Сегізінші тарау
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Сегізінші тарау
ҚАЙЫН ЖҰРТ
Екінші бөлім
Қайын ата
Қайын ата келіндермен іс жүзінде сөйлеспейді. Оның мәртебесі өте биік болғандықтан онымен келіндердің арасында перде бар. Бұл перде ешқашан көтерілуі, бұл пердеге ешқашан зақым келуі мүмкін емес. Қайын ата – отбасындағы ең айбынды адам. Оның сөзі таудай салмақты. Оның көзқарасы, оның болмысы, оның дауысы барлық дау-дамайды басады; оның үкімі бәрінің тарапынан сөзсіз қабылданады. Бұл дәрежеге жету үшін қайын атаның абыройына қайшы сөз болуы мүмкін емес. Қайын ата әрдайым байсалды әрі сабырлы жүреді. Көп уақытын ғибадатқа және пайдалы іске жұмсайды. Ешқашан керексіз істермен айналыспайды. Келіндер қайын атаны ешқашан ыңғайсыз күйде көруі, одан керексіз сөздер естуі мүмкін емес. Қайын ата бәрін тыңдайды. Оның алдында бәрі ойланып, сөздерін сұрыптап сөйлейді. Содан кейін қайын ата бір ауыз сөйлейді – бәрі оған мойынсұнады. Қайын ата – жылы жымиысты, салиқалы, жазалауға асықпайтын, мейірімде шекті білетін, өз қадірі мен салмағына сай әрекет ететін адам. Ол мешітке әр жамағат намазына шықса, абзал. Қайын ата – үйдің өзегі, үйдің тірегі. Оған қарап бәрі өзін түзейді, оған қарап жоспарлар құрылады және бағыттар белгіленеді. Қайын ата – келіндердің қорғаушысы. Ененің шағымдарын тыңдағанда, оны кеңпейілді болуға, сабырға, шүкірге шақырады; маңызды мәселелер мен түйткілдерді ешқашан кішілердің көзінше шешпейді. Ешбір келініне қатты сөйлемейді, еркелетпейді, қайта, жақсы сөйлеп қояды. Қайын аталар өз міндетін дұрыс атқарса, ененің қате істеріне жол бермесе, қате болған жағдайда да әділдік пен батылдықпен оны түзесе, әрдайым келін жағында тұрса, сонымен бірге, келіннен кемшілік көрінсе, мұны өзі емес, кемпірі немесе ұлы арқылы білдірсе, отбасы тыныш әрі берік болады. Қайын ата келіндерден ренжісе, мұны білдірмеуі, үндемей, ренжігендіктен келіннен өзін тағы да алыс ұстауы оған жарасады. Сонда келін көрегендігімен қатесін өзі тауып, түзетуге тырысады. Қайын ата ешқашан келіндермен бір дастарқанда отырмайды, бұл оның мәртебесіне қайшы. Қайын ата ұлдары мен немерелерімен бөлек отырады. Бүгінгі келіндердің қайын атасын құрдасындай көруі, олармен сүйісіп амандасуы және басқа әдепсіз, артық әрекеттер классикалық отбасы тәртібіне қайшы және мұның нәтижесінде қайын ата отбасындағы міндетін дұрыс атқару құқығынан, мүмкіндігінен айырылып қалады. Бұған жол бермеу керек.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.