ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ЖЕСІРЛІК ЖӘНЕ ЕКІНШІ НЕКЕ
Күйеуі өлген әйел, әйелі өлген ер – екеуі де жесір деп аталады. Сондай-ақ күйеуінен ажырасқан әйел, әйелін тастаған ер де жесір. Бұл сөзге мағыналас ретінде «тұл» сөзі де қолданылады.
Кез келген ер немесе әйел адал жұбынан айырылған соң, қайта отбасын құруы ол үшін жақсы. Әрине, жалғыздықтың машақатына шыдау қаншалықты ауыр болса, ерлі-зайыптылық жүгін көтеру де соншалықты жеңіл емес. Бұл екі жағдайды теңестіру онша дұрыс көрінбейді – отбасын құрмау нәтижесінде адам ұрпақсыз қалады, перзентсіз өтеді, ақыры өмірін жалғыздық пен мұң-шермен аяқтау қаупі оның соңынан қалмайды. Отбасын құрған адамға Құдай бір жақсы бақыт сыйласа, яғни кім ердің иісіне де, әйелдің ашуына да шыдаса, мейірімді әрі қайырымды перзенттер өсіріп, олардың гүлдей әдемі, күндей жарқын жүздеріне қарап, жүрегі қуаныш пен шаттыққа толуы бар.
Жалғыздықтан гөрі отбасын құру артық көрінеді.
Біреу жалғыз өмір сүргісі келсе, шайтан мен нәпсінің азғыруларына жалғыз өзі төтеп беруі едәуір қиын. Сондай-ақ жалғыз басқа сөгіс тасы көп жауады.
Отбасын құру – ұрпақтың үзілмеуіне бір себеп, сондай-ақ ақыретке қор жинаудың мүмкіндігі. Жақсы перзент тәрбиелей алса, адам иманымен өлсе, перзенттің әр жақсы амалынан оған сауап барады. Әрине, жаман амалынан да азап шегуін жоққа шығаруға болмайды. Маңдайға жазылып, адамның өмірлік жары өлсе немесе ажырасса, біраз уақыт өткізіп, ойын жинап, өмірін жаңадан құруды бастауы абзал. Бірақ жесірлік кезеңінде адам өзін берік ұстағаны жақсы. Ер болсын, әйел болсын, жұп іздеймін деп өзін абыройсыз ететін істерге қол ұрмасын.
Тапқыр да тиянақты ерге, ұятты әрі ар-намысты, үй-шаруасына ұқыпты әрі адал әйелге әрқашан адал жұбы табылады. Керісінше, жеңілтек, қас-көзін бояп, өзін базарға салатындардың базары касад – оған тәрбиесіз адамдардың бәрі жезөкшеге қарағандай қарайды. Сол себепті күйеуі жоқ әйелдердің күйеу іздеп әр өткен еркекке сызылмай, өзін берік ұстап отыруы мақсатқа сай – әрине, оны қадірлейтін біреу келеді.
Айналадағылар жесірлерді сөгуден сақтанып, мүмкіндігі болса, оларды жақсы жұпқа жолықтыруы керек. Әрине, бұл теледидарда не радиода, не телеграм арнасында «маған күйеу немесе әйел керек» деп хабарландыру бер дегені емес. Бұл әдіс – намыс пен ар қабылдамайтын әдіс, бүгін кейбіреулер жеңгетайлықтың осындай виртуал жолын таңдап, күн көріп жүр екен. Біздіңше, есі бар адам мұндай арзан әрі төмен саудамен қарын тойдырмайды, бала бақпайды. Намысты әрі ар-ұятты ерлер мен әйелдер де мұндай сөрелерден өзіне жар іздемейді.
Жесір әйелдің үлкендері – ата-анасы, ағалары мен нағашылары, апалары мен тәтелері, аға-інілері оны қорғауы керек. Оның ыстық-суығына қарап, жақсы құда түсуші шықса, бас-көз болып, абыроймен ұзатулары қажет.
