Танымал боламын деген ой – жүректегі дерттен. Танымал болу, атақ-даңқ – бір кісіні көпшіліктің білуі. Әрине,…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Танымал боламын деген ой – жүректегі дерттен. Танымал болу, атақ-даңқ – бір кісіні көпшіліктің білуі. Әрине, жақсы қасиеттерімен білсе, тіпті жағымды: өте ақылды, білімді, еңбекқор, әдемі, мықты және т.б. Бәріміз өзіміз туралы жақсы сөздерді естігенді жақсы көреміз, әсіресе біз жоқ жерде айтылса, көпшілік есімімізді құрметпен атаса, терімізге сыймаймыз. Жаман сөз ешкімге ұнамайды, ал әдетте ол – шын сөз. Бізді өзіміз туралы жаладан гөрі дәл ақиқаттар жиі ашуға мінгізеді. Артымыздан сөйлесе ғой, сөйлеген адаммен тез араздасамыз. Сөзді танымал болу туралы бастаған едік. Мың жыл бұрын жазылған кітаптарымызға сәйкес, мысалы, Рабғузи хазіреттерінің «Пайғамбарлар тарихынан» белгілі болғандай, Құдай айтады: «Мен бір қазына едім және танылуды қаладым, содан соң адамды жараттым». Құдайдың еркі – Өзін таныту еді. Мәселеге тереңдемей, имам Ғазали хазіреттерінің кітабында келген бір мағынаға назар аударамыз: «Адамзатта рубубиат, хайуандық, шайтандық және рахмани қасиеттер бар». Бұл жерде рубубиатты түсіндіруіміз керек, өйткені ол тақырыбымызға көбірек қатысты – адамның өзін Құдайға ұқсатуы – міне, осы рубубиат. Құдай Өзін мақтайды, Өзін мақтауға бұйырады, Өзін мақтағандарды жақсы көреді, Өзін тануға әмір етеді. Адам да өзін мақтаса, мақтауларын жақсы көрсе, өзін көрсетуге тырысса, Құдай боламын деген тілектің көрінісі осы болады. Міне, осы тілекті ішінен түгел сыпырып тастау арқылы адам Құдайға сүйікті болады. Бұл басқа мәселе, біз айтпақ сөз танымал болу туралы еді және біз оның тамыры туралы айтып өттік, мұны араб тілінде «хуббуз-зухур» – көрінуді жақсы көру деп те атайды. Танымалдық – Құдайға тән. Барлық құл Құдайды тануға міндетті. Танымаса, өзіне жапа. Адам бұл істі қойып, өзін танытумен айналысса, бірте-бірте бақытсыздық тырнағына түсе береді. Адамда даңққа құмарлық қаншалықты зор болса, нәпсі соншалықты зор. «Қалай танылсам екен?» – осы дертпен адам өзін түрлі күйге салады. Оның жазғаны, айтқаны, сыпайы кейпі – бәрі-бәрі танылуға бағытталады. Шығармашылық деп ұсынылған істің ішінде идея емес, «мен» деген талап естіліп тұрады. Атақ-даңққа құмар адамдар басқалардың құнын да атақ-даңқ мөлшеріне қарап өлшейді. Танымал болу – қауіп. Ең алдымен, адам тәкаппарлық пен менмендікке ұшырайды. Оны назарсыз қалдырса, яғни ешкім оны бақыламай қойса, ренжиді. Бүгінгі күні – лайк пен түрлі мойындаулардың жоқтығынан қиналады. Содан соң атақ-даңқ тағын қайтарып алу үшін өзін түрлі күйге салады. Осылайша адамда моральдық құлдырау – өзін-өзі қорлау, масқаралау кезеңі басталады. Атақ-даңқ шарабы соншалықты күшті, оған тәуелді адам одан ешқашан тоймайды; бұл шараптан күш алады және мас күйде тырыса береді, істей береді. Танымалдық арқылы басқалардан жоғары боламын деген кісі ақыр соңында адамдардың көзі мен сөзінің тәуелдісіне айналады. Кісілердің қол шапалағынан мас болып, өзін өте күлкілі әрі аянышты ұстайды. Ақылы азайып кетеді. Бірақ адамзатқа тек көрініс керек, болғаны. Кісілердің өте үлкен бөлігі атақтыларға көрініс үшін қарайды. Жалықпау үшін. Ертең бұл атақты естен шықса, басқасына елітеді. Жай ғана аш көздер мен тиянақсыз сөздер. Басқа ештеңе. Жүрек пен ақыл иелері аз. Шынайы ілімді бағалайтын, ирфан мен ағартушылықтың, ықылас пен шынайылықтың иелері тым аз. Олар біреуді ғалым деп білсе, пайда алу ниетімен құлақ салады. Ал қара халық бұл сөзді әңгіме етіп тарату, кемшілігін табу, мақтау немесе қорлау үшін тыңдайды. Сондықтан бір уағызшы жан күйдіреді, тыңдаушылар идеяның мәніне қарамайды, сөйлеушіні де, сөзді де ғайбат етіп тарайды.
Адамдардың назарымен, олардың көптігімен мақсатқа жетілмейді. Шынайы адамдарды, шынайы жүрек иелерін тауып, олармен сырласудан мақсат орындалады. Қырық тонна топырақтан төрт грамм алтын шыққаны сияқты, миллиондаған адамның ішінен шынайы жандар да табылады. Шын мәнінде, үндеу соларға арналған. Қара халықтың да бос сөзбен айналысқанынан гөрі ағартушылық сөзге құлақ салғаны абзал көрінеді. Сөз көбейіп, мақсат шетте қалды, сірә. Айтпақ қорытынды мынау: пісіп-жетілмей тұрып ортаға шықпа. Қанатың шықпай, айғай салма. Ақиқаттарды ұғынып жеткеніңде, сөйлемеуге күш жетпейді. Кейін сөйлеуге күш жетпейді. Бәріне бәрін түсіндіремін деген – обал болады. Шынайы ақиқат кісіні басып қояды әрі аң-таң етеді. Яғни үнсіздік сақтағандар – ең күштілер. Оның үстіне, шын сөз құнды болса да, айтушыға ләззат емес, тек азап әкеледі. Сәл де ауыртпайтын және өте ұнайтын сөйлемнің қып-қызыл өтіріктен тұруы әбден ықтимал.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.