Тіл

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа

ЖЕТІНШІ ТАРАУ — фото

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР

Екінші бөлім

Жалпы ережелер

Ер мен әйелдің отбасында өзіндік міндеттері, мінез-құлқы болумен қатар, екеуіне де ортақ ережелер бар. Бұл ережелерді әрбір отбасында үйреніп, перзенттерге ұстаздар арқылы оқыту керек. Егер бұл ережелерді екі тараптың бірі білмесе және оларды ұстанбаса, мәселелер таусылмайды. Ең бірінші ереже мынау: ер әйелдің, әйел ердің меншігі емес. Ер әйелдің құлы немесе әйел ердің күңі емес. Екеуі де Құдайдың алдында өз амалдары үшін жауап береді. Ер өз нәпсісіне еріп әйелін қинамауы, оған зұлымдық жасамауы, оны қорламауы қаншалықты шарт болса, әйел де өз ақылы мен нәпсісіне сүйеніп, ерге төмен көзқараспен, менсінбей қарауына болмайды. Екіншіден, отбасында ер – басшы. Бұл өзбек халқының ежелгі құндылықтары мен дүниетанымындағы өзгермейтін ақиқат. Бұл ақиқатты ер де, әйел де бірдей түсініп, қабылдауға міндетті. Соңғы шешім әрдайым ерге тиесілі екенін, әйел әрдайым ерге барлық жағынан бағынуы керек екенін есте сақтау тиіс. Үшіншіден, отбасынан мақсат – біреудің билігін қамтамасыз ету емес, керісінше, отбасын мәңгі сақтау, адамша тыныштықта пәк күйде өмір сүру. Кез келген ұжымда басшыға сөзсіз мойынсұнылатыны сияқты, отбасында да басшыға сөзсіз мойынсұнылады. Ер мен әйел кез келген жағдайда да отбасын сақтап қалу үшін күреседі. Мақсат – отбасы әрдайым берік болсын. Төртіншіден, әрбір отбасының мәселесі тек өзіне ғана тиесілі. Ешкім – ата-ана да, аға-іні де, ұстаз-тәрбиешілер де, имамдар мен сұлтандар да отбасы мәселесінің түпкі себебін біле алмайды. Яғни ер мен әйел өзара мәселелерін ешқашан сыртқа шығармауы керек. Екеуі де отбасы құпияларын бірдей қорғасын, келіспеушіліктері мен дау-жанжалдарын әлемге жаймасын. Өйткені сыртқа шыққан құпия мен мәселе отбасының – ер мен әйелдің абыройына өте жаман әсер етеді, бұл зардапты кейін кетіру мүмкін емес. Бесіншіден, ерлі-зайыптылар бір-бірін аялап, түсінуі қажет. Кез келген жағдайда бір-бірін ренжітуден тартынуға тырыссын. Тілмен болсын, қолмен болсын – екі тарап та мұнан тыйылуды өзіне жоғары ұран етіп алсын. «Мен әйелімді ұрмаймын! Оған зұлымдық жасамаймын!» – «Мен ерімге зұлымдық жасамаймын! Оны аялаймын!» Алтыншыдан, ер де, әйел де өмірге сайрандап, ойын-күлкі құру үшін келмегенін, өмір қиындық пен рахаттан тұратынын түсінуі керек. Ер мен әйел бір-біріне сабыр етуі шарт. Қателіктерін кешіруі – көркем іс. «Бұл – менің ерім!» – «Бұл – менің әйелім!» – деген жеткілікті, бір-бірінің кемшіліктеріне әдемі сабыр етіп, кешіру үшін осы да жетеді. Жетіншіден, отбасының өз ішкі заңдары болуы және оны екі тараптың да сақтауы талап етіледі. Ерлі-зайыптылар бір-біріне сенсін. Бір-бірінің ар-намысы мен абыройын сақтасын. Сырттан отбасы ісіне араласқандардың тоқсан тоғыз пайызы отбасын бұзушылар болып саналады. Егер ер әйелді жамандаса, әйел ерді жамандаса, олардың сөздері рас па, өтірік пе – бәрібір, дүниеге тарайды, тіпті имам жұма күні жамағатқа бір кісі осылай деді деп айтып береді.