Жесір ердің жақындары бос отырмай, маңайдан оған пысық, ар-ұятты әйелдерді сұрастырып тауып беруі керек.
Тағдыр болып, отбасын құрған соң, егер өгей бала тәрбиелеу мойынға түссе, бұл жауапкершілікті абыроймен атқарған адам ұтады. Екінші рет үйленген ер де, әйел де сезімге берілмей, ақыл мен байсалдылықпен іс істеулері талап етіледі. Олардың бір-бірін аялауы, бір-біріне зұлымдық жасамауы, әсіресе әйелдердің айла-шарғыдан сақтанып, тәтті сөзді болуы абзал. Себебі олар жас бала емес, бір рет құрылған отбасы бұзылған немесе өлім болған, демек, шүкір мен сабырды ұстану керек. Олардың жақындарының да ерлі-зайыптылар бір-біріне біте қайнасып кетуі үшін материалдық болсын, рухани болсын жолмен көмектесуі – жақсы іс.
Ешқашан өгей балаға зұлымдық жасамаңыз, жетімді қорламаңыз, сондай-ақ өгей перзенттер де әкесінің не анасының артынан пайда болған өгей ата-ананы қорламасын. Қайта оларды да өз ата-аналарындай құрметтесін.
Басы бір рет қабырғаға соғылған ерлі-зайыптылар қайтадан қабырғаға бас ұрмасын.
Егер әйел күйеуінен шығып, күйеуге шыға берсе, ер де әйел алып, әйел тастай берсе, бұл оның ар-намысы үшін де, абыройы үшін де жақсылық емес. Ерлі-зайыптылық – ең алдымен, сабыр мен төзімділік деген сөз. Махаббат кейін келеді.
Бүгін заңда екінші әйел мәселесінде оң пікір айтуға тыйым салынған. Оны насихаттау қылмысқа теңестірілген. Сол себепті біз көп әйел алуды насихаттамаған күйде айтамыз: егер әйелдер өз еріктерімен біреуге екінші әйел болып тұрмысқа шыққан болса, өздерін кемсітілген сезінбесін. Әр некенің Құдай алдындағы мәртебесі бірдей. Күйеуге адалдық пен махаббатпен мойынсұнсын, Құдай кез келген сабырдың сыйын көркем етіп береді.
Әсіресе, қай бір ер ерлік жасап, екінші бір әйелді өзіне некелеп алған болса, ол да бұл машақатқа шыдасын. Екі әйелді жан-жақты тең ұстасын және әйелдерге зұлымдық жасап, Құдай алдында күнәға батпасын.
Екі немесе одан көп әйел алу ер кісі үшін ауыр жүк. Оның азабы мен ауыртпалығы көп. Бұл дүниеде бұл істің азабы орасан, соған қарап ақыреттегі сұрақ пен жазаны елестетуге болады. Себебі әйелдерінің арасында әділдік жасай алмаған еркек қиямет күні бір жағы сал болып тірілетін көрінеді.
Осы уақытқа дейін әйелін көбейткен инсапты еркектердің ешқайсысы бұл істі басқаға ұсынбаған. Бірақ ұмытпау керек: машақат неғұрлым үлкен болса, адам оған табандылықпен шыдаса, сыйы да соған сай келеді.
Сөзіміздің негізгі қорытындысы мынау: адам кез келген жағдайда, ер не әйел болуына қарамастан, отбасын сақтап қалу үшін күрессін. Әр адамның ойында «қандай шара қолдансам, қандай мінездің иесі болсам, отбасым тыныш әрі берік тұрады» деген ой мен алаң жүрсін.
Тек ақымақтар ғана отбасының қадірін білмейді, тек надандар ғана отбасының іргетасына балта шабады және тек арамзалар ғана біреулердің отбасына қол сұғып, бұзуға тырысады.
Акром МАЛИК



Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.