ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Өзбек тілінен аударма · Түпнұсқа
ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ АЖЫРАСУ
Бұл тарауда қалам тербеу оңай болмады. Себебі мәселе өте нәзік. Рисаланы жазудан мақсатымыз – ажырасулардың алдын алу және отбасы беріктігіне қол жеткізу. Сол себепті ажырасу тақырыбында сөз қозғау өте жауапты болды. Өмір сондай қатыгез, біз отбасылар қаншалықты тату әрі ынтымақты болсын десек те, ажырасулар болып жатыр. Демек, ажырасудың себептері мен салдары туралы белгілі бір білім қалыптастыруымыз керек. Ажырасуға жол ашпау үшін. Алдымен қандай себептер туындаса, ажырасу туралы ойлауға болатынын талдап көрейік. Егер әйел күйеуіне үнемі дұшпандық көңіл-күймен жүрсе, оның мал-мүлкіне зиян-залал келтіре берсе, сабыр етудің мүмкіндігі қалмаса, белгілі бір шаралар қолданылады. Көпті көргендер, ел басында жүргендер қазір ешбір отбасы тамақтың жоқтығынан, кедейліктен ажыраспай жатыр, керісінше, тоқшылыққа шыдай алмай ажырасуда дейді. Әрине, ажырасу тәжірибесіне мүлдем тыйым салу мүмкін емес, сондай-ақ ажырасуды насихаттау, яғни мәселенің шешімі ерлі-зайыптылар арасындағы неке түйінін шешіп жіберуде деген үгіт те ақыл мен логикаға, ең бастысы, мақсатқа қайшы. Сонымен қатар, ер мен әйел арасында мәселе туындаса, ол қандай түрде болуына қарамастан, оны физикалық-қаржылық шаралармен жою да дұрыс көрінбейді. Жәбірленуші әйелдердің құқығын қорғаймыз деп соқыр сезіммен заңдар мен ережелер әзірлеп, оны қоғамға жеделдетіп енгізу көзделген нәтижені бермейді. Шын мәнінде, қандай нәтижені көздеп отырғанымызды да біліп алуымыз қажет.
«Күйеуіңе құл болма, өзің болып қал, сен күң емессің, армандарыңа жет, сен бала туатын инкубатор емессің, енеңе қызмет ету міндеті жоқ» және осы сияқты сөздер қаншалықты біржақты әрі қате болса, «Ғақ дегенде әйел қолға қонсын, әйелдің бір айтқан сөзін істеме, әйелді бұрап ал» дегенге ұқсас сандырақтар да мүлде дұрыс сөз емес. Мақсат – ер мен әйел тыныштық ішінде, рахат құшағында өмір сүріп, балаларды дүниеге әкеліп, адамзат өмірі мәңгі қалуы үшін үлес қосу; әлемде адамгершілікті сақтап қалып, рақым мен мейірімді кеңінен тарату. Егер ерлі-зайыптылар тыныш өмір сүрмесе, ажырасады; әр ажырасу екі тарапта да терең жара қалдырады; перзенттер болса, олардың рухани кемтарлығы бір бөлек, сонымен бірге ахлақтық тапшылық ішінде өседі, жеткілікті ахлақ алмаған бала болашақта жат қылықтар жасаушы болады. Құдай көрсетпесін, некесіз туған балалар болса, олардың көп жағынан кемшілікті болу ықтималдығы үлкен. Бұл да жақсы әрі лайықты тәрбиенің жоқтығымен байланысты. Ата-анасыз өскен, әке мен ананың тәрбиесін толық көрмеген балалардың эмоционалдық тұрақсыз, рухани мүгедек, жауапсыз болып қалуы жиі байқалады, әсіресе, олардың арасынан қылмыскерлер де көп шығады. Қоғамда жат мінезді әрі эмоционалдық бұзылған адамдардың саны неғұрлым көбейсе, жалпы өмір салты соғұрлым бұзылады – адал мен арам, инсап пен діянат қалмайды; адамдар арасында жабайылық, екіжүзділік, жалғандық, сатқындық және барлық бұзық індеттер гүрілдеп өршиді. Нәтижесінде, адамзат өмірі қауіп астында қалады – рухани және тәндік бұзылған ұрпақтар қырыла бастайды, бұл өз-өзінен болмайды, алдымен қоғам қартаяды – қарттар саны көбейеді, жас жұмыс күші болмайды, көбею азаяды, аурулар нәтижесінде, сондай-ақ эмоционалдық және ақыл-ой жағынан дамымаған, мінез-құлық пен мәдени тәрбие алмаған адамдар түрлі қылмыстар, жол апаттары арқылы өлімді көбейтеді. Яғни кәрілік, науқас, күйзеліс пен өлім көп, жастық, саулық, көтеріңкілік пен өмір сүру аз. Бұл жағдай бірте-бірте адамзаттың тәндік жағынан қырылып кетуіне жол ашады. Олай болса, отбасын сақтап қалу барлық жағынан аса маңызды. Отбасында ерлі-зайыптылар ұрысып қалса, дереу бірге тұрмаймын, ажырасамын деп ойлай бастауы, сол