Тіл

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

АЛТЫНШЫ ТАРАУ — фото

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Екінші бөлім

Күйеу таңдау

Күйеу таңдау келін таңдаудан айтарлықтай ерекшеленеді, әрине. Келін таңдауда отбасы бірінші назарға алынса, жігіттің үйлену табалдырығында қандай күйде екені маңызды. Қандай күйде дегенде, біз оның ең алдымен тәндік және рухани саулығын, сондай-ақ бір кәсіп-өнердің иесі болуын меңзеп отырмыз. Тәндік саулықтың не екенін талдайық. Бұл – жігіттің төрт мүшесінің саулығы. Әрине, туа біткен немесе адамның өзіне байланысты емес себептермен болған белгілі бір кемістіктер есепке алынбайды. Бірақ жігіттің дене шынықтырумен айналысуы – ол үшін оң қасиет. Таңертең жүгіретін, турникке тартылатын, жүзетін және жалпы тәнінің саулығына, денесінің пішініне немқұрайды қарамайтын жігіт туралы, ең болмағанда, табанды деген қорытынды жасауға болады. Жігіттің киінуі, шашы және өзіне қарап жүруі – назар аударатын екінші нүкте. Жеңі ұзын көйлек, қалыпты шалбар, қысқа шаш және осы сияқты ер табиғатына жарасымды келбет – ішкі әлемнің көрінісі. Шашын себеттей етіп, жарқылдап жүруді жақсы көретін жігіт әлі ер жету кезеңіне кірмеген, дүниетанымы толық қалыптаспаған, өзін-өзі көз-көз ететін жасөспірімдік кезеңде өмір сүріп жатқан бала, болғаны. Өйткені ер жеткен жүрек пен ақыл жеңілтек кейіппен қоғамда көрінуге ерік бермейді. Аурулардың көрінбейтін түрлері өте көп. Олардың ішінде қауіпті және жазылмайтындары, яғни соңы аянышты аяқталатындары біршама. Сондықтан күйеулікке үміткердің медициналық тексерісі бүгін маңызды. Қан талдаулары және т.б. сенімді нәтижелерін қыздың әкесі көруі шарт. Бұл мәселеде бейқам қалуға болмайды. Мұны күйеу жағы да дұрыс қабылдауы тиіс. Көз қарашығындай өсірілген қызды дауасыз дертке шалдыққан жігітке беруге ешбір сау ойлы ата-ана келіспейді және бұл табиғи. Рухани саулық мәселесіне келсек, бұл туралы сөз мынау: жігіттің сенімі сау болуы шарт. Яғни оның, ең бірінші кезекте, діни деңгейі тексерілуі тиіс. Бұл мәселеде қыздың ата-анасы бір ілім иесінен жігіттің бұл жөніндегі ұстанымдарын бір көріп шығуын өтінуі мүмкін. Сондай-ақ мемлекет пен саясатқа байланысты көзқарастарын да електен өткізген жөн, өйткені әрбір ер адамның бұл мәселеде жеткілікті әрі дұрыс ұстанымда болуы – жақсы қасиет. Жігіттің үлкендермен қарым-қатынасы, кішілерге мейірімі, әйелдерге құрметі, ақылы мен парасаты, әдебі мен ахлағы, жауапкершілігі мен сөзінде тұрақтылығы, байсалдылығы мен салмақтылығы назардан тыс қалмайды. Бұл мәселелерде қыздың әкесі болашақ күйеумен аға-інілері, қайындары, яғни қызының нағашылары және осы сияқты салмақты туыстардың куәлігімен сұхбат құрғаны абзал. Түрлі сұрақтар қойылып, жігіттің өзін қалай ұстайтынына назар аударылса, кейін әділ кеңеспен бір шешімге келінсе, қайырлы болады. Әрине, күйеу таңдауда оның жақын маңдағы маһалладан болуы, ата-анасының құрметті екені де негізгі бағалау өлшемдерінің бірі. Бір жігітке қырық өнер аз. Бұрындары болашақ күйеулерге отын жардырған. Бүгін де дәл отын жарып бер делінбесе де, соның бір баламалы түріне қажеттілік жоқ емес. Хазірет Баһауддин Мұхаммед Нақшбанд куддиса сирруһу бабамыз мүрид боламын деген адамдарды қабыл алмас бұрын, міндетті түрде бір өнер үйренуін талап етеді екен. Өнерсіз адамды мүридтер қатарына қоспаған екен. Өйткені ер адам өзі үшін адал күнкөріс құралына ие болса, тамақорлық қаупінен алыс болады екен. Сондықтан күйеу болған жігіттің бір қол еңбегін меңгеруі мақсатқа сай. Елордамызда келіндікке дайындау курстары бар. Бірақ күйеулікке дайындау курсын әлі көрмедік, ал шын мәнінде жігіттің қыздан гөрі отбасы үшін көбірек арнайы дайындалуы ақыл мен логикаға сай келеді, сондай-ақ бүгінгі заман өмірінің талабы да осы.

