АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ОТБАСЫН ҚҰРУ
Үшінші бөлім
Құда түсу
Ескі замандарда жаушылар: «Табалдырығыңызды сыпыруға келдік», «Құлдыққа келдік», – дейтін еді. Қызы бардың назы бар деп, қызы бар үйдің шарттары мен паңдығына төзген. Әрине, әр істің өз жол-жоралғысы бар. Бұдан он бес жыл бұрын болса керек, «Өзі үйленбеген жаушы» деген телехикая шыққан еді. Тағы әлдебір киноларда құда түсу мазаққа айналдырылды. Анда-санда түрлі сахналарда мұндай кеселдер әлі де көзге түседі. Құда түсу деп аталатын іс түрі мен жаушы деген адамдардың мәртебесіне де нұқсан келгендей көрінеді. Бір отбасының көз қарашығындай өсірген қызын барып, алып келу оңай немесе өздігінен болатын іс емес. Ол үшін, заманауи тілмен айтқанда, дипломатия қажет. Отбасы – кішкентай әрі қуатты мемлекет, қыз алу – осы мемлекетпен мәңгілікке байланыс орнату. Ол үшін ең алдымен құда түсу дипломатиясы іске қосылады. Жаушылар және құда түсу – бұл қызы бар шаңырақтың құрметі, қыздың қадір-қасиеті болып саналады. Құда түсу – сөзтасығыш (телефон) арқылы бітетін іс емес, үдерісті осылай шешуге тырысу – нағыз надандық. Құда түсудің бірінші кезеңі – кімді келін ету мәселесінде нақты шешімге келу. Пәлен маһаллада қыз бар екен, суретін көр; бір барып келейік; оқуына барып келейік және т.б. сөздер мен тәсілдер дұрыс емес. Келін, яғни ұл үшін өмірлік жар – бір өмірлік, бәлкім ақыретте, жұмақ үйлерінде бірге болуы тиіс серік таңдалуда. Бұл іс мал базарында мал сатып алудан жер мен көктей айырмашылығы бар іс. Үміткер туралы нақты шешім қабылданғаны жақсы: «Осы қызды келін етеміз». Ұлға да осы қызды алудың орынды екені негізделіп берілуі керек. Қызбен кездесуге барар алдында жігіт үйленемін деген берік бір ойда болса, тиянақсыздық пен шешімсіздіктен аулақ болады. Кездесу деген үдерісте жігіт қызға ұнады ма, жоқ па – соған көбірек назар аударылуы керек. Бұл мәселеге сөзіміздің жалғасында тағы тоқталамыз. Екінші кезеңде қыздың үйіне кімнің жаушы болып баратыны шешіледі. Құда түсуге ата-ананың бірден бармағаны жөн. Өйткені қыз жағының қабыл алуы немесе қайтаруы белгісіз, егер қайтарылса, ата-ананың беделі үшін онша жақсы жағдай болмайтындай; бірден келісім берілуі болса шындықтан өте алыс. Аға-нағашы сияқты салмақты туыстар, сондай-ақ маһалланың және отбасының жақыны болған, ел арасында құрметті бір кісінің де жаушы ретінде таңдалғаны жақсы. Үшінші кезеңде жаушылар қызы бар үйдің есігін қағады. Мәселе маңызды болғандықтан, бірінші баруда ер адамдардың жаушылығы әйелдердің жаушылығынан артық тұрса керек. Өмір саудасы отбасы бастары тарапынан шешілгені жөн. Әрине, тез арада келісеміз, қызымызды береміз деген сөз алғашқы сұраудың өзінде айтылмайды. Бұл өте сирек жағдайда орын алады. Қыз жағына жаушылардың сөзі, үміткердің өзі туралы мәліметтер жылы көрінсе, тағы бір келіңіздер, ақылдасамыз деулері керек. Халық арасындағы кейбір салттарға сәйкес жаушылар әкелген сыйлықтардың қабыл алынуы осыған ишара саналады. Шын мәнінде, келіңіздер, көреміз деудің өзі істің айтарлықтай алға жылжығанының дәлелі. Егер қызымыз жас деп ешқандай ыңғай берілмесе де, құда болу шешіміне келген жігіт жағы келесі жолы тағы бірінші рет келгендей қайта баруы мүмкін. Төртінші кезеңде бұрынғы жаушылар тағы келеді. Бұл аралықта қыз жағы күйеулікке үміткерді мұқият зерттейді. Осы жолғы сапарда жігітті бір көрейік деген ұсыныс беріледі. Жігіттің қыздың үйіне келуі мәселенің бітуге жақын қалғанына ұқсайды, бірақ бұл жағдайда да қыз жағында бас тарту құқығы толық сақталып тұрады.
