ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР
Үшінші бөлім
Ердің әдебі
Ер адам үшін ең бірінші мәселе – не үшін өмір сүріп жатқанын шешіп алу. Егер бұл мәселе сенімді әрі нақты шешілмесе, кез келген қағидат пен әдеп ережесі нәтиже бермейді. Ер адам мұсылман ретінде өмір сүруді өзіне таңдап алған болса, демек, Ислам нұсқауларына сәйкес баратын мекені туралы нақты тоқтамның иесі болуы талап етіледі, әрине. Ер адам мына сұрақтардың жауабын ұзағы жігіттік шағында-ақ – үйленгенге дейін шешіп қоюы шарт. «Не үшін өмір сүріп жатырмын? Өмірдегі басты міндетім неден тұрады?» «Қалай өмір сүрсем, дұрыс болады?» – бұл жерде сүйікті кәсіп таңдау, сүйікті өнерді меңгеру және тағы да қандай да бір сезімдер, тұрмыстық арман мен тілектер балалықтан басқа нәрсе емес екенін ер адам байыппен білуі керек. Адам баласы өзі қалағандай барлық материалдық мақсаттарға жете алмайтынын ұғыну – ақылдының ісі. «Өлімнен кейін халім не болады?» Мәселен, адам өлгеннен кейін рухтар әлеміне өтетінін, дереу бұл дүние өміріне сай азапқа немесе рахатқа кезігетінін білсе, бүкіл әлемнің ісі бітіп, қиямет қайым болған соң, амалдардың есебі күмәнсіз анық екенін ұқса, өмір жоспарын соған сай құру – жөн адамның ісі. Бұл мәселе нақты шешілген соң, ер адамның отбасындағы екінші мінезі – қызғаныш пен иелік сенімі: «Отбасы менікі. Әйел менікі. Балалар менікі. Мен олар үшін екі дүниеде де жауапты әрі міндеттімін. Отбасымдағы әрбір оқиға менің мойнымда – жақсылығы да, жамандығы да маған тиесілі». Әйел – Құдайдың күйеуге берген аманаты, бұл аманатқа күйеу ие болады – оны қолдан шығарып алмауға тырысады. Бұл ең бірінші кезекте әйелге талақ сөзін қолданбау. Үйленген соң талақ сөзі сөздіктен, ажырасуға болады деген ой ақылдан шығарылады. Әйел менікі және оны ешкімге бермеймін деген ой жүрекке, нәпсіге, ақылға мықтап орнығады. Бұл ой арқылы әйелге талақ айту уәсуәсасы толық кетеді. Талақ айтылмаса, отбасы кез келген жер сілкінісіне төтеп береді. Ақымақ әйелдер талағымды бер деп айқайлауы мүмкін, олардың ақымақтықтарына ермеу, олардың бұл ақымақ талаптарын орындамау керек. Ұмытпау шарт: әйелді алдың ба, ол сенікі; оның өз әкесінің үйінде қандай тәрбие алғанын ұмыт; саған ешқашан дайын кемел әйел келмейді; сен оны жылдар бойы аялап, әдеп пен ақыл; көрегендік пен төзім жағынан кемелдікке жеткізесің. Әйелді айыптама. Ол саған бағынышты болуы үшін де осындай нәзік жаратылған. Егер оның қателері көп болмаса, саған не үшін мойынсұнуы керек? Кемістер кемелдерге кемістігі үшін мұқтаж. Ер адам салқынқанды әрі байсалды болады. Сөгіс беру және жазалау істерінде еш асықпайды. Әйелдің кейбір айыптарына көз жұмылады. Айтылмайды. Әйелімен өте көңілді болып кеткен кездерінде де салқынқандылық пен ақылды жоғалтпаған жақсы – сонда артық сөз тілден шықпайды. Ер адам сыр сақтауға міндетті. Ата-ананың да, аға-інілерінің де, туыстарының да, әйелдің де сырын сақтауы шарт. Өз ата-анасынан, аға-інісінен, апа-қарындасынан наразы болып, шағымдану соңында өте үлкен жоғалтуға апарады: сол сәттен бастап әйел күйеуін өзі білмеген күйде менсінбеуді бастайды. Ер адам алысты ойлайды – әрбір сөз, шешім мен істің салдарын терең талдайды: «Қазір осы сөзден кейін қандай жауап (реакция) болады? Бұл шешімді шығарған соң, оны жүзеге асыру мүмкін бе? Бұл істің салдарынан қандай нәтиже шығады?» Осы мағынада әйел талап ететін нәрселерге, сұрайтын істерге нақты әрі кесімді жауап бермеуі, талаптардың бәрін орындамауы, ойланып көреміз деумен шектелуі мақсатқа сай. Ер адам әйелдің қалауларына қарай уақытты қалыптастырмайды, қайта, өз жағдайы мен мүмкіндігінен шыға отырып, әдеп пен инсапқа сүйеніп уақытты реттейді: әйел қанша уақытта анасының үйіне барады; қанша уақытта жаңа киім киеді; қанша уақытта оған гүл немесе тәтті сыйға тартылады; қанша уақытта демалу үшін бау-бақшаларға барылады – осылардың бәрін күйеу бақылайды.