үшін әрекет етуі – түсініктің жетпеуінен, ал оларды бұған ынталандыру нағыз опасыздық саналады. Керісінше, ерлі-зайыптылар барлық мәселені сыртқа иісін шығармай, өздері шешсін, бұл жерде олар бір-біріне сабыр етуі керек, әсіресе ер әйелдің сезімге беріліп, неше түрлі сөздер айтуына төзімді болуға міндетті. Өйткені әйелдегі сезімнің басымдығы ақыл-ой пайымы мен логикалық қорытындыны әлсіретіп жібереді. Кейде қыздар адасып, нашақорға күйеуге шығып қалады; кейде еркек надандыққа құл болып, мүлде түзелмеген күйде әйеліне тынымсыз зұлымдық жасауы мүмкін; кейде әйел бетсіз әрі арсыздарша күйеуінің қанын ішуі, күйеуіне сенбеуі, күйеуінің мал-мүлкіне саналы түрде зиян келтіруі, күйеуінің абыройын үнемі төгуі, күйеуін құрметсіз етіп қорлауы, ешбір насихатты – не жақсы, не жаман сөзді қабылдамауы мүмкін. Иә, осындай әйелдер бар: күйеуінің мүлкін сақтамайтын, күйеуінің тапқанын шашып, оны жан-жақтан қинайтын әйелдер көп. Олар күйеуінің ыстық-суығымен қызықпайды, олар өзімшіл әрі қараниет. Міне, осындай жағдайда ажырасу соңғы шара болуы мүмкін. Бұл жағдайда да кісі дербес шешім қабылдамасын. Ешқандай дүрбелеңсіз (паникасыз), біреуді жерге ұрусыз кезең-кезеңімен істерді атқаруы керек: 1. Әйел кісі жағдайдан үлкендерді хабардар етеді. Үлкендер – ата-ана, нағашы-ағалар – күйеуді насихатпен ескертеді. Бұл насихаттар бірнеше рет жалғасады. Әйел ешбір зұлымдыққа жауап бермейді, тек зұлымдық тоқтамаса, ата-анасы немесе аға-інісінің басшылығымен ажырасу әрекетін бастайды, бұл ретте имам-хатибтердің көмегіне сүйенген жөн. Бәрі бірдей келісіп, ажырасу шешімі қабылданса, абыройға қайшы істер, надандық әрекеттер жасалмайды – тыныштықпен сол іс атқарылады. 2. Егер әйел сөзге көнбесе, ұзақ уақыт насихат айтылады; кейін онымен төсек бөлек етіледі; кейін бөлме бөлек етіледі; тағы ұзақ мерзімдер беріледі; әйелге әдепсіздіктердің салдары жақсы болмайтыны байсалдылықпен қайта-қайта түсіндіріледі; әйел мүлде түзелмесе, зиянкестігі мен былапыттығын қоймаса, тілін бес қарыс етіп шағыстыра берсе, истихаралар жасалып, жұмсақтықпен соңғы шешім қабылданады. Егер перзенттер болса, оларға жағдай айтылады: «Біз енді анаңмен бірге тұра алмаймыз, шамасы...» – делінеді. Балалар да ақылды, олар осы уақытқа дейін бәрін бақылап келе жатқандықтан бәрін жақсы түсінеді. Ең негізгі ереже – ер болсын, әйел болсын, ажырасса, зұлымдық пен надандықсыз, тыныш әрі сабырлы күйде бұл істі атқарулары шарт. Шариғат ғұламаларынан сұралса, олар талақтың бидғат және сүннет түрлерін түсіндіріп береді. Соған сәйкес, сүннетке жататын раджғи талақпен ажырасу ұсынылады. Бидғат және баин талақтан сақтанған жөн. Бұл тыныш әрі жұмсақ әдіс ерді де, әйелді де тәрбиелеп қоюы мүмкін. Әйел былапыт әрі тәрбиесіз болса да, мұндай жұмсақтық оны инсапқа келтіруі, тәубе етуі де ықтимал, нәтижесінде, қайта неке қиылып, отбасы қалпына келуі әбден мүмкін. Егер олай болмаса, екі тарап та балалардың хақын сақтауы, олардың ата-анадан нәсіп алуына, қажетті тәрбие алуына жағдай жасауы керек, баламды көрсетпеймін деген сөздер – шектен шыққан надандық. Екі жаққа бөлінгендер кейін өз шешімдерін өздері қабылдайды, өздері жаққан бұл отта ұзақ уақыт жанады. Сол себепті айтамыз: тіпті құстың ұясы бұзылмасын! Құдайым барлық отбасыларды берік етсін және ешбір отбасында ажырасу деген сөз ешқашан естілмесін! Отбасын кейде сырттағы надандар да бұзуға ұмтылады, олардан сақ болу, ажырас дейтін кез келген адамнан алыс кету шарт. Ондай адам не адам кейпіндегі шайтан, не шайтанға құл болған бейбақ. Оларға Құдайдың лағнеті жауады. Сабырдың ең көркемі – ерлі-зайыптылардың бір-біріне сабыр етуі және бір-бірінің ұсақ қателерін кешіріп жіберуі, анау-мынау кемшіліктерге көз жұмуы.
Акром МАЛИК




Пікірлер
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болып пікір жазыңыз.