СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Үшінші бөлім
Ене
Ене дегенде, біз мұнда келіннің қайын енесі туралы айтамыз, күйеудің қайын енесі келесі бөлімдердің бірінің тақырыбы болады. Ене әйел адам болғандықтан әйелдерге тән кейбір кемшіліктерден ада болмайды, бірақ оның артында кемінде 20 жылдық отбасылық өмір тәжірибесі бар. Сол тәжірибе енені дана, ақылды әрі батыл анаға айналдырған. Ене келінге анадан жақын. Өйткені ана қызын ұзатты, енді қыз оған тиесілі емес; енді қыз өмірінің соңына дейін ененің қызметінде болады және ол үшін бұл әйел анасынан да жақын әйелге айналады. Келін – қыз емес, ол енеге қыздан да жақын. Қыз ананың бауырында ұзағы 20 жылдай болады, ал Құдай ғұмыр берсе, ененің қолында 30 – 40 жыл тәрбие көреді. Өз-өзінен қыздың өмірінде ененің орны аса маңызды орын саналады. Ене келін аларда, келін үйге кіріп келмей тұрып, қарым-қатынастың барлық ережелерін әзірлеп алуы керек. Ол үшін ниетін дұрыс етуі, келінге бейтараптықпен, мейірім мен шапағат көзімен қарауы тиіс. Оны ұлының жолдасы ретінде біледі. Келінге жасалған жақсылық – ұлға жасалған жақсылық. Келінге көрсетілген құрмет – ұлға көрсетілген құрмет. Келіннің қадірі – ұлдың қадірі. Келіннің амандығы – ұлдың тыныштығы. Сонымен қатар, халықтың сөзі – сөз: ұлыңа ұнайын десең, әйелін мақта. Осыдан шыға отырып, ене жүрегіндегі ниетті қайта-қайта тексерсін: «Келінімді аялаймын, оған жақсы сөйлеймін, оған қатысты әділ әрі мейірімді боламын». Ене келінмен құрбы емес – бұл басты ереже. Кейбіреулер келін түсірмес бұрын үміткермен жақындасып кетеді екен, бұл тек зиян әкеледі. Ене мен келіннің қарым-қатынасы белгілі кезеңдерге қарай өзгеріп отырады. Жаңа келінге байсалды, баяу, жұмсақ қарым-қатынас керек. Өйткені оның өмірлік тәжірибесі аз, жас, шикі және қателесіп қоюы табиғи. Алғашқы он жыл ене келінді сәл алыс ұстағаны жөн, яғни келінмен аз сөйлеседі, онымен әзіл-қалжың айтпайды, сырласпайды, шымшып-түйреп, кекетпейді, бір айыбы үшін бірден ұрыспайды, қайта, екі рет қатаң әрі жұмсақ ескертеді, содан кейін сөгіске көшуі мүмкін, бірақ бәрінен бұрын әр істі өзі істеп көрсетуі керек, өйткені келіннің төркініндегі тәртіп пен ол алған тәлім ене қалағандай болмауы, оның талғамы мен қалауына сай келмеуі мүмкін.
Немерелер туады, отбасы түрлі іс-шаралар мен рәсімдерден, қаралы және мерекелі күндерден өтеді - он жыл бойы ене мен келін бірте-бірте етене жақындасады. Ене өзін бірден жаман әрі ашушаң бейнеде көрсетпейді, шындығында, оның қажеті жоқ; бірақ үй ұстаудың заңдарын бұлжытпай сақтайды: ене ұйқы уақытын бақылайды – алдымен өзі ерте оянуы керек; таң намазына тұрады; келінге соны тапсырады; зікір мен дұғадан кейін үй мен аулада таңғы тазалық жұмыстары болады – жазда су шашылады, сыпырылады, шаң сүртіледі; қыста қар күреледі, үй іші сыпырылады және т.б.; отбасына таңғы ас дайындалады – үйде жасалған тосап пен қаймақ, сүт пен сары май, бал мен нават, парварда мен ақ қант, нан мен күлше, ашық пісте мен бадам, жержаңғақ пен грек жаңғағы, мейіз бен өрік қағы, ыстық қара шай мен көк шай қойылған гүлді дастарқан үстінде таңғы ас ішіледі. Таңғы астан бұрын және кейін дұға оқылады. Әр күннің жоспары болуы шарт – таңғы астан кейін немерелер мектепке, ерлер жұмысқа жіберіледі; көптеген ауыл отбасыларында әйелдер егістікке жұмысқа шығарылады, мүмкіндік болса, әйелдерді ауқымды кетпен жұмысына тартпаған жөн көрінеді, үйде – аулада сондай жұмыс істесе, өздері қаласа, әрине, болады. Анда-санда дене еңбегі қажет болады, бірақ егіншілік сияқты істерді олардың күшіне сүйеніп істемеу керек. Ене әр күнге аулада нақты мақсатты іс ұйымдастыруы керек: бір күні банкаға консерві жабу, бір күні кілем жуу, бір күні көрпе тыстарын жуу, бір күні перделерді жуу, бір күні ауладағы гүлдерді күту, бір күні нан пісіру және т.б. Аулада келіндер қанша болса да, әрине, іспен айналысқаны жақсы. Бесіннен кейін екіндіге дейінгі аралықта келіндерге демалыс беріледі. Бірақ тағы сағат нешеде шығатыны және қандай іс істейтіні белгіленеді. Кешкі астан кейін, құптанды оқып, келіндер енеге: «Жақсы жатып тұрыңыз, апа!» – деп, өздеріне берілген орынға шығады. Екінші онжылдықта ене келінге біраз жеңілдік береді, оны өзімен бірге қонаққа ертіп баруы мүмкін, отбасының кейбір мәселелерінде кеңес сұрайды. Үшінші онжылдықта келінге енді едәуір еркіндік беріледі. Бірақ ене ешқашан өзінің әмірші мәртебесін қолдан шығаруы мүмкін емес. Бұл мәртебе отбасының беріктігі үшін де шарт. Ене келіндерді ұлдардың жасына қарай ажыратуы керек – үлкен ұлдың әйелі кенже ұлдың әйеліне қарағанда өзгеше дәрежеде мәртебеге ие болғаны жақсы. Кішілер өз шегі мен шекарасын білуі үшін бұл қажет. Ене ешқашан құдаларын өсек етпейді, келінге әкең анандай, шешең мынандай деуі ақылға сыймайды. Келіннің жеке басына, намысына тимейді. Келін енеден әрі сескенуі, әрі құрметтеуі керек. Ене келінге қызметті сондай түрде тапсыруы керек, келін қызметті абырой деп білсін, ене қызмет тапсырмаса, келін қысылып қалсын. Ене келінмен айтыспайды, айқайласпайды, бұл отбасы әдебіне елеулі зиян келтіреді. Жұмсақтық пен жұмсақ сөз басты өлшем саналады. Ақылды ене ешқашан келіннен ешкімге шағымданбайды. Қайта, келінде кездесетін кемшіліктерді амал мен ақылмен шешуге тырысады. Бұл жағынан асықпайды, салиқалылығын сақтайды. Қорыта айтқанда, ене келіннен арақашықтық сақтауы, оған әрі жұмсақ, әрі қатаң сөйлеуі, байсалдылық пен мейірімін бірдей көрсетуі, келіннің мәртебесін кезең-кезеңімен көтеріп отыруы мақсатқа сай көрінеді.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.