ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ҚОНАҚҚА БАРУ, ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ КӨРШІЛІК
Бірте-бірте халқымыздың санасынан қонақ пен үй иесі ұғымы шығып бара жатыр. Кейбір өзімшілдер адамдарды қонақ етпе деп насихат та жүргізуде. Бірақ біздің мұндай өзімшіл әрі сатқын, отансыз әрі кебінсіз қаңғыбастардың сөзімен шаруамыз жоқ. Олар бүлік пен бұзақылық жасауды жалғастыра береді, ал біз қонақ күту мен қонақжайлылықтың мәні, оның әдеп-ахлағы мен салттары туралы сөйлейміз. Себебі адамдардың бір-біріне арнайы дайындалып тамақ пісіруі және бұл тамақтарды дастарқанға тартып, сол адамдарды қонаққа шақыруы аса маңызды тәжірибелердің бірі болып, оның әлеуметтік те, рухани да маңызы шексіз. Алдымен, бұл адамдар арасындағы ынтымақ пен татулықты нығайтады. Бұл – мейір-қайырымның, жүректердің жақындығының негізі деген сөз. Екіншіден, адамдарда жомарттық, қайырымдылық және жақсылық жасау қасиеттерін тәрбиелейді. Бұл өзімшілдіктен құтқарады. Тек адамдар ғана тапқан тағамдарын бөлісіп, жиналып, шүкір мен ашық жүзбен жейді. Жануарлар тапқан тамағын астына басып, ырылдап, ретсіз шайнамай жұтады. Қарны тойған соң, одан қалған сарқытқа басқа әлсіз жануарлар келеді. Адамдар қонақжайлылық арқылы жануардан ерекшеленеді. Қонақжайлылық – көшедегі бір асхана не мейрамханаға бір топ кісіні шақырып тойдыру емес, бұл – үйге шақыру және үйде дайындалған тағамдармен сый көрсету. Осы тарауда қонаққа бару мен қонаққа шақырудың әдептері туралы сөз қозғаймыз. Халқымызда «бір күн дәм татқан жеріңе қырық күн сәлем бер», «шақырылмаған жерге барма, шақырылған жерден қалма», «ер тілеген жерде қадірлі» деген мақалдар бар. Осы және басқа даналықтардан шыға отырып, қонаққа барудың ең маңызды ережелерін келтіреміз: 1. Шақырылған жерге міндетті түрде бару керек. Бара алмаған жағдайда бұл туралы үй иесіне кешірім айтып қою керек. 2. Шақырылмаған жерге бармау қажет. Көпшілік шақырылып, сіз шақырылмасаңыз, мұны дұрыс қабылдаған күйде қонаққа барылмайды. 3. Зиярат үшін болсын, той-томалақ үшін болсын, кез келген жерге барғанда ең болмаса, қолыңызда екі нан немесе бір уыс құрғақ шай болуы ұсынылады. Егер мүмкіндік болса, жақсылап базарлық көтеріп алу керек, халықта есікті теуіп ашу деген тіркес бар, яғни қойны-қонышы толып келген адам қолы бос болмағандықтан, келген аула немесе үйдің есігін теуіп ашуға мәжбүр болады. 4. Үй иесі көрсеткен жерге отыру, үйдің ішіне көз салмау, дастарқанға қойылған дәм-тұздан алып отыру керек. 5. Үй иесін мазаламау үшін кеш түспей кетуге рұқсат сұрау керек. Егер үй иесінің үйі тар әрі кішкене болса, қонып қалуға болмайды. Маңызды тұсы мынау: «келу – ерікпен, кету – рұқсатпен» деген нақыл бар. Мұның мағынасы: қонаққа барған адам біраз өтпей жатып, бір жоспарым бар, кетемін деп тыпыршымағаны жөн. Керісінше, қалыпты мөлшерде отырып, сосын әдеппен рұқсат сұрау керек. 6. Тамақтанған кезде дастарқанды таза ұстау, пісте-бадамды шағып жесе, қабықтарын ретпен үйіп қою, тағамнан кейін кесе мен ыдыстарды сүннетке сай майын жалап, тіпті шай құйып ішу керек.
