ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ОТБАСЫНДАҒЫ ӨЛІМ ЖӘНЕ ҚАЗА
Өлім әркімнің маңдайында бар. Көзді ашып-жұмғанша өмірдің соңы қасымызға келеді. Піскен жемістер қалай түссе, біз де солай түсеміз. Рахаттардың ауыруға, ләззаттардың азапқа айналуы – бар шындық. Біреу бұл өмірден көбірек ләззат алып қалуға тырысады, біреу көбірек бәһра алайын дейді. Кез келген байлық пен мансап, абырой мен құрмет, күш пен қуат өліммен бетпе-бет келеді. Тік жүрген бойлар садақтай иіледі, айқын тұрған жүздер сабандай сарғаяды. Жарқыраған көздерді тұман басады, көңілді елжіреткен сымбатты тұлғалар солып қалады. Мұсылман адам өліммен бәрі бітпейтінін біледі, керісінше, өлімнен кейін бәрі басталады.
Мұсылман адам рух аталған жаратылыс тәнді тастап кеткен соң, көзге көрінбейтін мәңгілік мекенде өмірдің жалғасатынына сенеді. Мұсылман адам мәйіттің тәнін де, рухын да құрметтейді. Осыдан келіп, отбасында қаза мен көңіл айту істері ұйымдастырылады. Адамның өлетіні белгілі болса, аузына су тамызылады. Жақындары оған қарап отырып, иман сөздерін айтады. Жан беретіні анық адамның басында Ясин сүресі оқылады.
Адам жан бергенде, көздері жұмылады, аяқтары жұптастырылып, ықшам етіп байланады, иегі жұмсақ матамен – орамалмен басына қосып таңылады, содан кейін хабар беріледі. Қайтыс болған адам туралы хабар бергенде «өлді» деп емес, «дүниеден өтті», «қайтыс болыпты», «пенде болыпты», «пендешілігін өтепті» сияқты сөздер қолданылады.
Қазаға ұшыраған отбасын дереу туыстар мен достардың көмегімен қоршап алу керек. Мәйітті жуушы, жаназа оқитын адам және қабір мәселесі тез шешіледі.
Отбасында біреу өлгенде, әрине, басқа адамдардың жүрегіне мұң мен қайғының келуі табиғи. Жақынын жоғалтқан адамның бір түгі де өзгермей тұруы мүмкін емес. Әрине, мұсибеттің Құдайдан екенін қабылдау – иманның талабы. Басқаша болуы сенімге мүлде сай келмейді. Бірақ жақын бір адамың топыраққа кірген сәтте айырылысу себепті ішіңнен бірдеңе шырт етіп үзіледі, өзіңді аспанда ілініп тұрғандай сезінесің. Бір жағынан айырылысу азабы, бір жағынан сол өлімге өзіңнің де жақын екеніңді сезіну адамды мұңайтады. Өлімнің демін жүзің сезеді де, кенет үнсіз қаласың.
Мұсылман адам өз дертін әлемге дастан етпейді, бірақ ішінен не өтіп жатқанын өзі жақсы біледі. Үйде соған сай бір ахуал қалыптасады: қаза болған үйде бәрі сыбырлап сөйлеседі; ешкім дауыстап күлу былай тұрсын, жымимағаны жөн; теледидар қосылмайды, интернетке кірілмейді, марқұмның құрметі үшін үнсіздік сақталады, марқұмның хақына тәһлил, тәсбих, истиғфар сияқты зікірлер айтылып, сауабы бағышталады.
Тағзия сөзі «азият» сөзінен шыққан. Қаралы үйге келгендер көңіл айтады: қайтыс болған адам туралы жақсы сөздер айтылады, көркем мінездері еске алынады, «Құдай сабыр берсін», «бәріміздің басымызға түсетін іс», «өткендерді Алла рахметіне алсын» делінеді.
Аза үйінде дүние сөзі айтылмайды, қажеттен артық сөйленбейді, көрші-көлем де бұл ережені қатаң сақтайды. Бірде бір жаман оқиғаға куә болған едік: кеше бір үйде бір адам дүниеден өткен болса да, оның көршісі бүгін даңғаза той жасады, бір жақта жұрттың бәрі көңіл айтуға келіп жатты, ал мына жақта сазгерлер даңғырлатып саз тартып, әншілер айқайлап ән салып жатты. Қаралы жандарға жасалған мұндай әдепсіздікті қандай сөзбен сипаттарымды әлі білмеймін.
Аза көңіл-күйі үш күн сақталады. Осы күндері, халқымыздың салты бойынша, қаза болған үйде тамақ та істелмейді. Көршілер тамақ алып шығады. От жағып, тамақ пісіру айырылыстағы адамның көңіліне сыймайды.
Үш күн бойы жұмысқа барылмайды. Бәрі үйде отырып, марқұмның хақына зікір айтады, Құран тиләуат етеді, нәпіл намаз оқып, сауабын бағыштайды, сондай-ақ көңіл айтуға келгендерді қабылдайды.
Қаза кезінде шектен шығу, айқайлап жылау, бетті тырнау, дауыс шығару мүлде жақсы іс емес. Қандай жағдайда да адам шектен шықпай, өзін қолға алуы керек.
Өлімнің қайғысы үлкен, айырылыстың жүгі одан да үлкен, бұл екі қасірет отбасының әр мүшесінің жүрегін күйдіреді, міне, осы сәтте келіп көңіл айту, көңіл сұрау – аса маңызды іс. Көңіл айтуға неғұрлым көп адам келсе, соғұрлым жақсы – қайғыны жеңу оңайырақ өтеді.
Отбасын тастап кеткендерді ұмытпау керек. Әр адам өткен марқұмдарды еске алып, әрдайым рухтарына сауап бағыштауы керек. Бұл істі күн сайын орындау қажет. Өткендердің жақсы істерін жастарға айтып, үлгі етіп көрсету көркем істерден саналады.
Қайғы адамға тән. Адамның қайғыға жалғыз өзі қарсы күресуі өте қиын. Сол себепті айырылысқа ұшыраған достарыңызды ешқашан жалғыз қалдырмаңыз. Қандай жағдайда да істеріңізді тастап, қасына барыңыз, жанында тұрыңыз, қайғысы жеңілдеуі үшін әрекет етіңіз. Кейде сөз емес, іс-әрекет жеткілікті болады.
Хазірет Айша анамыз радиаллаһу анһа былай дейді: «Ифк оқиғасы болды. Бүкіл әлем көзіме қараңғы еді. Сонда бір кемпір мені көруге келді. Ешқандай жұбату сөзін айта алмады, бірақ қасыма отырып, қатты жылады. Жылдар өтті, бірақ сол кемпірдің маған деген жанашырлығын ешқашан ұмыта алмадым». Жанашыр болған адамдарға абырой мен мәртебе болсын! Олардың жүрегін Құдай қайғыдан сақтасын!
Адамның сыртқы түріне қарап, мұнда бәрі жақсы екен, күйзеліп жатқан жоқ деп ойлайтын көрегенсіздерге шынайы адамдай күйіп-жану нәсіп етсін!
Акром МАЛИК



Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.