Күнәкарға хат
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
Кел, жанашыр. Сенімен бір мұңдасайық. Қымбаттым, мен періште емеспін. Періште болуға дәмем де жоқ. Қап-қара топырақтан жаратылған адамның ұрпағымын. Оның үстіне, тегім қандай сасық әрі жағымсыз судан. Басқаларды айыптау мен күнәкарлардан жиіркенуді зүһд иелеріне қалдырамыз. Олар бұл істі тамаша атқарады. Олар сені де, мені де масқара етуді, айып-күнәларымызды әлемге жайып, сөгіс шайындысын үстімізге төгіп, мүмкіндігі болса, тобырды жинап, алдымен таяққа жығып, итеріп-түртіп, кейін таспен ұруды қатты қалайды. Маңдайда сол болса, көреміз. Енді біз зүһд пен тақуалық иелері болған сол асыл тұлғалар сияқты тектілер әрі кәрамат иелері емеспіз, олар сияқты анадан жаңа туған нәрестедей пәк-таза емеспіз, керісінше, үсті-басымыз қоқысқа, балшыққа, зұлымдық нәжісіне араласқан бейшаралармыз. Тақуа иелеріне мінберлерді берейік, олар «қала Аллаһу» және «қала Расулуллаһ» деп ләззат алсын. Зүһд иелеріне қонақасылардың төрін және жиындардың тағын тапсырайық, уағыз-насихат айтып, мас әрі мәз болсын! Сол кәрамат иелеріне тобырдың шуылдап жүгіруін, етектері мен иықтарын тауап етуін қалдырайық, осыдан шексіз бір жеңілдікпен аспанда самғасын. Бізге аяқ асты мен табалдырықтар болсын, аяқ киімдерге араласып жатайық. Бізге харабат пен қирандылар тисін, өрмекші торларына оранып ұйықтайық. Көзімізге кісілердің біз саусақтары қадалсын, сөгістері мен балағаттары, жүздерін жиіркенішпен теріс бұрып, сен де адамсың ба деп өтулері болсын, ал біз ғаріп күйімізде үндемейік. Шындығында, бұл әлемнің жалған мерекелері мен жасанды салтанаттарының қайсысы бір шындықтан хабар береді? Кімнің сауабы мен тәубесін Құдайға ұнамды деп айта аласың, қай күнә мен бүлікті қабылданбайды дей аласың? Құдай сәждеге қойылған қай маңдайларды тозаққа үкім ететінінен, қай бүлікшіл мен күнәкарларды жәннатпен сыйлайтынынан нақты хабарың бар ма? Кескінінен айбын мен сұс жауғанның құлшылықтарын қабылдамай, болмысынан күнә лаулап, әр күні бүліктің қараңғылығында өткен бейшаралардың күнәлары ілаһи рақымға бөленсе, кімнің дәті барады, мұны қате деп айтуға! Жаратылыстардың көзіндегі қандай да бір мәртебе Хақтың рақымына кепілхат болмайтын екен, жаратылғандардың тіліндегі қай қорлауды тозаққа жолдама деп айта аласың?! Әй, күнәкар! Бір топ адамдар сапарға шықты. Жолдары ғажайып гүлзар мен бақтардан өтті де, кенеттен қап-қара әрі сасық бір батпаққа тап болды. Бәрі осы батпаққа құлады. Батпақтан бір амалдап шығып, біраз жүреді де, тағы балшыққа батады. Батпақтың ар жағынан әдемі киінген басқа адамдар олардың үстінен күліп, көмектескісі келмейтін және көмектессек, балшықтары тиеді деп жиіркенетін. Бұл жағдайдан балшыққа батқандардың көңілі қирайтын.
Сонда олардың ішінен біреуі «жақсылық та, жамандық та Құдайдан, уа Құдайым, бізді бұл батпақтан құтқар» деп қатты жалбарынды. Сонда Құдай оның көңіліне үміт пен қуат салды. Ол барлық батқандарға айтты: бәріңіз бір-біріңіздің қолдарыңыздан берік ұстаңыздар! Осылайша батпақтың ішінде бір шынжыр пайда болды. Бір-бірін берік ұстаған бейшаралар балшықтан құтылуға тырысатын, бірақ тағы құлайтын. Бұл азапқа шыдай алмай жылайтын, бірақ бәрібір қайтадан досының қолын ұстайтын. Олардың жылауы, жүздеріне дейін балшыққа батқаны, ауыздарының балшыққа толып жатқаны сәл жоғарыда кетіп бара жатқан тазалардың жиіркенішін қоздыратын. Өздерің кінәлісіңдер, сендер осы балшық жеуге лайықсыңдар деп оларға қарап түкіріп, өз жолдарымен ән айтып, шырқап жалғастыра беретін. Батпақтың ішіндегілерге де шексіз азаптардан кейін бақыт күліп қарады: олар жағаға жетті. Бір-бірлеп балшықтан шықты. Бірақ бәрі өте сасық еді. Жүз-көздеріне мүлде қарауға болмайтын. Сонда аспанды бұлт басты. Батпақтың шетінен өтіп, осы жерге келгендерді қайғы басты: қазір сел жауса, жолдар балшық болып, біз балшықта қаламыз ғой! Иә, сел жауды. Сел балшыққа малынған барлық адамды жуды. Олардың тәнінде бір зәре кір қалмады. Олар жалаңаяқ күйде межелі жерге рахат пен шаттықпен жүгірді. Ал батпақтың шетінен келгендер жаңбыр себепті пайда болған шалшықтар мен балшықтардан жиіркеніп, киімдері олар қаламаған түрде кірлене берді. Әй, күнәкар!
Хикаяның мәнін түсіндің бе? Гүлістанда рахат құрғандарды өз күйлеріне қалдыр! Көздерін харамнан тыйған сол зүһд иелеріне қарама, сен өзің сияқты күнәкарға қара. Мен де сенің бір түріңмін. Сол кәрамат иелерінен ешбір көмек күтпе, сен өзің сияқты харабат иелеріне жақында. Сенгін, әлбетте, бұл балшықтан шығамыз, сенгін, жауатын жаңбыр бізді тап-таза етіп қояды. Өзі тап-таза болу ештеңені шешпейді, Құдайдың рақымынан күдер үзбе, Құдайдың қаһарынан алаңсыз болма. Құдай мені күнәлардан тазартпайды деп үмітсіз болуың – Құдайдың рақымын өз істеріңнен кіші көруің. Құдай күнәларым үшін жазаламайды деп алаңсыз болуың – өз қылмыстарыңды Құдайдың қаһарынан үлкен санауың. Екеуінен де Алла сақтасын! Мен сені күнәдан құтқармаймын, тек ерте ме, кеш пе, бұл батпақтан шығатыныңа сенгін! Саған көмектесетін бір қол созылады, өте жақын арада! Тек тайсалма, сол үмітке қарай, сол үмітке жетелейтін жолдарға қарай жүр.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.