Неге кейде алдымен күшті махаббат, кейін жиіркеніш пайда болады? Махаббат – бір тараптың екінші тарапқа…
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Неге кейде алдымен күшті махаббат, кейін жиіркеніш пайда болады? Махаббат – бір тараптың екінші тарапқа ұмтылуы. Бұл нәпсіқұмарлық немесе шәһуат ниетіндегі ұмтылыс емес, қайта, сол дәметуден азат болған сезім – осы мәтініміздің басты тақырыбы. Махаббаттың пайда болуын зерттеуде мынадай сөздер бар екен: махаббат кемелдік себепті оянады, яғни бір адамның белгілі бір мәселедегі шеберлігі, білімі, мінезі жүректе оған деген жылылық оятады. Махаббат игілік себепті жалқын береді, яғни бір адамнан міндетсіз жақсылық көрген адам оған қатты байланады. Бұл жағдайды кейбір жүйелер арам ниетпен пайдаланған: жетім балаларға алдымен қатты зұлымдық жасаған; кейін біреу оны құтқарған, сол құтқарушысына бейшара жетім қатты махаббат қояды. Махаббат жамал себепті келеді – қас-көзі әдемі, бойы сұлу болғандарға да адамның еріксіз ғашық болып қалуы мүмкін. Махаббаттың шектен шығуы қатерге апарады. Кемелдік пен жақсылықтың жемісі болған махаббаттан гөрі жамал – көрік оятқан махаббатта қауіп күшті. Бұл қандай қатер? Махаббаттың, яки ғашықтың жүретін жолының картасы мынадай: алдымен жүректе жылт еткен ұнату сезіледі; егер бұл махаббаттың дәні болса, лезде гуілдеп бүкіл жүректі жалындай шарпып алады. Бензин шашып, үстінен сіріңке тұтатқанда от қалай көтерілсе, ғашықтықтың оты да жүректің ішінде солай көтеріледі. Махаббат жолында адам екі кезеңнен өтеді: бірінші кезеңде ол махаббаттың табиғаты мен мәнін білмейді; бұл туралы оның не білімі, не тәжірибесі болмайды. Бұл көбіне жастарға қатысты. Сол себепті ғашықтық ғашықты алғашқы шабуылы кезінде есінен адастырады. Ол сүйіктісін шексіз сағынады; жүрсе де, тұрса да оны ойлап, есінен адасып қалардай болады. Махаббатын білдірейін десе, батылы жетпейді. Батылдық етейін десе, сүйіктісінен біржола айырылып қалудан қорқады. Осылайша ғашық жанып-күйіп жүре береді. Бірақ бұл ғашықтық баяу басылады. Бұл кезеңнен аман-есен өтсе, ғашық зиян-залалсыз құтылады. Бірақ ғашықтықтың алғашқы шабуылынан да, қайталанған шабуылынан да зиян шекпей құтылғандар өте аз.
Махаббаттың екінші кезеңі – ғашық ғашықтықтың бірде келіп, бірде кететіні туралы түсінікке ие болған соң, оның шабуылын алдын ала сезу қабілетін қолға түсіреді. Тағы біреуге деген іште ұмтылыс пайда болса, басына не түсетінін біліп, дауылға немесе отқа кіруге дайындалғандай дайындалады; ғашықтық оның басына қандай бәле салатынын анық түсінеді. Өте ақылды адамдар бұл бәледен құтылып қалуы мүмкін, мұнда да сол сүйіктіден қашудан басқа жол қалмайды. Егер алғашқы ұшқын кезінде ғашық қашып үлгерсе, ұтты. Қаша алмаса, екінші кездесуде жалын көтеріледі; келесісінде сүйікті оған қандай да бір ілтипат көрсетсе, бітті, енді ол мағшұқтың құлы; келесі жолы мағшұқ оған көңіл бөлмей, басқалармен біраз әуре болса, міне, енді қызықты көріңіз – ғашық үшін бүкіл әлем түнекке батады; ақырзаман орнағандай болады. Бұл – шынайы ғашықтық және оның емі жоқ. Міне, осы аралықта қызық нәрселер болады – егер ғашықтық шын болса, осы жанып-күйулерден кейін бәрі бір қалыпта жүреді; бірақ шикі махаббат болса, ғашық сүйіктісін жек көріп қалуы мүмкін. Шикілігі – оған нәпсі араласып, нәпсі қалаулары мен махаббаттың араласып кеткені. Бұл қоспа өте қауіпті у. Нәпсінің тәндік және рухани құмарлығы бар. Тәндік құмарлығы тән ләззаты түрінде көрінсе, рухани құмарлық тәкаппарлық пен абырой қуушылық арқылы көрініс табады. Нәпсі махаббатқа араласса, екі апаттың бірі туындайды. Мұның салдарынан махаббат деп аталған сезім жиіркенішке айналады. Ғашық сүйіктісі үшін нағыз жауға айналып, оған жамандық жасауға кіріседі. Сол себепті ғариф әрі ақылды адам махаббат қатерін сезсе, оған жол бермейді. Өйткені оның соңы белгісіз. Сүйдім деп әлемге жар салудан тыйылған жөн. Егер махаббаттан кейін жиіркеніш пайда болса, тәубе етіп, барлық істі Құдайға тапсырып, ғибадатпен көбірек айналысқанның құтылуына үміт бар. Бұл – сүйген тараптың мәселесі еді. Сүйілген тарап егер ақылды болса, өзін сүйіп қалудан сақтайды. Сүйілсе де, бұл махаббаттың соңы жиіркеніш болмауы үшін бейшара ғашыққа даналық пен амалмен қарым-қатынас жасайды. Бірақ ол үшін ол өте мәрт болуы керек, әйтпесе, біреу үшін жанын күйдіріп не қылады?! Бірақ шынайы ғашықтық, шынайы пәк бір махаббат та бар, бұл мақамда екі тарап бір-бірін түсінеді, бір-бірінің алдында топырақ болады, мұнда нәпсінің не құмарлығы, не абырой қуушылығы жоқ! Керісінше, бұл махаббат дүниені жұмаққа айналдырып, ақыретте тозақ азаптарын ұмыттыратын және жүрекке шексіз тыныштық беретін, жұмақты да мәңгілік әрі қиялға сыймас бір мекенге айналдыратын бір махаббат. Оған тек қызығуға болады, болғаны сол.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.