ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
ОТБАСЫДАҒЫ ТҰРМЫСТЫҚ БҰЙЫМДАР, КИІНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ
Тұрмыстық бұйымдар – әр отбасына қажеттілік. Оларды бірнеше бөлікке бөліп қарастыруға болады: 1. Ас үй бұйымдары. Бұған қазан, ошақ, тандыр, астау, шелек, ожау, леген, табақ, тостаған, кесе, қасық, шанышқы, пышақ, мантықасқан, таба, кепсер, елеуіш, сүпіре, оқлау мен тақта, келі сияқты ертеден пайдаланылып келе жатқан заттарды енгізсек, соңғы кезде қолданылатын еттартқыш (мясорубка), жылытқыш (микротолқынды пеш), тоңазытқыш, араластырғыш (миксер) және электрмен жұмыс істейтін басқа да заттарды қосуымыз керек. Тамақтану – адам өмірінің ажырамас бөлігі екен, демек, ас әзірлеуге қажетті заттарды дайын ұстау, оларды таза сақтау да қажеттілік. Қазір қалаларда көпшілік көшеде тамақтануға, тамақты сырттан тапсырыс беріп шақыртуға үйреніп кетті. Бірақ мұның онша жақсы емес екенін алдыңғы тарауларда ой елегінен өткіздік. Сондықтан ас үй жабдықтарын дайын ұстап, ас үйді де қызығарлық күйге келтіріп қою керек, үйіміздің бикештері оларды рахаттанып пайдаланатын болсын. Перзенттеріміздің аналары, қыздарымыз, апа-сіңлілеріміз, қысқасы, ас үйді ләззат мекені, көңіл мерекесі үшін себеп санайтын әйелдеріміз үшін әдемі жағдай жасап берейік. Олар нан, самса жапсын ба, мәнті не ханым пісірсін бе, қарта толтырып, сорпа қайнатсын ба, ет қуырып, лағман созсын ба, шұшпара түйіп, долма орасын ба, мастава мен ажабсанда, машхорда мен машкичири, атала мен холвайтар, ғилминди мен қатлама, димлама мен қазан кәуап және, ақырында, палаухантора мен шавла – қайсысын әзірлеп, ләззат алып, дастарқанға қойғысы келсе, барлық «қару-жарақ» дайын тұрсын! Ет пен құйрық майы, сәбіз бен картоп, пияз бен сарымсақ, болгар бұрышы мен ащы бұрыш, күріш пен қарақұмық, ноқат пен бұршақ, маш пен жүгері, қысқасы, тамаққа қажетті заттар да мол болсын. Қант пен нават, оққант пен парварда, бал мен сары маймен де қамтамасыз етейік. Сонда бикештердің міндеті – ас үй жабдықтарын көздің қарашығындай аялап, азық-түлікті граммдап, яғни мысқалдап жұмсау болсын, тұрмыс деген міне осылай мол әрі берекелі болсын! Таңғы ас пен түскі асты, бесін мен кешкі асты әзірлеу ас үйде өзіндік бір рәсімге айналсын, бүкіл отбасы мүшелерін дәмді тағамдармен сыйлап, әйелдеріміз рахат пен тыныштыққа бөленсін, біз де тілімізден бал тамызып, оларды мақтайық! Ең басты ережені тағы бір қайталаймыз: әр затты көздің қарашығындай аялаңыз, бір ғана болса да, кесе сынбасын! Бір тамшы болса да, май жерге тамып, обалға қалмасын!