Әйел басындағы күйеуді сезінуі, ешқашан дербес шешім шығаруы мүмкін емес екенін білуі және соған сай өмір сүруі керек. Әйел көңілі қалаған нәрсені тезірек қолға түсірсем дейді; жағдайды есепке алу, мүмкіндікке қарау есіне келмейді; мәселелерді шешуде тек үстірт қарайды – бұл ерекшеліктерді ер адам білуі шарт. Әйел жүйкесі тозса, толқыса, надандық танытса, ер адамның солай істеуі шарт емес. Арадағы мәселе жанжал, балағат, төбелеспен шешілмейді. Әйелдің ақылы қалаулары орындалмағандықтан әлсіреп қалса да, жанжал кезінде күйеудің ашуын келтіру үшін қасақана істеуі де ықтималдан тыс емес. Сондықтан күйеу ақылды жоғалтпауы, жайбарақаттық пен сабырлылықты қолдан бермеуі – дұрыс іс. Сонда әйел алдындағы адамның қаншалық ұлық екенін және өзі оның алдында қаншалық әлсіз әрі кішкентай екенін сезініп, бағынады. Күйеу талдау мен ойлау арқылы әйелдің ойлауын, ақылын өсіруі керек. Ол үшін өзі соншалық ойлы әрі әйел алдында сабырлы болып, жоғары мәртебеде тұруы талап етіледі. Күйеу өзі мен әйел арасындағы айырмашылықтарды біліп алғаны өзіне пайда. Күйеу ақылды, сабырлы – әйел ақылын жоғалтатын әрі асығыс. Күйеу әр сөзді ойланып сөйлейді – әйел ойланбай сөйлейді. Күйеу қатесін мойындауға қабілетті – әйел қатесін мойындамайды. Күйеу бір жақтан келген сөзге сенбейді, әсіресе әйелдің барлық ақпараты дұрыс емес екенін біледі, өйткені әйел заты қарым-қатынасы мен хабарларына өз елестетуін, толқуын және жек көру мен махаббатын қосады – әйел әр хабарға дерлік шынымен сенеді; тіпті бір-біріне қайшы сөздерді де рас деп ойлайды; әйелді сезімге толы нәрселер – көз жасы, музыка және сол сияқтылар тез сендіреді; естігенінің әсерінен шыға алмай қалады; естігенін дәлел ретінде басқаларға да жеткізе береді; кінәлі болса да, өзін ақтай береді. Күйеу сұрақтарға асықпай жауап береді; ойланып пікір білдіреді; істерін байсалдылықпен атқарады – әйел сұрақты естісе болды, түсінуі де шарт емес, жауап береді; пікір білдіруден бұрын да, кейін де ойланбайды дерлік; істерін тез әрі мақтану үшін істейді. Күйеу берік, күшті, мейірімді, рақымды – әйел берік күштің алдында иілгіш; мақсатқа жету үшін өтірік құрап, айла жасайтын; мейірім мен шапағатты ұмытып қоятын. Кейде басына кіріп алған нәрсені қоя бермейді. Әйелдің басты мақсаты – күйеуін баурап алу, күйеуді таңғалдыру, одан мақтау есту, күйеуден ілтипат пен мейірім көру. Бұл факторларды ұғып, күйеу мақтауды да, таңданысын да, ілтипат пен мейірімін де жоспармен жұмсауы керек – шектен тыс жұмсақтық нәтижесінде әйел ешқандай жақсы сөз бен ілтипатты қадірлемей қояды; өзі бейхабар күйде күйеуді құрметтемеуге өтіп кетеді. Әйелдің қасынан шықпай отыру, онымен бәрін сөйлесу күйеудің зиянына жұмыс істейді. Бәрінде өлшемге амал ету талап етіледі. Күйеу әйеліне қалтасындағы ақшасы, алатын айлығы, табатын табысы, қарыздарының мөлшері, болашақтағы жоспарлары; телефонының кілті – коды; баратын жері, достары және сол сияқты нәрселер туралы айтпаса, тек пайда табады. Өйткені мұндай мәліметтер әйел адамның ойын шатастырады; ашуланған