ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
ОТБАСЫНДАҒЫ ҒИБАДАТ
Ғибадат – адам рухының қуат көзі. Ғибадатсыз адамның рухы әлсіз. Ғибадат – Иесінің алдында пенденің бас иіп, өзін қауіпсіз әрі жайбарақат сезінетін сәті. Кез келген адам ғибадатқа мұқтаж. Ғибадат үшін үлгі көшеден емес, отбасынан алынса; ғибадат бөгделерден емес, әкеден үйренілсе, бұл ең дұрыс іс болар еді. Ғибадат – ең алдымен, жеке мәселе. Онымен біреуге міндет етілмейді, мақтанылмайды, ғибадат етіп жүрмін деп адам өзін басқалардан жоғары ұстамайды, ғибадаты үшін ешкімнен ешқандай артықшылық күтпейді. Бұл істердің бәрі ғибадаттың мәніне қайшы. Кім ғибадаты үшін өзін басқалардан бөлектесе, басқаларға берілмеген ерекше мәртебені күтсе, ғибадатты мақтаныш құралына айналдырса, оның жағдайы қалай болғанда да қауіпті сипат алады. Өзбек қоғамы ғибадат жөнінде білімсіздік пен дәрменсіздіктің тырнағында қалған. Ықыласпен ғибадат етушілер адамдардың ең жақсылары болса да, олардан қорқу, оларды қабылданбаған, артта қалған әрі қауіпті топ деп білу көңіл-күйі қалыптасқан. Мұның басты себебі – ғибадат жөнінде адамдардың өте үлкен бөлігінің іргелі негізгі білімдерге ие емес екендігі. Яғни адамдар ғибадат деген не және ол не үшін керек деген сұрақтың жауабынан бейхабар. Нәтижесінде, кісілер ғибадат ісіне көбінесе соқыр сеніммен келеді және ғибадат етіп жүргендердің күнкөріс пен мінез-құлыққа байланысты істері бір-біріне қарама-қайшы болып қалады. Мысалы, ғибадатты адамның ақша табамын деп өтірік айтуы, дөрекі әрі көңіл қалдырғыш болуы, тәкаппар әрі бәрін жоққа шығарушы болуы да байқалады, нәтижесінде ғибадатқа деген көзқарас одан әрі күрделене түседі. Адамның тәні топырақтан жаратылған болса да, оның тірі болуы үшін тәнінің 70 пайызы судан тұрады. Су – басқаруы қиын зат, сол себепті болса керек, адамның мінезі мен істерін бір қалыпта ұстап тұру машақатты. Адам күн сайын әрі әрдайым дұрыс істерді істей алмайды; әрдайым көңіл-күйі жақсы әрі күрескер бола алмайды; әрдайым жұмсақ әрі әдепті бола алмайды – оның іс-әрекеттерінде жиі жолдан тайып, жағдайы өзгерістерге ұшырап қалуы ықтимал. Сондықтан ол ғибадат етсе, Құдайға байланып, өзіне береке мен қуат жинайды, қателерін ұғады, өмірге құштарлығы артады, көптеген жамандықтардан тыйылуға ең болмаса тырысады, олай болмаса да, жамандықтары үшін өкінеді. Бұдан шығатыны: адамдардың ғибадатына кедергі жасау, олардың ғибадаты үшін жағдай жасамау қоғамның жалпы рухани тыныштығы мен бақытына нұқсан келтіреді; қоғамда рухани шиеленіс пен өзара келіспеушіліктерді күшейтеді.
Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағы мынау: ғибадат мағрифатпен бірге тірі. Бұл – адам ғибадатпен қатар оның мәні мен қажеттілігін үйреніп, білгенін қайталап, ғариф адамдардың сұхбатынан нәр алуы керек деген сөз. Мағрифат – ең алдымен пайдалы ілім, тіпті Хақты тану, адамдарды түсіну, сабырлы болу, шүкірді сүю, жақсылыққа ұмтылу, жамандықтан қашу, кішіпейілділік, қателерді мойындау, кешірімді болу, мейір-махаббатты қажет деп білу деген сөз. Мұндай қасиеттер Құдайды таныған адамда кемелдікке жетеді. Мағрифат үстінде пайда болатын ғибадат адамның екі дүниелік мақсаттарға жетуі үшін құрал бола алады. Демек, әр отбасы өз балаларын мағрифатпен таныстырып, ғибадатта берік тұратын адамдар болып өсуіне назар аударуы керек. Ұмытпау керек: мағрифатсыз ғибадат – надандық; ғибадатсыз мағрифат – өтірікшілік. Ғибадаттарды орындамас бұрын оларды көрсетілгендей атқаруды дұрыс дереккөзден үйрену қажет. Ол үшін имамдардан көмек сұрау керек, шын ниетпен сұралса, ешкім бұдан бас тартпайды. Заңда он сегіз жасқа дейін діни білім алуға немесе жеке діни білім беруге тыйым салу сияқты тармақтар не оған белгілі бір жазалар бар. Мұндай тармақтар, мұндай жазалар ғибадат пен мағрифаттың үйлесімі болмағандықтан және адамдардың ғибадаты мен иманына қатысты сезімдерін пайдаланып, саяси мақсаттарға жетуге тырысу болғандықтан, заңға мәжбүрлі түрде енгізілген деп ойлаймыз. Бірақ ешкім адамның Құдаймен болатын қарым-қатынасына және оған қатысты ілімге ұмтылу жолына кедергі бола алмайтыны – ашық шындық. Ғибадат ілімдері меңгерілген соң, оларды өз уақытында кешіктірмей орындау керек. Сондай-ақ отбасында түрлі дұғаларды мағыналарымен жатқа білу, істерді әрдайым осы дұғалармен бастау да ұсынылады. Себебі дұғалар Құдайдың рұқсатымен адамды түрлі күтпеген мұсибеттерден қалқандай сақтайды. Адам әр қадамында дауыс шығармай – осынысы абзал делінеді – дұға оқыса, әр ісінде Құдайдан көмек сұраса, шайтан мен жындардың жамандықтарынан аман болады. Ата-аналар балаларына ғибадат үйреткенде, баланың ғибадаттан жалығып, оны мәжбүрлі әрі жағымсыз іс деп елестетіп қалуынан сақ болуы керек. Керісінше, ғибадатқа әдемі сөзбен шақырылады, бұл ерікті, сүйіп атқарылатын амалға айналсын. Кейбіреулер жасым ұлғайса, ғибадат етемін дейді екен. Немесе жасым үлкен болып қалды, ұяламын дейді екен. Немесе балалары намаз оқи бастаса, тақия киіп алса, алаңдап, бір ағымдарға қосылып кеттің бе дейді екен. Адам неше жасқа келсе де, ғибадат етпей жүрген болса, бастасын, ұялмасын. Баласы өз еркімен қызығып жүрген болса, бұған қуануы керек, бірақ қай дереккөздерден ілім үйреніп жүргенін тексеру, маһалла немесе қала имамдарымен кездестіру, рұқсатпен шыққан кітаптарды алып беріп, оны қолдау – ақылды әрі байсалды адамдардың ісі саналады. Егер өздері шетелдерге қашып кетіп, кейін күн көремін деп дінді саясат құралына айналдырған сатқындарды баласы тыңдап жүрген болса, мұны да қатаңдықпен немесе зұлымдықпен басу қиын. Керісінше, олардың қате екенін қоқан-лоқысыз мағрифатпен түсіндіру жолымен жүру керек. Шындығында, кез келген санасыз еліктеудің түбінде надандық жатыр, надандық қараңғылығын ілім күнімен жарықтандыру керек. Ата-ана – ұлы. Оның ақылы көп, тәжірибесі үлкен, осыған қарай баласына айқайлауы, оны күшпен бір нәрседен қайтаруы немесе бір нәрсеге итермелеуі мүлде жарасымды іс емес. Баласымен еркін әрі достық үнмен, оны жаныштамай, басын төмен түсірмей, екпінін сындырмай сөйлесу керек. Әр үйде, мүмкіндік болса, ғибадат үшін бөлек бөлме болуы мақсатқа сай және бұл бөлме ғибадаттарға арналған соң, оны басқа мақсатта пайдаланбау керек. Сонда сол бөлмеде береке мен тыныштық пайда болады.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.