ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ
БАРШАҒА ҚАЖЕТТІ НАСИХАТТАР
Адам – хайуан емес. Қалай болғанда да, хайуан емес. Оның рухы мен хайуанның рухында айырмашылық бар. Хайуан нәпсісі мен жабайылығына ереді. Адам ақылы мен жүрегіне ереді. Хайуан – тәнінің қамында, адам – рухының қамында.
Рухының қамын жегендер хайуаннан ерекшеленеді. Адам тәніне азықты тірі қалуы үшін жегізсе, жеткілікті. Ол негізінен рухы туралы қам жеуі тиіс.
Рух – көктікі. Оның азығы да көктен түсірілген. Жер топырақтан, сондықтан оның жемісі жерден шығарылған.
Әрбір адам есін білген сәтінен бастап осы ақиқаттарды пайымдауы керек. Егер мұны терең түсінбесе, оның әрекеттері хайуанның әрекеттерінен айырмашылығы болмайды: жейді, ішеді, ұйықтайды, жыныстық қатынасқа түседі. Әрине, топтасады, топтасып жанын сақтауға тырысады, шабуыл жасайды, қорғанады, өз жұбын қызғанады және балаларын өмірге – аңшылыққа дайындайды. Бірақ ол рухының азығы көктен түскенін білсе, түсініп жетсе, өмірін соған қарай жоспарлайды, соған қарай құрады.
Кітабымыздың соңғы тарауында баршаға қажетті насихаттарымыз мыналардан тұрады:
1. Құдайдың алдына қайту – ақиқат. Қалай өмір сүргеніміз туралы есеп беретініміз – күмәнсіз шындық. Осы естен шықпасын.
2. Ырыздық жөнінде қатты күйзелмеңіз. Құдайдың бір есімі – Мусаббиб. Яғни әлемдерді себеп үстіне құрған Зат. Өмір сүру үшін барлық себептерді дайында – жұмыс істе, күш жұмса, дұға ет, бірақ нәтижені ешқандай себеп жасамағандай күт. Себептерді орында, бірақ Хаққа сүйен. Ырыздығым азаяды деп қорықсаң, ертең ырыздықсыз қаламын деп уайымдасаң, өміріңде бақыт пен тыныштық не екенін білмей өліп кетесің.
3. Бұдан былай қауіп тек адамгершілікке ғана емес, сонымен бірге ер мен әйелге төніп тұр. Мұның мағынасы мынау: енді ердің ерлігі, әйелдің әйелдігі ұмыттырылатын дәуір басталды. Мұны дажжал дәуірі десе де, диджитал дәуірі десе де болады, мәні өзгермейді. Енді шабуыл дінге емес, адамның фитратына бағытталады. Фитратты бұзу басталады, бәлкім, баяғыда басталып та кеткен.
Әлемнің ойшылдары бұл ақиқатты түсініп, дабыл қағуда, өкінішке қарай, өзбек қоғамының ойында бұл қауіптің көрінісі әзірге жоқ. Өзбек тілді ой иелері әлі күнге қарабайыр мәселелер жөнінде пікір таласып жүр және бұл таластардың мәнінде еркіндік, адам бостандығы бүркеуімен отбасы мен жынысты құртуға бағытталған әрекет көзге түсуде.
Ұлтты ояту немесе саяси белсенділік туралы емес, керісінше адамгершілікті сақтап қалу, әдеп пен ахлақ қорғанымен фитратты қорғау басты мәселеге айналғанынан бала ойлы шешендер бейхабар, ал хабарлары болса да, мәселенің сұсын әлі толық елестете алмай отыр. Сондықтан ер болған ерлігін, әйелдер әйелдігін қорғауға алсын, яғни ерлер ер адамға тән әдепті үйреніп, соның негізінде өмір сүруі тиіс. Әйелдер әйелге тән нәзіктікті мойнына алуы тиіс, әйелдікке тән қасиеттерден бас тартпасын.
4. Ақылға сүйеніңіз. Сезімдерді шетке ысырыңыз. Өйткені қазір сезімдердің пәктігі жоғалған. Сондықтан әрдайым тыныш болу үшін ақылды алға қою дұрыс көрінеді. Ақыл арқылы пайда мен зиянды ажыратыңыз: бір іске шешім қабылдамас бұрын оның материалдық және рухани зияны мен пайдасын өлшеп шығыңыз. Дүние мен ақыретті күйдіретін зиянды істерден қашыңыз.
5. Алысты ойлаңыз. Бүгін істелетін іс пен істелмейтін істің нәтижесін елестетіңіз. Қандай да бір істі кейінге қалдыру ертең үлкен шығынға әкелетінін анық көре біліңіз. Сабыр мен төзімді талап ететін істердің жемісі тәтті болады. Еңбектен қорықпаңыз. Тез байығыңыз келмесін. Асықпай бір істің үстінде ұзақ жылдар болыңыз, сол істен береке табасыз.
6. Сабыр мен ұстамдылықты берік ұстаңыз. Қандай жағдайда да тез сөйлеп жауап бермеңіз, сабыр етіңіз. Сізге қатты сөйлесе де, салмақты әрі байсалды тұрыңыз, мүмкіндігінше жымиыңыз, ешқашан ұтылмайсыз. Өмірде біреудің артықшылығын дәлелдеу шарт емес, зиян мен қорлықтан аулақ болу маңызды. Біреудің өзін артық әрі биік ұстауы өте күлкілі. Күлкілі күйге түспеңіз.
7. Инсап пен қанағатқа сүйеніңіз. Біреуге еңбекақы берсеңіз, инсап етіңіз. Барға қанағат етіңіз. Көбін қалаймын деп жүгірмеңіз. Аз нәрсемен де өмір сүруге болады. Басқалардың көлеңкесіне қарап, өзіңізге тон пішпеңіз.
8. Құдайдың құлдарынан қорықпаңыз. Сізді қорқытуларына жол бермеңіз. Хақыңызды тартып алуларына келіспеңіз, шарттарды бұзып, айла-шарғымен сіздің хақыңызды жеуге ешқашан жол бермеңіз. Адал хақы үшін күрескенге Құдай жар болады. Адал хақын алдырған қорқақты қорлық күтеді.
9. Аз сөйлеңіз. Көп сөйлеген тек абыройын жоғалтады, тіпті ең әдемі әрі ең ақиқат сөздерді де азырақ сөйлеу керек. Тәніңізді ашып жүруден қаншалықты ұялсаңыз, көп сөзден де сонша ұялыңыз.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.