Қыздардың әкелері күйеуіңіз боламын деген жігіттердің бір нақты өнерге ие болуын талап еткені жақсы. Жігіт бір жақсы қызға үйленемін деп, белгілі бір шарттарды орындаса, тіпті жақсы. Сонда ол әйелдің қадірін біледі, ұрмайды, аялайды, бірден талақ беріп жібермейді. Нағыз жігіт жақсы қыз үшін сынақтан өтеді. Егер күйеу боламын деген үміткерде өнер болмаса, үйреніп келсін. Диплом – басқа, өнер – басқа. Қызын көркем тәрбиелеген әке күйеулерге талап қоюдан тартынбасын. Ертең өкініп, ах-уһ демес үшін қызын сенімді қолға тапсырсын. Күйеуді жеті рет електен өткізсін. Жігіттің жақсы қыз үшін күресуі – оның ізгі қасиеті, еш жері кеміп қалмайды, әрине, күйеудің ата-анасы мұны түсініп, ұлдарының ер болып, сынақтан өтуіне шыдап берсін. Үйлену – бұл ерлікке қадам басу деген сөз. Бұл даңғаза той мен жеңілтектікпен секіру емес. Дүниеде бәрі бірдей ілімді бола бермейді. Күйеулікке үміткердің өте терең ілімі болмаса да, ілім иелерінің жанкүйері болса, жақсы. Ілімі асып-тасып кетпесе де, ахлақты болуы – негізгі шарт. Ахлақсыз бен ақымаққа, ұятсыз бен бетсіздерге қыз бермеңіздер. Үйленемін деген жігіттің босқа былшылдаумен толы немесе басқа мақсаттағы telegram арнасы болса, оны да тексеру керек. Жігіт бай екен, шетелде оқыған екен, пәлен екен деген түрлі жөнсіз өлшемдерден бас тартқан жөн. Жігіттің қолы қысқа, сәл кедей болуы табиғи. Өйткені ол енді өмірін құрады. Ата-анасы оны үйлендірген соң, әйелі, болашақ балалары үшін еңбек етеді. Ең бастысы, жалқау болмаса, ахлақсыз болмаса, болғаны. Үйленумен береке түседі. Егер ілім жолымен кетемін деген жігіттерден жаушы келсе, оларға ерекше құрмет көрсету керек. Аса жұмсақтық пен хикметпен бұл үміткер де тексеріледі. Ілім мен әдептің үйлесімді екеніне назар аударылады. Егер ұнаса, келісім беріледі; көңіл құламаса, әдемі түрде бас тартылады. Біз атап отырған талаптар ешкімге машақат болып көрінбесін. Бұл талаптар өте қарапайым әрі өмірлік. Мүмкін, есімізден шыққан шығар. Үйленемін дегендер де оқып, өзіне қорытынды жасасын. Қыз ұзатамын дегендер де ескерсін. Өйткені бұл сөздер біздікі емес, салт-дәстүрлеріміздің, ділімізнің және тәжірибелердің сөздері. Өмірді байыпты түсінетін және қабылдайтын адамдарға арналған сөздер.

Акром МАЛИК

1 980рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    Адамдармен қарым-қатынасты үзбеген жөн. Адамдармен ұзақ уақыт байланысты сақтап қалған жақсы немесе ұзақ…

    Қалыптасқан адам жаңа достардың соңынан жүгірмейді немесе ескі таныстарымен байланысты үзуге әуес болмайды. Ақылды кісі қадірлі жандардың қадірін біледі. Бар гәп сол ескі қадірлі…

    3 мин

    Өміріміздегі істер екі бөліктен тұрады: біздің еркіміздегі істер, біздің еркімізден тыс істер. Ақида ілімінде…

    Адамның сағат нешеде ұйықтауы, оянуы; жақсы сөздерді айтуы немесе жаман сөздерді таңдауы; адал еңбек етуі немесе арам-харамды жеп-ішуі; ғибадат етуі немесе одан бет бұруы –…

    2 мин

    АЛТЫНШЫ ТАРАУ

    ОТБАСЫН ҚҰРУ Екінші бөлім Келін таңдау Алдыңғы беттерде айтылған сөздерді қайталаймыз: ұл үшін адал жұбайын таңдап, алып беру – ата-ананың парызы. Отбасын құрудың, яғни әйел…

    5 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.