кезде қай сөзді айтып жатқанын ұмытып, не десе соны айтатын кездерінде осы нәрселерді де базарға салып жібереді. Күйеу әйелдің барлық сөзіне назар аударады, бірақ жауап бермейді. Бірақ әйелдің сөздерін есте сақтауы керек, өйткені бұл сөздер арқылы әйелдің мінезі, табиғаты, ойлары қандай пішін алып жатқанын, көңіл-күйі қалай өзгеріп жатқанын талдайды, соған сай ілтипат пен назар көрсету стратегиясын құрады. Осылайша, ер адам әйелді толық басқарады; әйелдің ықпал аясына түспейді; әйелінің сезімі мен ақылын толығымен өзіне бейімдейді; әйелді тірек немесе материалдық көз ретінде пайдаланбайды, яғни оның жұмыс істеуін, өзіне материалдық көмек беруін талап етпейді; әйел балшық болса, ер – қалып; қалып қандай болса, кірпіш сондай пішін алады.
Кейде кейбіреулердің әйелге демеу беру керек деген сөздерін немесе ұлы ердің артында ұлы әйел тұрады деген философиясын естіп қаламыз; күйеу соншалық рухани қуатты, ақыл жағынан кемел, мінезі темірдей берік болуы керек, оның болмысы мен көзқарастары әйелге демеу болсын; күйеу жақсы тәрбие берсе, әйел оның аяғына тұсау емес, қайта, ұлы істері үшін көмекші де болуы мүмкін, бірақ күйеудің бұл жағдайда да өз мәртебесі мен әдеп ережелерінен шығып кетуге құқы жоқ. Кез келген әйел күйеуінің әмірлерін орындауға қабілетті. Бір бүлік шығарар, екі бүлік шығарар; бірақ күйеу асықпай, байсалдылықпен, өз ойы мен әмірінде берік тұрып, жалғастыра берсе, әйел, әрине, күйеуге бағынудан басқа амал таппайды. Әйелім маған бағынбайды деу – ер адамның сөзі емес, әйел күйеудің барлық әмірлерін толық әрі кемел орындайтын қабілетке ие емес қой. Кейбір шала істеріне үндемейді; әйел өлшемді кемшіліктері бар болғандықтан әйел. Егер ол күйеу қалағандай кемшіліктен ада болса, онда ол әйел емес, ер болып қалады ғой. Керексіз әрі көп ашу күйеудің абыройына теріс әсер етеді. Әйелге орынсыз ашуланбайды, керісінше, оның нәзіктігінен шыға отырып, мейіріммен қарайды. Күйеу әйеліне: «Сенің басты міндетің – отбасын гүлдендіру, абаттандыру!» – деген идеяны сіңіруден тоқтамауы шарт. Бүгінгі әйелдер осындай тәрбиеге мұқтаж. Күйеу әйелі туралы анасынан немесе апа-сіңлісінен еститін мақтауға қуанып, шағымдарға ренжімесін; олардың сөзіне қарап әйелге қарым-қатынасын өзгертпесін; немесе керісінше, әйелдің сөзіне сүйеніп, ата-анасына, аға-інілеріне, келіндеріне, апа-сіңлілеріне қатысты қарым-қатынасы, ойлары өзгермесін – екі тарап та әйел затына жатады; олардың бағалаулары анық әрі айқын кемшін және біржақты болып, барлық пікірлерінде әйелдің сезімдік қатынасы жасырынған; ер адам осы нәрсеге тұтқын болып қалмауы; әр жағдайды ақыл талдауымен тексеруі керек. Күйеу әйелдің тізімі бойынша үйге базарлық жасайды, бірақ өзі жеке азық-түлік есебін жүргізуге жауапты – әйел адамның ысырапқа жеңіл қарауы түк емес; артық тамақ пісіріп бүлдіру, қоқысқа тастап жіберу, күріштерге құрт түсуіне жол беру сияқтылар болмауы үшін ер адам базарлық өлшемін жақсы меңгерсін, өйткені үй шаруасын тым молайту нәтижесінде ысырап көбейіп, отбасы берекеден айырылуы мүмкін.
