар болғаны үшін өзін кінәласын және бұл істерді істеп біткен соң, өткен қателіктерін қайталамауға ұмтылсын. Яғни нәпсісін шынжырдан шығармасын; ерте ұйықтап, ерте оянсын; еңбек етсін; адал жеп-ішсін; зұлымдық жасамасын; арам жолмен жүрмесін және т.б. Кейде адамдарды олардың жақындары тастап кетеді. Бұл екі себеппен болады. Біріншісі, өлім достарды айырады. Екіншісі кеткен тараптың қалауымен болады. Адам ешқашан басқалардың қалауына ие бола алмайды, бұл оның еркінде емес; демек, қандай себеппен болмасын, кеткендер туралы қайғырмау керек. Өйткені бұл сенің қолыңда емес еді. Адамдарды өз еркіне қой. Әркім өз өмірін сүрсін, басқаларға қожайындық етемін десең, тіпті мұны жақсы ниетпен, сол басқаның пайдасы үшін істесең де, жеккөрінішке ұшырайсың. Мүмкіндігіне қарай әрекет еткен ұтады. Құдай – әділ Зат. Ол әркімге сондай мүмкіндік беріп қойған, оның бәрін пайдаланған адам, сөзсіз, жүрегі, нәпсісі және ақылы риза болатын нәтижеге қол жеткізе алады. Мұны ұғына алу үшін тек хикмет көзі қажет, болғаны. Ал көзді не надандық, не ғапылдық перделейді. Сөзіміздің соңында айтайық: адамдағы жеке ерік те Құдайдың еркінде. Мұның қалай екенін және сырын құл ұғынуға дәрменсіз, әрине, дәрменсіз болуы табиғи, өйткені ол – құл, ал Ол – Құдай. Құдайдың барлық ісін түсіну құлдың ісі емес. Құлдың ісі – мойынсұну мен бағынудан тұрады.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.