Енді қонақжайлылық әдептерін баяндайық. 1. Қонақ ашық жүзбен қарсы алынады, қонақ келгенде үйде балалардың бірі қате жасаса, ешкімге ескерту жасалмайды. 2. Дастарқанға қонақтар үшін ең таңдаулы дәмдерді қою керек. Соңғы кезде өзбек халқының ең жақсы нәрселерді қонақ үшін, тіпті балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауын сынаушылар көбейген. Шын мәнінде, бұл – қонақтың құрметі. Бұл – баладан нәрсені қызғану емес, керісінше, балаға қонақтың қадір-қасиетін көрсету болып саналады. Бұл – ең жақсы нәрсені өзіне емес, басқаларға ұсыну туралы асыл ниеттің тәжірибелік үлгісі. Қорытындысы: қонаққа таңдаулы тағамдар дайындауда сараңдық жасау – ұят. Қонақтың құрметі де мол дастарқан арқылы білдіріледі. 3. Күтпеген қонақ келіп қалса, оған күтілген қонақтан да жақсырақ құрмет көрсетіледі. Ол ескертпей, шақырусыз келгені үшін ыңғайсызданып қалмасын. 4. Қонақтың жағдайына, көңіл-күйіне қарап, оны ұстап қалмау керек. Егер қонақ кешке келген болса, қонып қалуы үшін жағдай жасау, ғибадаттары үшін ыңғайлылық туғызып беру қажет. 5. Қонақ келгенде үйде дастарқанға қоятын нәрсе болмаса, тамаққа азық біткен болса, көршіден қарызға алып болса да, үй иелігінің шарттарын орындау талап етіледі. Қонаққа дастарқан жайып, бір кесе шай қоймау – асыл ниетке қайшы. Алдымен шай қойып, нан үзіп, сосын қонақтың келген шаруасына құлақ салу – дұрыс іс. 6. Қонақ кетерде қолына кішкене болса да сыйлық беру – ескі дәстүрлердің бірі. Сыйлықтың абзалы – ақша. Қонақ мұсафир әрі сәл қолы қысқа болса, жол ақысы болады. Әйтпесе, орамал не тәсбих, тақия не жұпар және тағы басқа нәрселерді сыйлап, қонақтың батасын алу керек. 7. Ең негізгі ережелердің бірі – қонақтың үш күнге дейін үй иесінде хақы бар. Қонақ кетемін демесе, үш күнге дейін ренжімей құрмет көрсетіледі. Неге келдің делінбейді. Төртінші күні таңнан кейін ашық түрде сұрауға көшуге болады. Сонымен, қонақ күтуге байланысты мәселелерді қысқаша ой елегінен өткіздік, енді көршілік хақтары туралы да сөйлейік. Бүгінгі көршілер ескі заманның көршілеріндей емес. Бұрынғы уақытта көршілер туыстан да жақын болған. Қазір қалаларда іргелес көршілер бір-бірін танымайды. Бір-біріне алаңдаушылық пен сенімсіздікпен қарау сезімі де бар. Көршіліктің бірқатар әдептері бар. Атап айтқанда, олардың кейбіріне тоқталып өтеміз: 1. Бір жерден аула немесе үй алмас бұрын көрші-қолаңды сұрастыру керек. Жақсы адамдармен көрші болған жақсы. Егер туысыңыз көршіңіз болса немесе көршіңіз туыс болса, нұр үстіне нұр. 2. Жаңадан көшіп келген көршіні дереу іздеп барып, көмек ұсыну керек: «Ассалаумағалейкум! Көрші, мен пәленшемін, мына жерде тұрамын. Сіз жаңа келіпсіз. Танысып алайық. Рақмет. Сізге қандай көмек бере аламын? Бір көмек керек болса, қысылмаңыз!» Егер өзіңіз көшіп барсаңыз, орналасып алған соң, көршілердің бәрінің үйіне кіріп, бір-бірлеп танысып, оларға шағын садақа дастарқанын жасап бересіз. Осы арқылы олармен жақыннан танысасыз. Әрине, жаңа көршінің үйіне қажетті заттармен немесе ақшалай сыйлықпен барылады. Көрші ақкөңіл әрі инсапты болса, Құдайдың рақымы. Егер жаман мінезді әрі ахлақсыз болса, сабыр етіледі және жақсы қарым-қатынаспен көңілін табу керек. Ешқашан көрші туралы жаман сөйлемеу керек. Жаман көрші туралы үнсіз қалады. Көрші той жасаса, қызметінде тұрасыз, көршінің үйінде аза болса, иық тіреп тұрасыз. Қажет болса, көрші үшін, көршінің қонақтары үшін өз үйіңізден бөлме бөліп те бересіз. Көрші бір нәрсе сұрап шықса, әлбетте, сұрауын орындау керек. Көрші мұқтажырақ болса, әрдайым көмек қолын созу керек, егер сіз бай болсаңыз, сіз де одан бір нәрсе сұрап тұруыңыз керек. Осымен сізге де оның керек екенін білдіресіз. Көршінің үйіне тамақ шығару – ескі дәстүрлеріміздің бірі. Ол үшін себеп болуы шарт емес. Бірақ мерекелерде міндетті түрде көршіге де сыйлық пен ас шығару керек. Мақсат – көршімен тату өмір сүру. Жақсы көршімен мұсибеттер жеңіл өтеді. Көршімен құндылықтарыңыз қарама-қарсы болған жағдайда, арақашықтық сақтайсыз, бірақ халін біліп, жақсылық жасай бересіз. Сыр бермейсіз және жамандығы, опасыздығы жетуінен сақ боласыз. Көрші алдаса, кешіру; көршіні алдамау; жамандық жасаса, сабыр көрсету; жақсылықта тұрақты болу; көршінің балаларын тәрбиелеу үшін қадағалау керек. Жақсы көршілік арқылы адамзат өте көп мұсибет пен бәледен құтылады. Жақсы көрші сіз кеткенде үйіңізді күзетеді; абыройыңызды қорғайды; ауыр күніңізде қолдайды. Көршісі бар адам жалғыз әрі бақытсыз болмауы керек. Көрші көршіге опасыздық жасамауы шарт. Әр отбасына жақсы көршілер нәсіп етсін және жақсы көрші болу нәсіп етсін! Бұл тарауда қонақтар мен көршілер туралы сөйлестік, бұл екі топ та кісілерден кеңдік пен мәрттік талап етеді, қонақ пен көршіні басқа көтеру – адамгершіліктен.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.