Жігітпен қыз жағының әкесі, аға-нағашылары, басқа салмақты адамдар жақсы әңгіме құрады. Күйеулікке үміткерге шектен тыс қысым жасамай, еркіндік беріледі; қандай сұрақтардың жауабы қызық болса, сол сұрақтар қойылады; күйеудің әрбір қимылы бақыланып, талданады. Бұл кездесу күйеудің маңызды естеліктерінің біріне айналғаны жақсы. Яғни әйел алу ойын емес екенін жігіт бүкіл болмысымен түсінсін. Үйлену – мүлдем басқа адамға айналу. Үйлену сені маңызды тұлғаға айналдырады. Жігіт ұнаған соң, оның қызбен кездесуі ұйымдастырылады. Бұл – екі намахрамды киноларда көрсетілгендей мазақ бір шараға тарту емес, әрине. Кездесу – қыздың үйінде екі жастың бір-бірінің жүзін, сыртқы келбетін көруінен, рұқсат болса, қандай да бір қарапайым сұрақ арқылы дауысын естіп көруінен және соған кеткен қысқа минуттан тұратын үдеріс. Өйткені қыз бен жігіттің қандай екені – сапасы мен мінезі ата-ана тарапынан тексеріліп болған және оң шешімге келінген, енді жастардың көзі бір-біріне түсіп, жүрегі сәл дір ете қалуы керек еді, болғаны. «Өткен күндер»де Отабектің Кумушқа үйлену үдерісіне қарасақ, тарихымызда тіпті осы да болмаған екен. Мойынсұнғыш ұл мен мойынсұнғыш қыз ешқашан ата-ананың еркіне қарсы бармайды. Олар ата-ананың парасатты шешімдерін қабылдайды. Біз бұл жерде дұрыс отбасылар туралы айтып отырмыз. Баласына жақсылық жасауды ойламайтын өзімшіл ата-аналар немесе надан әрі соқыр балалар туралы емес. Осылайша, қыздан жігіт туралы сұралады, ұят қыз бала үшін бірінші орында; оның иә, ұнады, тиемін деп ата-анасына айтуы өте табиғатқа жат. Егер бұл біреулер үшін бүгін табиғи болса да, ақиқат өзгермейді: ата-анаға бақырайып немесе басқа бірдеңе болсын, күйеуге тиемін не тимеймін деу – тек бетсіздік. Сондықтан қыздың мұндай нәзік сұраққа үнсіз қалуы, қызарып, ұялып кетіп қалуы – мұның бәрі қыз балада табиғи түрде болады, оны ойдан құрастыру мүмкін емес – міне, осы келісімнің белгісі. Жігіт пен қыздың бүгін кең таралғандай сағаттап сөйлесуі шын мәнінде мәнсіз құбылыс. Өйткені бұл сөйлесу ештеңені шешпейді: жігіт пен қыз бір-біріне сүзіліп, не деп ант ішсе де, не деп келіссе де, бұл сөздердің өмір бойы ешқашан орындалмай қалу ықтималдығы тоқсан тоғыз бүтін оннан тоғыз пайыз ақиқат. Өйткені шәһуатқа тұтқын жастар бұл жерде өздерін бір-біріне көз-көз етумен әуре болып, өтірік сөздерді үйе береді. Ертең тұрмыс кезінде бүкіл бос сөздері естен шығып, бір-бірін тұншықтыра бастайды. Өйткені тәрбие мен тектің қасиеттері тілден шыққан әдемі сөздерге көп жағдайда сәйкес келмейді: тәрбие мен тектің қасиеттері өзін тұрмыс барысында көрсете береді. «Үмбет үшін бала табамын!» – деген қыз тапқан баласын емізгісі келмеуі немесе өзің қара деп ерінің қолына ұстатып қоюы мүмкін. «Сені басыма көтеремін», – деген жігіттің ертең әйелін аяққа таптауы түк емес. «Мен тазалықты сүйемін! Мен тазалықпен егіз туғанмын!» – деген қыздың лас бөлме мен иіс басқан асханаларда да ұйықтай беретін болып шығу ықтималдығы жоқ емес. Және т.б. Анасының бірнеше баланы дүниеге әкеліп, ақ жуып, ақ тарағанын көрген, май төгілсе жалағандай таза үйде өскен қыз түрлі сөздерсіз-ақ үмбет үшін бала табады және пәк өмір сүреді. Әкесінің анасын құрметтегенін көрген жігіт даңғаза уәделерсіз-ақ әйеліне қандай мөлшерде қарым-қатынас жасау керектігін біледі. Бұл мәселеде қорытынды жасайтын болсақ, жас жігіт-қыздардың отбасын құру мақсатындағы өз бетінше кездесулері, керексіз хат алмасулары, ұзақтан-ұзақ «романтикаға» бай былшылдасулары – бір тиынға тұрмайтын істер. Керісінше, бұл оларға тек зиян әкеледі: тойдан кейін не толқу бар; не бір-біріне ентігіп ұмтылу бар. Өйткені олар тойға дейін ұяттарының көбін шашып, барлық дерлік пәк сезімдерді күйдіріп жойып қойған. Енді бір-бірінен жалығу немесе ахлаққа қайшы басқа істермен, әдепсіздіктермен айналысып кетулері де түк емес.




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.