Олардың ғайбатын айту барлық адамға ұнайды – бір топ ерді, бір топ әйелді жамандайды. Шын мәнінде, екі топ та дәл осы сәтте шайтанның әскері – шайтан олардың тілдерімен отбасын бұзуға тырысады. Олар ер үшін немесе әйел үшін қайғырғандай болса да, отбасы бұзылмайынша тынбайды. Бір тарап жігітті жарамсыз, ақымақ әйелден құтқарғысы келетіндей; екінші тарап әйелді зұлым ерден азат еткісі келетіндей. Екі тарап та ерлі-зайыптылардың іштей бір-біріне ұмтылатынын сезуге дәрменсіз. Бір айбынды адам шығып, екі тарапты татуластыру туралы ойламайды. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар арты ашылған масқарапаздай қор да зар, масқара болып қала береді. Енді қай ортада әңгіме болса да, міндетті түрде екеуінің бірінің абыройына күйе жағылады. Дәлел ретінде олардың өз сөздері келтіріледі. Бейшара сәбилер үшін ата-ана туралы қорлайтын сөз естуден ауыр нәрсе жоқ, бірақ кейбір пайымсыздар сол сәбилерге әкесін немесе шешесін жамандаудан да тайынбайды, бұл істерімен сәбидің пәк жүрегін өкшелерімен таптайды. Сондықтан отбасын құратын жігіт пен қыз екі құлағына құйып алғаны жөн: «Ешқашан отбасымның құпиясын сатпаймын!» «Ешқашан ерімнің құпиясын сатпаймын!» «Ешқашан әйелімді жамандамаймын!» «Ешқашан ерімнің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтпаймын!» Білу керек, ерлі-зайыптыларды бір-біріне жамандайтын адам үлкен ықтималдықпен шайтан болып шығады. Шайтан үшін ерлі-зайыптылардың жанжалы мен отбасының бұзылуынан үлкен бақыт жоқ. Ерлі-зайыптылардың арасына дау мен дұшпандық тұқымын себу – шайтанның ісі, бұл істі істейтін адамдар – ең жиіркенішті адамдар. Олар адам емес, олар хайуан да емес, олар жай ғана жиіркенішті табиғатты жаратылыс. Білу керек, ерлі-зайыптылар бір-бірін ешбір жерде мақтамауы керек. Әйел ерін мақтаса, оның сөзін естіген тәрбиесі осал, қиялы шашыраңқы әйелдердің ойлары шатасады; өз ерін қойып, құрбысының, апасының немесе сіңлісінің ерін кемел етіп көре бастайды. Ер өз әйелін ешбір жерде мадақтап айтпасын, әйтпесе бөтен бір ер өз әйелін қойып, досының, ағасының немесе інісінің әйеліне көңілі ауып кетеді. Тіпті ақымақтықпен өз әйеліне келіп, басқа біреудің әйелін мақтауы да мүмкін. Ер де, әйел де отбасы – өзінің кемел бақыты екенін түсінуі керек. Отбасы ол үшін ең қымбат нәрсе. Байлықтың қымбаты жасырылады. Отбасың туралы адамдардың аузында гу-гу әңгіме жүруінен асқан ұятты жағдай болмаса керек. Жасырын түрде – әр адам өз отбасымен бақытты өмір сүрсе, қандай ғажап! Бақытты адам бақытын дүниеге көз-көз етпесін, әйтпесе тез айырылып қалады. Отбасы бар адамның бақытсыз болуы ақылға сыймайды, отбасы бар ер немесе әйел өзін бақытсызбын деп ойлап жүрсе, ол – нығметтің қадірін білмейтін пасық, ақымақ әрі парасатсыз екен. Отбасындай бақытты көрмеген мақұлық, отбасын гүлзар мен көктемге айналдырмаған жаратылыс, сөзсіз, бақытсыздыққа, бәлкім, одан бес бетер жаманына кесілген.

Акром МАЛИК

1 960рет қаралды

Пікірлер

    Басқа мақалалар

    Бұл мәтін тамақорлықты өзіне кәсіп еткен пасықтар туралы емес, ар-ұятты әрі абыройлы, инсапты әрі иманды…

    Мұқтаждық – адам үшін нығмет. Ғапылдыққа түскен болса, оянады. Құдайды ұмытқан болса, еске алады. Көптеген мұсибаттар қатарында мұқтаждықтың осындай жақсы қасиеттері бар. Бұдан…

    2 мин

    ЖЕТІНШІ ТАРАУ

    ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР Бірінші бөлім Шымылдық және нәзік мәселелер Оңай ақша тапқысы келетін және ұят, ар-иба, абыройды жиып қойған адамдар үшін бүгін ерлі-зайыптылардың нәзік…

    2 мин

    Саясат туралы әрбір адамда нақты әрі қысқа ілім болса, жақсы болар еді. Саясат ілімінен хабардар болу адамның…

    Саясат «сайыстық» деген сөзден алынған. Атбегі араб тілінде «сайыс» деп аталады. Атбегі – атты кемел түсінетін, ат тілін білуге тиіс тұлға. Саясаткер де адамдарды – халықты…

    4 мин

    Сайтқа кіру

    Реакция қалдыру, пікір жазу және баптауларды сақтау үшін кіріңіз.

    Жалғастыру арқылы сіз пайдаланушы келісімі мен құпиялық саясатына келісесіз.