Кейбір күйеулер әйелден жұмыс істеуді талап етіп, әйел тапқан ақшаны қалтаға ойланбастан салады екен. Мұндай күйеулер әлдеқашан күйеулік тізімінде жоқ. Әйел күйеуге тиемін деп, әйелге тиген екен. Әйел жұмыс істеймін десе, Құдайға ғибадатты, күйеуге қызметті, балаға тәрбиені тындырғаннан кейін басқа ер немесе әйелдерге бас имейтін, дербес түрде атқарылатын жұмыс істеуі жөн болар. Әрі өз күйеуіне, әрі басқа еркекке бас ию соншалықты қисынды жағдай көрінбейді. Әйел өмір бойы жалғыз еркекке – өз жұбайына бас иіп өмір сүрсе, ол шынайы ханшайым, ол шынайы патшайым, ол еркін – азат әйел, ол асылзада. Бірақ өз күйеуі қалып, басқалардың әмір-пәрменіне мүләйім тұру, ең алдымен, әйелдің табиғатына және күйеудің намысына сай келмейтіні туралы ойланып көру керек сияқты. Ерлі-зайыптылар бір ұжым болып өмір сүретін болса, олардың неке шартымен құрылған одағы Құдайдың алдында жазылған болса, күйеу әйелге өз орнында қатаң, өз орнында ілтипатты болуы табиғи. Бұл тәжірибелер үшін күйеудің шебер саясаткер болуы талап етіледі. Күйеумін, бір отбасымыз деп түрлі әдепсіздіктер мен ақымақтықтар жасамауы, кезі келгенде өзін тежеуі, барлық оқиғаға ақыл мен сенім, байсалдылық пен сабыр көзімен қарауы шарт. Әйелдің қатесін айтқанда тәтті тілді әрі батыл болу керек. Жұмсақтықтың артындағы батылдық әйелдің нәпсісіне ұнамаса да, жүрегін баурап алады.
Әйел ұзақ уақыт күйеуімен өмір сүргенде, оның ақылы молаяды; көрегендігі тереңдейді; жауапкершілікті сезіне бастайды; өзімшілдіктен құтылады; бірте-бірте нәпсісі емес, ақылы басым түсе бастайды; күйеуден әсерленудің нәтижесінде одан да ақылды кеңестер, жөнді ұсыныстар шығады – бұл нәрсені күйеу назардан тыс қалдырмауы және орынды деп табылса, іс жүзінде қолдануы мүмкін. Күйеу қатаң боламын деп отбасын түнек пен қараңғылық қылмасын; бәрінің үні өшкен, бәрі бір-бірінен безген бір мекенге айналдырмасын; сондай-ақ мейірімді әрі кеңпейілді боламын деп отбасын цирк немесе масқарахана қылып қоймасын – отбасы тыныш, мейір-махаббатқа толы; әдеп-ахлақ амал етілетін; бәрі бір-бірін сүйетін; бәрі ұмтылатын шаңырақ болсын. Қорыта айтқанда, күйеу – әйелдің иесі, оның тәрбиешісі, оның бақылаушысы, оның досы; балаға қандай сақтықпен қарым-қатынас жасаса, әйелге де солай қарым-қатынас жасағаны жөн; отбасының ғимаратын берік ұстау барлық жағынан дерлік күйеуге байланысты; күйеу барлық жауапкершілікті иығына алады; шеберлік пен амал; көрегендік пен батылдық; төзім мен даналық; саясат пен басшылық арқылы әйелді, түптеп келгенде, отбасын ұстап тұрады. Біз күйеу әйелді еркелетсін, сыйлық берсін деген тұрмыстық мәселелерге тоқталмадық, табиғатында ерлік кемел түрде бар болса, бұл істі әрбір ер адам көрегендігімен істей береді, базарға салу шарт емес.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.