2. Шаруашылық құралдары. Ас үй бұйымдары әйелдердің қаруы болса, ерлерге шаруашылық құралдары қызмет етеді: кетпен, күрек, бұрағыш (отвертка), атауыз (плоскогубцы), ара, балта, балға, шот, сылағыш, сүргі, шеге суырғыш және осы сияқты заттар. Бұл қатарға темір ара, бау қайшы, шот, бұрғы, болгарка, қаңылтыр қайшы, кілттер жиынтығын да қосуға болады. Ер адам үйіндегі ақауларды – қабырғаларды сылауды, крандарды жөндеуді, құлаған, сынған, үзілген заттарды жөндей алуы шарт. Мұның бәрі, шындығында, оңай, тек аздап ынта мен зейін талап етіледі, болғаны сол. Әрине, ауласы бар үйде тұратын отбасы жердің әр сүйемін көгертіп, жайнатып қояды, бұл іске бас-көз болу да ер адамның міндеті. Ас үй бұйымдары өз сөресінде тұрғаны сияқты шаруашылық құралдары да бөлек бөлмеде сақталуы керек, өйткені әр қызметші құралды күтіп ұстау – оның қызметін марапаттау. Сондай-ақ қасапшылықта, яғни мал бауыздау ісінде де ер адамның тәжірибесі болса, жақсы, ондай тәжірибе жинақталса, мал сойатын пышақтар мен қайрақтарға ие болу да ұсынылады. Отбасында қажет болатын құралдар туралы сөйлестік, енді киіну мәселесіне тоқталамыз. Ақылы толысқан адам тар әрі ашық-шұбар түстерден сақтанады. Яғни жеңі ұзын, тым кең емес, салмақты киімдер киеді. Әйелдер ғана емес, ерлердің де өз білектері мен балтырларын ашық ұстаудан сақтануы әдептен саналады. Осы мағынада жазда да, қыста да жеңді киімдер, түсі байсалды әрі ашық киімдер әр адамға жарасады, сөзсіз, киім – талғам мәселесі, бірақ оның ауа өткізетін болғаны мақсатқа сай. Адалдық әр адамға қажет қасиет, бірақ ол өте аз адамда болады. Адал адам тіпті киімдеріне де адалдық сақтайды. Сапалы киім алып, оны ұзақ уақыт кию – қанағат пен адалдықтан. Әр маусымда жаңа киім алу онша дұрыс емес. Мұның екі себебі болады: сапасыз киім таңдалғандықтан, ол қызмет ете алмайды; екіншісі, киім сапалы болса да, жаңа нәрсеге құмарлық әлі нәпсі қалауларын жеңбегенінің дәлелі. Сөзсіз, үйге және көшеге арналған бөлек киімдер болады. Адам үйде киген киімін көп тоздырады, үй киімі тез ескіреді. Егер көше киімін де үйде кие берсе, ол өңі мен жаңалығын жоғалтады. Ал көшеге шыққан адам әдемі әрі жаңа киім кисе, орынды. Бұл арқылы ол адамдардың көзіне жақсылық жасайды, адамдар әдемі киінген адамды көргенде, жүректеріне еріксіз бір жылылық кіреді. Сондай-ақ мереке мен тойларға арнап та ерекше бір киім сақталса, жақсы. Өйткені адамдар мереке мен тойларда қуанады, әдемі әрі жаңа киімдер көңіл-күйді көтереді. Әрине, киімқұмарлық, өзін жылтыратып, әшекейлеуде шектен шығу қаншалықты жиіркенішті болса, өзін немқұрайды тастап кету, кір әрі жыртық киім кию, өзін кедей әрі бейшара етіп көрсету де соншалықты жағымсыз. Шаш пен сақалды ретке келтіру, мұскі сияқты хош иістерді пайдалану – қажеттілік. Жаңа киім киерде кіші жуыну, яғни мойын мен қолды сумен тазарту маңызды, бұл киімді таза ұстауға көмектесумен қатар адамнан жағымсыз иіс шығуының алдын алады. Ашық-шашық, жылтыр-жылтыр, тар-тырсиған киіну масқаралыққа жақын, құрметті адам кең-мол, бірыңғай түсті әрі байсалды, жабық әрі ұзын киінеді. Спортқа арналған киімдерді спорт пен үйге, ал көшеге жеңді көйлек пен шалбар киген орынды. Әйелдердің киіміне келсек, бұл белгілі мәселе – өзін құрметтейтін әйел бөтен көздерге өзінің көрсетуге болмайтын жерлерін көрсетпейді; жартылай жалаңаш жүріп, мұнымен мақтанатын ақымақтардың қатарында тұрмайды, өз еркіндігін немесе ой азаттығын денесін ашық көрсету арқылы дәлелдейтін дәрежеде надандық жасамайды. Сондай-ақ басына орамал орап, оған хиджаб деген ат беріп, белден төменін көз-көз ету сияқты кеселден аулақ жүреді. Қысқасы, киім – адамның ішкі әлемінің сырттағы көрінісі де. Енді әлеуметтік желі туралы тоқталсақ. Отбасында қажетсіз желілерде белсенді болмау, түрлі материалдардың астына эмодзилер қойып, түрлі сөздер жазудан сақтану басты ереже болуы керек. Жалпы алғанда, әлеуметтік желіден аулақ жүру, оны тек нақты мақсаттармен пайдалану ұсынылады. Ата-аналар балаларының қолына телефон бермеуі, берсе, үнемі тексеріп отыруы шарт. Ең бастысы, балаңыз вайнер немесе соған ұқсас топтың қатарына қосылып, бос істермен айналысып кетпесін. «Мұмтаз отбасы» рисаласында отбасында кездесуі мүмкін барлық мәселелерді қамтуға тырысып жатырмыз. Мұнда өзара жақын тақырыптарды жинақтап отырмыз. Бұл тарауда тұрмыстық бұйымдар, киіну және әлеуметтік желі тақырыптарын бір жерде зікір еттік. Өйткені бұл тақырыптар отбасының ішкі немесе рухани емес, керісінше, материалдық-тәндік мәселелерімен байланысты болып көрінді.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.